Тіршіліктің «теріс» түйткілдері
(өз ойым)
Байқап қараңызшы. Бізде жақын танысымыз су жаңа теледидар алды делік. «Еее, кредитке алған ғой» дейміз. Басқа дүние сатып алса да солай. Мүмкін, ол айлығынан жинап алды ма, ол қызық емес, сырттай солай шешім шығардық. Бүгінгі өмір сүруіміздің бір қағидасы осы. Кредит сананы жаулап алған. Солай тон пішеміз...
Айтпақшы, туысымның үйінен жазу толы дәптер көрдім. Қызығушылықпен ашып қалсам, күлкілі жайтқа тап болдым. Баласы үйленгенде, қызы ұзатылғанда кім не әкелді, не қосты, соның тізімі екен.
– Жеңеше, бұл неге керек?
– Қағынғыр-ау, олар не әкелді, мен де солай апарам.
– Ыммм.
– Өткенде абысынның қызы қашып кеткенде бүтіндей 20 мыңды қолыма ұстап, желпілдеп жетіп барғанымды қайтейін, мен келін түсіргенде ұялмай 5000 теңге әкелді.
– Ау, оның жағдайы сіздікімен салыстыруға келмейді ғой.
– Қой, көк тігілсін, битін сығып отыр деймісің. Жұртқа бейшара көрінгісі келеді...
Не дерсің бұған. Барымен базар қып келгеннің ит терісін басына қаптап жіберетініміз жаман-ақ. Санасып өткен сор тіршілік...
Жақсы араласатын бұрынғы қызметтес жігіттің әкесі қайтты. Қазақы дәстүр бойынша, көңіл айтып, қайғы бөлісуді жөн санадым. Қаза болған үйді білетін таныс жігітке бірге барайық дегенмін. Сондағы анау жарқыным «менің кіші қарындасым қайтқанда ол төбесін де көрсетпеген» дегені. Сілейіп тұрып қалдым. Мына жауап сұмдық әсер етті не болса да. Ал ол немкетті айта салды. Наласы дұрыс шығар, бірақ «өлімді жерде өкпені ұмытатын» қазақ қайда кеткен?!
«Мұсылман – Аллаға, кәпірлер – Христосқа, ал имансыздар – ақшаға табынады» депті Қазақтың Қадыры. Жаны бар сөз. Бүгінде бәрі бұрынғылардай батырдан емес, керісінше байдан қорқады. Мынадай түсінік бар. Ақшасы бар адамға қашаннан жол ашық деген жабайы қағида тоқсан пайыз елдің санасында жүр. Ал осы кертартпа бойға сіңгелі сонша, біздің жұрт жұмыс іздемес бұрын ақша іздейді. Қайталап айтамын, жұмыс емес, бірінші ақша. Табылды ма, мәселе шешілді. Айтқым келгені, пара алады деуден гөрі, бермеудің жолын неге қарастырмасқа?! Жоғарыдағыларды жемқор қылудан бұрын бойдағы қабілетке сеніп, қарекет қылуды үйренсек. Әйй, көп уақыт керек шығар...
Ержан Сойырқас