"ҚАЙСАР" ТҮРКИЯДА ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗЕДІ
Кеше Стойчо Младенов баптайтын «Қайсар» командасы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Түркияға аттанып кеткенін хабарлаған едік. Жерорта теңізінің жағалауында қаңтардың 26-сына дейін болатын Сыр командасы жиын барысында екі жолдастық кездесу өткізеді. Бірінші матч 22 қаңтарға жоспарланған. Қарсыласы Румынияның «Сепси» клубы. Қазір Румынияда қысқы үзіліс болғандықтан олар да дайындықтарын Түркияда жүргізеді. Жалпы, «Сепси» 22 турдан кейін ел чемпионатында 14 команданың ішінде 13-ші орында келеді. Одан кейін 25 қаңтарда қызылордалықтар Болгарияның «Дунав» командасымен кездесуі тиіс. Оларда да ақпан айының ортасына дейін үзіліс. «Сепси» секілді «Дунав» та өз чемпионаттарында 14 команданың ішінде 13-орында келеді.
Бапкерлер алқасы Анталияға өткен маусымнан қалған 19 ойыншыны және маусым аяқталысымен келісімшартқа отырған Александр Марочкинді алып кетті. Сондай-ақ, Түркияда «Қайсарға» Таңат Нөсербаев, Қайрат Әшірбеков, Әлішер Сүлей, Бауыржан Байтана, Тимур Досмағамбетов, Марк Гурман, Душан Савич (Македония) сынды футболшылар да қосылады деп күтілуде.Бұдан бөлек, бапкерлер алқасы бірқатар легионерлерді де тексеріп көрмек. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына аттанған «Қайсар» футболшылары: Қақпашылар: Александр Григоренко, Марсель Исламқұлов, Нұрымжан Салайдин. Қорғаушылар: Дмитрий Евстигнеев, Александр Марочкин, Ілияс Әмірсейтов, Абдель Азиз Ламанж (Франция), Иван Граф (Хорватия), Валентин Чуреев, Елжас Сарбай. Жартылай қорғаушылар: Мақсат Байжанов, Валерий Коробкин, Думан Нәрзілдаев, Джон Банколе Камара (Сьерра-Льоне), Матиас Курьор (Мартиника), Джа Джедже (Франция), Айбол Жақаев. Шабуылшылар: Тоқтар Жаңғылышбай, Милан Бойович (Сербия), Өркен Маxан.
Әзиз ЖҰМАДІЛ,
sportsffa.kz