Мағжан Жұмабаевтың шығармалары македон тіліне аударылады
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Македонияның Скопье және Гостивар қалаларында «Түркі әлемінің ұлы перзенттері» атты халықаралық ғылыми конференциялар өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі конференция да биыл ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан атаулы жыл болып жарияланған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына және қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналды. ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ бастаған ресми делегация мен жиынға қатысушы ғалымдарды Македония Сыртқы инвестициялар министрі Аднан Кахил және Мәдениет министрі Асаф Адеми арнайы қабылдап, ұйымның мәдени интеграция саласындағы жаңашыл жобаларына табыс тіледі. Конференцияда сөз алған ғалымдар қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев пен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов мұраларының түркі халықтарының мәдени өміріндегі орны мен маңызына тоқталып, олардың әлем әдебиетіне әкелген жаңалықтарын сөз етті.
Жиын кезінде «Мағжан Жұмабаев жылы» аясында басылып шыққан ақынның үш жинағы таныстырылды. Олардың біріншісі - түрік тіліне жаңадан аударылған (аудармашы - Әли Акбаш) «Алыстағы бауырыма» жинағы, екіншісі - ақынның он екі тілдегі аудармаларының топтама жинағы (құрастырған - Асқар Тұрғанбаев), үшіншісі - әзербайжан тіліндегі (аудармашы - Рамиз Әскер) Мағжанның «Түркістан» топтамасы. Скопье қаласындағы Македония мемлекеттік университетінің Түркология бөлімінде және Гостивар қаласындағы Визион университеттерінде өткізілген конференциялардың нәтижесінде Мағжан Жұмабаевтың мұраларын македон тіліне аудару келісілді.