» » КӨРЕРМЕНСІЗ ГАЛА КОНЦЕРТ

КӨРЕРМЕНСІЗ ГАЛА КОНЦЕРТ

    Мүмкіндігі шектеулі балалар Қазақстанда мыңдап саналады. Қызылорданың өзінде де біраз бар. Қадам басқан сайын болмаса да бетпе-бет  жиі кездесеміз. Бірақ олардың өмірі біз үшін қызық емес. Себебі етіміз өліп кеткен. Аяушылық атты сезімнен адамыз. Ал олар... Өмір үшін күреседі. Тағдырына төтеп беруге талпынады. Мына дүниеден өз орнын алуға ұмтылады. Жан-дәрменімен алға жылжиды. Біз бүгін осындай жанкештілікпен өмір сүріп жатқан бірнеше адамды жолықтырдық.
А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер мен жастардың VIII облыстық "Жүрек жылуы өнер фестивалі өтті. Мақсат – облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өнердің түрлі жанрында шығармашылық қабілетті шыңдау, халық арасында кеңінен насихаттап, көмек қолын ұсыну, қолдау көрсету.
Екі күнге созылған фестивальдің алғашқы күнінде қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі болды. 14-35 жас аралығындағы жастар ән, би, халықтық орындау, көркемсөз оқу, көркемсурет және қолөнер жанрлары бойынша бақ сынады. Барлығы 200-ге тарта өнерпаз қатысты. Екінші күні фестивалдің марапаттау рәсімі мен гала-концерт өтті. Оған аймақ басшысы қатысты.
– Елбасы өзінің дəстүрлі Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Ерекше жандардың рухани дамуына, олардың бойындағы қабілетін, өнерін ел алдына шығару мақсатында өңірде «Жүрек жылуы» өнер фестивалі дəстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Біз бұл ретте қайсар ақын Зейнолла Шүкіровті, өмірге құштар ақын Нұрмұхаммед Əбілқасымовты мүмкіндігі шектелсе де, рухы сынбаған жандар деп үлгі етеміз. Қиындыққа қайыспай, кедергіге мойымай, алға ұмтыла білетін азаматтар аман болсын,  – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Үздік деп танылған Шиелі ауданының шебері Дильфруз Хамитқызы мен отбасылық жұп Қали Дəуренбек, Әйгерім Оразбаева 150 мыңның сертификатын иеленді. Əр жанр бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға құнды сыйлықтар табысталды.
Қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесінде талантты жастардың жұмысын байқауға болады. Уақытын босқа өткізбей, қиындыққа
төтеп берген жастардың қолынан шыққан дүниелерді көрсеңіз, таңданасыз. Бірі-бірінен өтеді. "Бұны қалай істеді екен" деп қызығасыз. Ал біз он екі мүшеміз сау бола тұра қолөнер бұйымдарын жасай алмауымыз мүмкін. Тіпті бізде аяушылық сезімі де жоқ. Біреу құлап қалса, сүйеу де болмаймыз. Олай дейтінім, көрмені аралап жүріп, бір жайтқа тап болдым. Бердәулет Сәбитұлының қолдан салған суреттерін тамашалап тұрғанмын. Ол "аяғым ауырды, отыра берсем бола ма?" деп еді, бір бойжеткен "әлі уақыт бар, шамалы шыда" деді. Фестиваль азанғы сағат 10-да басталып, түсте бір-ақ аяқталды. Осы уақыт ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар қиналса да тұрып тұру керек деген заңды кім шығарған? Обал емес пе? Бізді мейлі қалауынша тұрғызсын, олардың жазығы не?
Тағы бір мәселе. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фестиваль жыл сайын өткізіледі екен. Құба-құп. Дегенмен ұйымдастырушылардың құлағына алтын сырға: көрермен керек. Өздері қиналып, әрең дегенде өнер көрсетті. Бірақ тыңдарман жоқ. Әрі кетсе 30-40 адам отыр. Оның өзі бақ сынаушылардың ұстазы, туысқаны. Әлде бұл да қағаз жүзінде өтетін шараға айналған ба?
Аяғынан тік тұрмаса да, "Елім" деп ән салған жастарды көргенде жүрегің езіледі. Еріксіз көзге жас келеді. Өмірі керемет болмаса да, шүкіршілік дейді. Алла берген тағдырға мойынсұнды, Алла берген дарынды жетілдірді. Сол үшін де рақмет айтамыз. Қолда бар мәліметтерге көз жүгіртсек, облыста мүмкіндігі шектеулі 29353 адам тіркелген. Оның ішінде I топтағы мүгедектердің саны – 2827, II топтағы – 11145, III топтағы – 10526 болса, ал 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 4855-ті құрайды екен. Олардың барлығына осылай құрмет көрсете ме халық?
Дүниенің кең шағында пенде астамшылдыққа барады. Артық айтады. Біреудің намысына тиеді. Қол-аяғы сау солса да, жантүршігерлік әрекет істейді. Белгілі бір кәсіпті серік етпейді. "Екі қолға бір күрек" алуға ерінеді. Аз ғана дәулет бітсе, көкірегіне нан піседі. Жердегі "жарты құдайға" айналады. Осының бәрі – пенделік. Бұ дүние бізге сынақ үшін берілген. Соны көбіміздің түсінбейтініміз өкінішті.
Бетті дайындаған: Мөлдір САБЫРЖАН
Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
20 қыркүйек 2018 ж. 736 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031