Үміт пен сезім құшағында
Ulgi
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Осы орайда қоғамдағы белсенділігі жағынан үлгі боларлық және көп балалы «шағын мемлекет» құраушы отағасы Әзілхан Темірхан және отанасы ӘйгерімБақытжанқызымен арнайы әңгімелестік.
Тілші:
– Өздеріңізді қысқаша таныстырып өтсеңіздер.
Әзілхан:
– Арал қаласының тумасымын, мектепті сонда тәмамдап, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне оқуға түстім. Оқуымды аяқтадым, бірақ өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жатқаным жоқ. Жеке бизнеспен айналысамын.
Әйгерім:
– Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Қызылорда қаласындағы №235 орта мектебінде білім алдым. Мен «Болашақ» колледжінде оқыдым бухгалтер мамандығы бойынша. Қазір бала тәрбиесімен үйдемін.
Тілші:
– Қалай табыстыңыздар?
Әйгерім:
–Біз бір бірімізді университет қабырғасынан білеміз. Жолдасым Әзілхан «Жайдарман» құрамында ойнайтын. Сол концерттердің бірінде таныстық.
Тілші:
– Қала өлшемі бойынша ерте үйленгендердің бірісіздер. Қорқыныш болды ма?
Әзілхан:
– Ерте үйлену ХХІ ғасырдың үрдісіне жат болғанмен, біздің ішкі сезімімізге тосқауыл бола алмады. Сондықтан кеудемде екіұдай сезім немесе қорқыныш болды деп айта алмаймын.
Әйгерім:
– Өз басым алдағы өмір қалай болады екен деп алаңдадым. Қазір Әзілхан кейде күліп: «Кей жастардың қоятын талабын көрсең… Ал біз үйленген кезде велосипедім де жоқ еді» деп айтады. Алайда қорқыныштан гөрі үмітіміз, уайымнан гөрі сезіміміз басымырақ болса керек. Сол үміт бізді алға жетеледі.
Тілші:
–Әйгерім Бақытжанқызы, бүгінгінің қыздары дилемма алдында тұрғандай: не тұрмыс құрып, бала сүйіп үйде отыру немесе карьера жасау. Сіз де осындай дилеммамен бетпе-бет келдіңіз бе?
Әйгерім:
– Осы екі нәрсені бөліп қарауды бұрыс деп есептеймін. Себебі бұл екеуі – құстың қос қанаты секілді бөліп-жаруға келмейтін дүние. Қазақ қыздарының басқа ұлттан басты ерекшелігі, осы екеуін теңдей алып жүруінде. Біз шығыс елдері сияқты отбасы құндылығын терең түсінеміз, яғни отбасы әрдайым бірінші орында болу керектігін білеміз, сонымен қатар батыс елдерінің арулары сияқты, қоғамдық өмірде де белсендіміз. Көзі ашық әр қазақ ұлынан бұрын қызын оқытуға бейім. Себебі, тұрмысқа шыққан соң оқымай қалуы мүмкін, оң босағада тұрғанда қарлығашымды оқытып алайын дейді. «Қыз – қонақ» деп, білімін, біліктілігін арттыруға бар жағдайын жасайды. Тарихымызда Тұмар, Зарина сынды ел қорғаған батыр аналарымыз өткен, одан бері қарай қарасақ, Шоқанның әжесі Айғаным қандай көзі ашық болған, ал Абайдың әжесі Зере жан-жақты, түйдек-түйдек ойын еркін айтатын ел анасы болған. Егер олар тек қазан-ошақтың айналасында қалса, салиқалы ой айта алатын, керемет тәрбиелі бала өсіре алатын дәрежеге жетер ме еді? Ана болу – маңдайға жазылған маңызды міндет. Міне, осылай екі жақты тең ұстауға тырысып, екі баланы дүниеге әкелдім. Қыз балаларға айтарым: жалқау болмаңыз, үйіңізді ұйытып отырыңыз, еңбектеніңіз және үнемі ізденіп, оқып, өзіңізді дамытып, қызметті де, отбасын да қатар алып жүріңіз!
Тілші:
– Бала тәрбиелеуде арнайы ұстаным, амал-тәсіл бар ма? Балаларға реті келгенде тыйым салып тұрасыздар ма? Әлде емін-еркін өскен дұрыс па?
Әйгерім:
– Бала тәрбиелеуге келгенде бұрыннан келе жатқан дәстүрден аттамаймыз. Бұл ескіше тәрбиелеу деген сөз емес, озығымызды асырып, салт-дәстүрден нәр ала отырып, заманның озық талабына сай өссе деген ниет. Туған тілімізді, ділімізді, дінімізді қастерлеп, бүгінгі заманға лайық талаптардың бәрін бойына жинаған ұрпақ тәрбиелегіміз келеді. Қазір баласын жапонша, французша тәрбиелейтіндер көп. Ал, біз – қазақпыз. Сондықтан қазақша тәрбие берген дұрыс.
Тілші:
–Балаларыңыздың кім болғанын қалайсыздар және өскен кезде таңдауына араласасыздар ма?
Әзілхан:
– Әр баланың өз ерекшелігін біліп, көріп жүрміз. Өзіндік қасиеттерін ескере отырып, соған сәйкес қосымша үйірмелер таңдап отырамыз. Ата-ана ретінде баланың бір нәрсеге деген қабілеті айрықша болса, соны танып-біліп, шыңдауға міндеттіміз. Қай үйірмеге барғысы келетінін көбіне өздері таңдайды. Біз жағдайын жасаймыз.
Тілші:
– Гаджеттерді қолдануды қалай қадағалайсыздар?
Әзілхан:
– Үйде балалар теледидардан көбіне-көп «Балапан» арнасын қарайды. Оны да қосып қойып, балаларды алдына отырғызып қоймаймыз. Белгіленген уақыт аралығында қарауға рұқсат беріп, уақыт өткен соң сөндіреміз. Дамытатын, қолмен ұстап, көзбен көретін басқа ойыншықтарымен ойнайды.
Әйгерім:
– Отандық анимация дамуының арқасында балаларымызбен бірге отырып мультфильмдер қарайтын күнге жеттік. Ұялы телефондарды ұстауға шектеу болу қажет және оны «болмайды» деп айтып қана қоймай, баламен сөйлесіп, себебін түсіндіріп, саналы түрде көзін жеткізу керек.
–Сіздерге көп рақмет!
Ерхан АҚЫН