Шайпұл: мәдениет әлде мырзалық?

Бұл өзі қашан, қайда пайда болған ұғым? Бұған байланысты деректер әртүрлі. Кей мәліметтерге сүйенсек, ХVIII ғасырдың 30-жылдары пайда болған көрінеді. Ол кезде голландиялық көпестер тұманды альбион еліне шай таси бастайды. Бірақ шайдың бағасы өте қымбат еді. Сондықтан оны байлардың ғана қалтасы көтеретін. Олар шайды арнайы түстен кейінгі мезгілде ашық аспан астындағы шай бақшасында гүлдердің ортасында, әсем әуеннің ырғағымен баптап ішкенді жақсы көретін. Үстелдерде «To Insure Prompt Service» (TIPS), яғни, «жылдам қызмет көрсету үшін» деген жазуы бар қорапшалар тұрады екен. Ыстық шайдың тезірек әкелінуін қалаған адам осы қорапшаға ақша тастайды. Шайпұл беру осылай пайда болған.
Француздар шайпұлды «пурбуар» деп атаған. Ол ішу үшін деген мағына береді. Азия, Шығыс елдерінде «бакшиш» дейді және оны ашық сұрауға рұқсат етіледі. Юниондар елі, яғни, гректер «филодорима» – «достық сыйлығы» деп атаған.
Саяхаттауды жақсы көрсеңіз, шайпұл қалдыруға байланысты әр елдің ережесі бар екенін білген артық етпейді. АҚШ-та даяшыға шоттың 15-25%-ын, ал, Бразилияда 10%, Швецияда 5-10% қалдыру керек. Мұндағы пайыз мөлшері шартты түрде әрі кем дегенде дегенді білдіреді, әйтпесе даяшының қызметі көңіліңізден шықса, одан да көп мөлшерде қалдыруды келушінің жомарттығы шешеді. Ал, жапондықтар мен австралиялықтар шайпұл ұғымын түсінбейді, мұнда үстелге ақша қалдыруға тыйым салынған, оны даяшылар өзін төмендету деп ұғынады. Австрияда шотты үш рет сұрағанда әкелмесе, төлемей тұрып кетуге құқылысыз. Шайпұл – мәдениет әрі мырзалық өлшемі.
Ж.САҒИДА