Жарықсыз қалған қала
Кеше сағат 18.00-21.00 аралығында Қызылорда қаласының біраз бөлігі жарықсыз қалды. Тұрғындардың әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда қаланың орталығында, сондай-ақ Шанхай, Шұғыла, Астана шағын аудандарында, Белкөл кентінде жарық сөнген. Бағдаршамдар жұмыс істемеді. Күн суытқанда еш ескертусіз жарықтың ажыратылғанына халық алаңдаулы.
«Жарық болмаса, үйде жылу болмайды. Газдың насосы тоқпен жұмыс істейді. Емізулі балам бар. Қалған балаларым тұмауратып жатыр. Бұлай ескертусіз сөндіруге бола ма?!» – дейді қала тұрғыны Әлияш Бекжан.
Осы орын алған жағдай бойынша Қызылорда облысының энергетика басқармасы Фейсбуктегі парақшасы арқылы мәлімдеме жасады.
«Жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасы (САОН) іске қосылуынан ӘЖ-35, Л-32, Л — 34 және Л-32А ажырауына байланысты, 2018 жылдың 15 қазанында «Қызылорда» ҚС-220/35/10 кВ және «ҚЖЭО» МКК-220 кВ ажыратылғандығын хабарлаймыз.
ЖАТАЖ электр берілісінің қоректендіргіш желілерін шамадан тыс жүктелуі кезінде энергия жүйесінің орнықтылығының бұзылуын болдырмау үшін қызмет етеді және тұтынушылардың бір бөлігін ажыратып, кейіннен оларды қосу жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінгі таңда, Қазақстанның оңтүстік өңірінде электр энергиясының тапшылығы байқалады, оның ішінде Қызылорда облысы бойынша Солтүстік-Оңтүстік 500 кВ ӘЖ бойынша электр энергиясын өткізуге квота (шектеу) енгізілгендіктен 24 МВт көлеміндегі энергияны электрмен қамтамасыз етуші ұйымдар солтүстіктен электр энергиясын ала алмауда. Сонымен қатар, "ЖГЭС"–да тек бір блок жұмыс істейді және газ бойынша "ҚазТрансГазАймақ"АҚ-на берешек болуына байланысты шектеу енгізілгендіктен екінші блокты қосу мүмкіндігі болмауда.
«КЕСОС»АҚ мәліметіне сәйкес қазіргі уақытта, «ЖГЭС» энергоблогын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Уақытша келеңсіздіктерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – делінген хабарламада.