ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – МАҢЫЗДЫ ІС
Статистикалық мәліметтерге сәйкес Қызылорда халқының 24 пайызын жастар құрайды. Байқоңыр қаласының жастарын қоса есептегенде облыста 14 пен 29 жас аралығында 190101 азамат тіркелген.
– Үстіміздегі жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға облыс бойынша жергілікті бюджеттен 650 млн. қаржы бөлінді. Қаралған қаржы есебінен жастардың түрлі әлеуметтік бастамаларын қолдау мақсатында 42 әлеуметтік тапсырыс орналастырылды. Өткен жылы ҚР қоғамдық даму министрлігі тарапынан республика бойынша тиімді әлеуметтік жобалардың тізімі іріктеліп, өңірде жүзеге асырылатын жобалар ішінен 5 жоба басқа облыстарға үлгі ретінде ұсынылды, - дейді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
Өңірдің даму жоспарында көзделген негізгі индикаторлар бойынша жастардың 14-29 жас аралығындағы қанағаттану деңгейін 93 пайызға жеткізу көзделген. Бірінші жартыжылдық нәтижесінің өзінде бұл көрсеткіш орындалды.
Жастар саясаты мәселесінің негізгі басым бағыттарының бірі – аймақта жастар жұмыссыздығын азайту. Бұл мақсатта жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Рекрутинг» орталығы арқылы әр түрлі меншіктегі 20-дан астам кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған. Өткен жылы 316 жұмыссыз жас құрылысшылар жасағының құрамына тартылса, қазіргі таңда құрылыс жасағына 47 жас жұмысқа тартылып, жыл көлемінде 300 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда.