"АҚМЕШІТ ЖАСТАРЫНЫҢ" КУБОГЫ "ЖАЛАҒАШТА"
Көрерменін сағынтқан "Жайдарманның" жаңа маусымы ашылды. Маусымашар – қала жастары үшін үлкен мереке. Бұл мерекені көпшілік асыға күтеді. Өйткені бұл – сағынышты басатын, тынысыңды ашатын күн. Қанатыңды кең серпіп, көсіліп сахнаға шығатын күн. Н.Бекежанов атындағы драма театрда өткен көңілді кеш бұрынғыдан өзгерек өрбіді. Маусымашарға қатысуға аймақтан 28 команда ниет білдірсе, соның 17-сі гала концертте өнер көрсетті. Әзілінен тау шағылатын жастардың өнерін сарапшылар байқап, жоғары және премьер лигаға лайықтысын анықтады. Тағы бір айтарлықтай ерекшелік жайдарманшылар жастар айнасына айналған "Ақмешіт жастары" басылымы тіккен кубок үшін де сайысты. Қалың топпен біз де тамашалап, жастар әзіліне шаттанып қайттық. Жаңа маусымының жаңалығы – "Жалағаш" құрамасы болды. Ауданнан келген команда қоғам қажеттілігіне байланысты түрлі тың тақырыптар қозғап, сананы серпілтті. Тіпті басылымға арнаған әзілдері де бар екен.
– Жалағаш ауданының жаздан аман шыққаны "Ақмешіт жастары" басылымының арқасы. Газеттің қандай қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Ендеше топтастырып айтайын. Алдымен ауданымыздың тұрғындары газетті оқып, сауатын ашады. Онан кейін бөлмені қараңғылаймыз. Күн батқасын газетті алып, балық жегенде пайдаланымыз. Мұнан соң балық қалдықтарын газеттің ішіне салып, мысыққа тамақ береміз. Мұнымен аяқталған жоқ. Ас беріп болған соң газетті от жағуға пайдаланамыз. Шыққан күлді Жалағаштың жөнсіз жолдарын тегістейміз. Байқасаңыз, газет тұнып тұрған техника деп, қалың көрермен күлкіге көнді.
Құраманың бабында екендігі байқалып, үлкен кубок редакция ұсынысымен «Жалағаш» құрамасына табысталды.
Ерасыл ШӘРІБЕК