» » Бесік баласы БЕС түлейді

Бесік баласы БЕС түлейді

    Уақыт тым жүйрік. Қусаң да жеткізбейтіндігі сол, Сыр елі ақпарат айдынында алғашқы жастардың жаршысына айналған «Ақмешіт жастары» газетінің желкенін кергеніне де 5 жылдың жүзі болыпты. Әрине, бес жыл дегенің көп уақыт емес, әйтсе де осы жылдың ішінде басылымның өзіндік бет-бейнесі, бітім-болмысы, ұстанымы қалыптасып үлгерді. Кіл жастардан құралған шығармашылық топ қоғамдағы келеңсіздіктерді, ұлттық, әлеуметтік, жастардың ойындағы шетін мәселелерді қаламының қуатына айналдырды. Түрлі тақырыпта тың ойлар қозғап, оқырманының оясынан шықты.
Мен тақырыпты неге «Бесік баласы БЕС түлейді» деп алдым? Бұл мақалды әркім де біледі. Қызық болсын, осыны қазақтар киелі құс санаған аққумен байланыстырып көрейін. Аққу әдемі құс болғандықтан, жалпы ақ түсті болып келеді, жұрт сұлулыққа теңеген. Қазақтың әдемі қыздарын аққуға теңейтіні де сондықтан. Әрі қос қанаттылардың ішінен жұптасып өмір сүретін бірден-бір құс екені де белгілі. Осы аққу үш-төрт жасқа дейін ақ емес, сұр қу (егер осылай айту мүмкін болса) боп өсетін көрінеді. Түсі көктен, көгілдірден гөрі күлге не шаңға аунатып алғандай сұрғылттанып тұрады. «Бесік баласы бес түлейді» деген мақалға сай ол да үш-төрт түлеп барып, шын аққуға айналады екен. Міне, «Ақмешіт жастары» да, өзіміз жарыққа шыққанынан бері куә болып жүргеніміздей, бес жасына оң-солын таныған, мән-мазмұны мағыналы, ұстанымы айқын, қоғамдық жағдайдың ақ-қарасын ажырата білетін, жұбы жазылмаған жастардың ауызбіршілігі бар, түрленген, түлеген күйде жетіп отыр.
Өз басым жастар басылымының осы бес жылдың ішінде тізгінін ұстаған 3 бас редактордың да «Халықтан» шыққанын мақтан тұтамын. Жазуында өзіндік өрнегі бар танымал журналист Айжан Абдуллаева «Ақмешіт жастарының» өз үні мен айтар ойын қалыптастыра білді. Ал, кезінде «Халықтың» қызы» деген атты иеленген, тіліп айтатын, турасын айтатын оттылығы бар Назерке Саниязованың да жастардың жаршысын барынша түрлендіре түскеніне тәнтімін. Сондай-ақ, әу баста жауапты хатшылыққа келіп, бертінде бас редактор болған Дастанбек Садықтың да менің шәкіртім, бір айтары бар, жазары бар, тыңнан түрен салатын тапқырлығы бар талантты журналист бола білгенін мақтанышпен айтамын. Сөз жоқ, осының өзі «Ақмешіт жастары» үшін «Халықтың» ұстахана болғанын айғақтаса керек. Мен осыған қуанамын.
Осы жастар басылымында азды-көпті қалам тербеп, қазіргі таңда басқа газетте, телеарнада жүрген Дәулет Қырдан, Мәди Құрманәлі, Елжас Әбділда, Айдана Жұмадинова, бүгінде журналистікке қадам басып, асыл армандарына жастар газетінен негіз қалаған Ерасыл Шәрібек, Ержан Қожас, Әсел Бегмандардың болашағынан үлкен үміт күтемін.
Иә, баспасөз – халық айнасы. Айнадан өз кескініңді қалай көрсең, баспасөзден де өз іс-қимылыңды солай көруіміз керек. Демек, қаламы қарымды, ойы елгезек, антына адал, бойында жастық оты жалындаған шығармашылық топ жастардың, қала берді, бүтін елдің үнін білдіретін басылым жасауда аянып қалмайтынына сенемін. «Абайдың үні, Абайдың лебі – халықтың лебі, халықтың үні» деген жақсы сөз бар ғой. Ол үн бізге де жетті, енді оны ары қарай ұрпаққа жеткізуіміз керек.
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ.
Бес дұшпан іс білсеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым, ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз», - дейді ұлы ақын. Абайдың басқа философиясын, өлең, қарасөздерін былай қойып, ол айтқан БЕС жаманнан жиреніп, БЕС жақсыны бойымызға сіңірсек, адам боламыз. Абай елу нәрсе айтып тұрған жоқ ғой, БЕС-ақ нәрсе. Адам болуымыз үшін сол жеткілікті. Ендеше, БЕС жасқа толып жатқан басылымның бүгінгі жас ұжымы осы үдеден шығып, жас буынды, жалпы оқырманды АДАМДЫҚҚА жетелейді деп сенемін. Туған күндеріңіз құтты болсын, жазарларыңыз таусылмасын!
Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ,
«Халық»  газетінің  бас  редакторы
06 қыркүйек 2018 ж. 1 687 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031