Бағбан
Мектепке сәл кешігіп барғаным есімде. Алты жасқа толып тұрсам да, бала саны толық болған соң ондағылар құлық танытпады ма, білмеймін, жұрттың баласы арық жиегіндегі жолды жағалап, сонадайдан төбесі көрінетін мектепке шұбырғанда, мен шарбаққа сүйеніп қала беріппін. Әдетте, күнде бірге ойнайтын Шарханның, тақылдақ көрші қыз Жаңагүлдің мектеп формасымен әп-әсем боп бара жатқанын көретін мен мектеп жаққа көп елеңдейтінмін. Ақыры, ауыл сыйлайтын «қожаның қызы» апам бұған шыдамады, басшылармен сөйлесіп, мектеп табалдырығын 20 күннен соң бір-ақ аттадым. Сары кемпір «забыш» Елбосын жездеге жетектеп апарып, ол бізді бастауыш деп аталатын сыныпқа кіргізіп, бетінен жылуы төгілген, әуезді үнді ұстазға тапсырды.
– Айналайын, Бейбітгүл, бетінен қақпаған балам еді, барыңды бер осыған. Апамның айтқаны осы болды. Ұстаз менің арқамнан қағып, өзіме тиесілі партаға жайғастырған. Сары апам көзінің жасын орамал ұшымен сүртіп жөней берген. Бастауыштағы менің ғана емес, біраз шәкірт деген талшыбықтың бағбаны болған Бейбітгүл Үмбетованың алдына осылай келдім. Бұл 1994 жыл болатын...
Мұғалімдер отбасында дүниеге келген Бейбітгүл бойжеткен кезінен осы ұстаздық тізгінді бірден қолға алды. Сол кездегі Гоголь, қазіргі Қорқыт ата атын иемденген университетті тауысты. Ұзақ жылдар бастауыш сыныпқа сабақ берді. Сабақ демекші, сан түрлі мұғалімнің алдын көрген өз басым, сол кездегі апай үйреткен әріп пен жазуды еш дәріске айырбастамас ем. 1979 жылдан бергі еңбек еткен жылдарына қарасам, тек тәрбиеші мен бастауышта білім берудің айналасында жүріпті. Ал, білімнің негізі – бастауышта екенін ескерсек, бұл еңбектің шынымен бейнеті көп еді. Үйдегі ағамыз Жаңбырбай Қалниязов мемлекеттік қызметкер болды. Қызметі жиі ауысып тұратын. Қазалының қай ауылы болсын апай да ағамен бірге жүріп, түтін түтетті. Қай ауылға бармасын, бастауышқа келген баланың білімін ұштады. Осылай №98, 190 орта мектептерде сабақ бере жүріп, шеберлігін шыңдаған. Ұстазымның өнімді еңбек еткен ортасы Бекарыстан би ауылындағы Ү.Түктібаев атындағы № 24 орта мектебі болды. 1994-1995 жылдары апайдың алдына 25-тен аса әр үйдің бір-бір еркесі жиналыппыз. Бөліп-жармады, бауырына бірдей басты. Бар білімін бізге берді. Сабақ үйрету тәсілі де ерекше, кейде өзінің сүйікті баянын қолға алып, ән де салып беретін. Сірә, бізді сергісін дейтін болу керек. Өзгелерге қатқыл көрінетін Бейбітгүлдің балаға деген мейірімі ерекше дейтін үлкендер. Айтпақшы, біз бірге оқыған отызға жуық баланың бәрі бірдей жақсы оқымағаны белгілі. Әу баста миына құйғанмен үйіне жетпей жатып, жолда төгіп алатын ұл-қыз біз де болды. Апайдың білімін үйренбесе, бұлар тәрбиесін мықтап алды. Қазір бұлардың бәрі бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Оқымыстылардан Ақынжан, Қайсар, Іңкәр, Мархаббат ұстазының ұлы жолын қуып, мұғалім болса, Ардақ, Нұргүл, Айжан есепке жүйріктіген аңғартып, экономика, банк саласында жүр. Жадыра мен Индира дәрігер болды. Ал сыныптағы "жиын-тойды" ұйымдастырғыш менің досым Шархан мен Жаңаберген ше?! Бірі ауылдық клубта көркемөнерпаздар жетекшісі болса, бірі білдей теміржолшы. Ұстаздың еңбегі де осында. Шәкірттері сан қырлы саланы меңгерді. Білімнен бұрын тәрбиенің алда болатыны осыдан емес пе?!
Саналы ғұмырын сапалы білім мен тұнық тәрбие беруге ұмтылған Бейбітгүл ұстаз 35 жыл мұғалімдік өтілінде мектеп яки аудан, облыстан бірнеше рет мақтау естіп, қатырма қағазды мол қып алса да, өз қызметін атақ үшін атқарған жоқ. Керісінше, баласының бағытын айқындап берген Бейбітгүлге халықтың батасы маңызды еді. Бізге дейін де, кейін де тәрбиелеген елдің ұл-қызы өмірдегі өз орнын табуда апайдың алар орны ерекше деп білем.
ТҮЙІН. Бұл күнде немере сүйіп, әже атанып, елдегі мәдени іс-шарасында көзге бірден түсетін Бейбітгүл ауылдағы сыйлы адамның бірден-бірі. Әжелер ұйымының мүшесі бола жүріп, елдегі жас буынның тайып кеткен кей тәрбиесін түзеуде. Алда келе жатқан айтулы мереке – мұғалімдер күні қарсаңында 24 жылдан бері есте келе жатқан естелік параққа енді түсті. Шалағай ұлдың санасына сәуле құйған ұстаз-анамыздың еңбегі өлшеусіз, нұсқар бағыты дара. Ендеше, бала жанының бағбаны бола білген Бейбітгүл апайдың басып өткен белесі көпке үлгі болса деймін. Шәкірт тілегі осындай.
Ержан ҚОЖАСОВ