» » Мені түсінде көрген қыз үшін...

Мені түсінде көрген қыз үшін...

  – Аты жаман, айықпас дертке ұшырағандар бақытты – деді ол. – Әрі кетсе бірер жыл тән азабын тартады. Көп дегенде үш-төрт жыл. Өтеуі – мәңгі бостандық.
Өзін бақытты санайды екен. Мен болсам сырқатпын. Адам төзе алатын шамадан әлденеше есе қатты ауырсынудың барлық формаларымен. Ал тән ауруы сәтке болсын сол дертімді ұмыттырар еді. Қарапайым тұмаудың өзі. Болмаса, шылым тарту. Арасын үзбей бірнешеуін. Сосын жүрегің айниды. Интоксикация әсерінің күшті болғаны сонша, кеуде тұсыңның өртене сыздағанынан басқа ештеңе сезінбейсің. Ең бастысы, тән азабы мейлінше ұзаққа созылса болғаны.
Осылай отырып уақыт өлтіремін. Ары-бері өткен жұрт таңырқай қарайды.
Мен мәтіндер жазамын. Барлығы жақсы болатыны туралы. Алда барақат өмір, байыпты тірлік күтетіні жайлы. Бірақ олай болмайды. Дәл осы жан ауруы тағы қаншама уақытқа жалғасатынын білемін. Амалсыздан жазамын. Жалған екенін білсем де. Өнердің тылсым құдіреті деген осы. Өнер жасайтын да сол, өмірдің өткінші қызығына алдану, өтірігіне сену.
«Мына өмір күл түсіндей күлгін деп өлеміз бе?» Расымен де, дүние күл түсіндей күлгін екен. Ешқандай аллегория жоқ. Тура солай. Егер ішіңді жеген күйігің болса, айналамен арада ауасыз кеңістік орнайтын сияқты. Сосын бәрі күлгін тартады.
Қызық... Ол өзінің сырқат екенін алғаш білген кезде жылады ма екен? Елестету қиын. Жыласа да, қорыққаннан емес. Анасы үшін ғана. Онда да, бірер тамшы жас. Дұрысы, дәрігер шығып кеткенше күткен болар. Солығы басылған соң анасына ұза-а-ақ түсіндірген шығар. Сәл кейінірек, жағалауға барғанда маған айтып бергені сияқты.
Мен онда судағы көше шамдарының сұлбасын қызықтап тұрғам. Ол от ала келгендей асығыс еді. Иығына қол артсам лезде кері шегінеді. Онысына ыңғайсызданып, ақталған адамша үздіксіз сөйлей береді. Сол кезде оның сөзін бөлмегенім үшін әлі өкінемін. Бірақ үнсіз тыңдадым. Тіпті қарсы сұрақ қойып, әңгімені әдейі создым. Елітіп тыңдағаннан емес, уақыт өткізіп, өз ойыммен қала тұру үшін. Бар өкінішім де сол. Онымен барлық кездесуім осылай өтті. Ең алғашқысынан бастап.
Бір танысым бар еді. Сал ауруына ұқсас бірдеңемен ауыратын. Қолы өзіне ие бермейтін. Әрі аяғын сылтып басады. Менде ондай ештеңе болмаса да, онымен таныстығымның арқасында маңызды бір нәрсені ұққам. Яғни, сенің ішкі күйіңнің сыртқы көрінісі – шартты рефлекс ғана. Екеуінің бір-біріне қатысы шамалы. Есесіне, мен енді ішімді тырнап жатқан дертті анық сезе тұра, көптің арасында күле сөйлеп, еркін жүре аламын.
Бірде ол мұрнының қаны күні бойы тыйылмағанын айтқан. Сол түні түс көріп, беймезгіл ояныпты.
– Кеше екеуміз мектептен бірге қайтып келе жатыр екенбіз – деді. – Тура баяғыдай. Жол ортасында сені таба алмай қалыппын. Иесіз бір үйдің табалдырығында жылап отыр екем. Сенсіз үйге қалай жетем? Сосын шошып ояндым.
Қыз атаулыға көрген түстері барлығын күні бұрын сездіретін сияқты.
Алда тағы бір түн тұр еді. Менің түнім. Менің уақытым. Түн деген шегі жоқ ұзақ нәрсе. Әйтеуір бір таң ататыны анық болса да. Еркін тыныстауға болады. Тіпті, жаныңдай жақсы көрген адамыңның санаулы күндері қалғанын да ұмытуың мүмкін. Өйткені ештеңе сезбейсің. Ең шынайы сезімнің бәрі бала кезде қалып қойған. Ал ол болса әлі күнге дейін иесіз бір үйдің табалдырығында жылап отырған сияқты. Баяғы мені жоғалтып. Расымен де, егер жол ортасында мен әлдеқайда жоғалып кетпесем, екеуміз қол ұстасып мектептен үйге қайпас па едік?
Мен оның түсіне көп енетінмін. Әсіресе соңғы кездері. Тағы бірде екеуміздің бір сыныпта отырғанымызды көріпті. Екі жақта, сыныптың екі алыс бұрышында. Бір бірімізбен мүлде араласпайтын болып келіскен екенбіз. Өзгелермен де солай. Мектеп асханасында да бөлек отырыппыз.
Ол ең қорқынышты түстері жайлы айтқан кезде де күлімсіреп тұратын. Өлім туралы айтса да, сол қалпынан айныған емес. Мен болсам өлімнің не екенін ешқашан түсінген емеспін. Уақыттың бірқалыпты ағынын да сезіне алмаймын. Мен үшін өткен күн, қазіргі сәт пен ертең ғана бар. Сондықтан жылдар бойы көрмеген адамның өзін сағынбаймын. Көрген соң да кеше ғана кездескен адамдай қарсы аламын. Тірілер санатында жоқ адамды бір апта бойы көрмеген адамым сияқты қабылдайтыным да содан шығар.
Тек онымен бірге жағалауға барған кездерім есімнен кетпейді. Ол екеуміз бірге жүрген кездердің әрбір сәтін ұмытпайтын. Қай жерде отырғанымызды, қашан не туралы айтқанымыздың барлығын білетін. Солардың бәрін есіне түсірген сайын жылайтын. Ал мен екеуміздің соңғы кездесуімізді ғана ұмытқан жоқпын.
Сол түні жарық таңға дейін жанып тұрған. Палатаның ұсқынсыз қабырғаларын мейлінше анық көрсеткісі келгендей. Ал ол әлсін-әлсін ауырсына ышқынады. Мұндай кезде ол жанекпінмен жұдырығын түйуге тырысады. Мен оның алақанын ашып ұстап отырмын. Түтікке үздіксіз тамып жатқан сұйықтық тамырына кедергісіз енуі үшін. Бір қызығы, хал үстінде жатса да, қолында алапат күш бар сияқты. Тіпті әл берер емес. Ал өзі бәріне көндігіп, тағдырға бойсұнған адамның көзімен қарайды.
Ауаны қарпып, қайта-қайта жұтынып әзер дем алады. Өкпесі сырылдап әр шығарған демі соңғы тыныстай қорқынышты естіледі. Шамасы, әлдене ішін тырнап жатса керек, тістене ауырсынып, ыңырсып қояды. Есімін атап шақырсам да елемейді. Тәнін тастап, өзі басқа палатаға кеткен сияқты. Әйтеуір бұл маңда емес. Біраздан соң тіпті кірпік қағуды қойған.
Бүкіл әлем түпсіз түнек пен осы палатадағы жарықтан ғана тұратындай сезінгем. Ол талығып барып ұйықтап кетті. Оның қолын қысып ұстаған күйі таңға дейін отырыппын. Сол кішкентай қолдардың соңғы қуатын үздіксіз тартып алып жатқан тағдырға өкпелі едім. Адамның жаны мен тәнін жалғап тұрған көрінбейтін тіндердің үнемі беймезгіл үзілетініне назаланғам.
Ал қайғылы хабар көп күттірмей, араға үш күн салып жеткен. Өлім өзінікін алып, менің қаңыраған кеудемде ашу-ыза ғана қалған еді. Сол кезде мені үнемі түсінде көретін қыз үшін алғашқы және соңғы рет жыладым. Шарасыздықтан. Сосын оның иен қалған ескі үйдің табалдырығында жылап отырғанын елестеттім. Ол менсіз үйіне қалай жетеді?
30 тамыз 2018 ж. 659 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031