» » Таяқ синдромы

Таяқ синдромы

                                                                                      

Гүлмира Әбіқайдың фейсбук парақшасындағы "Келін жоғалды» деген жазбаны ақпараттық сайттар бірінен бірі көшіріп басты кешегі аптада. Мәселенің мәнісі мынау:
«Күйеуі өлімші қылып сабап, таңғы 6-да үйден шығып кеткеніне бүгін төртінші күн. Содан бері Жансаяны көрдім-білдім деген адам жоқ. Жасы 19-да. 7 ай бұрын көрші ауылдың баласы алып қашты. Екі айдан соң төркініне көкала қойдай боп аяғы сынып келді, үш айдан соң қолы шытынап тағы келді. Бұл жолы үшінші рет келгенде "келін болған жерден түңілдім" деп кесіп айтты. Шымкенттік жеңгелер қойсын ба, соңғы рет деп түнделетіп күйеуіне қайта қосты. Таңғы алтыда енесі, күйеуі бәрі төсек сипап қалды. Жас келін белгісіз жаққа кеткен күйі жоқ. Бүгін төртінші күн, оқиға Түркістан облысы, Созақ ауданында орын алды. Жансая дәл осы күйде үйден безіп шыққан, ақ жаулықты келіншекті кім көрді?"
Сұмдық-ай. Сайттардың бірсыпырасы осының бәрі алып-қашқанның зардабы деп жазды. Ал, мен осы әйелдерді неге ұрады екен деп ойладым. Осы бір сұрақтың маза қашырғаны сонша кездейсоқ естіген таныс келіншектің оқиғасы неше күндей есеңгіретіп жіберді кәдімгідей. Рас, осы бір әңгімені білмегенімде «бәріне әйелдердің өзі кінәлі» деп ойлайтынмын. «Тілін тартпаған соң таяқ жейді де» деген консерваторлық көзқарас та басым еді. Бірақ бәрі олай емес екен. Егер әкесі анасын ұрар болса, онда оны көріп өскен ұл да кейін келінді сабайды деген сөз. Әрине бұл жаңғырық сияқты дәл солай қайталанбауы да мүмкін. Әйтсе де көп жағдайда әкеден балаға берілетін «тұқым қуалайтын» бұл да бір дерт сияқты екен.
«Менің енемнің бас сүйегі жоқ. Басын ұстап көрсең кәдімгідей былқылдап тұратын. Марқұм, қара жер хабар бермесін, қайтыс болды осыдан бес-алты жыл бұрын. Атамыз тірі кезінде күнде ұрған екен. Бас демейді, басқа демейді, төпелей берсе керек, бір күні ошақтың басында жатқан атыөшкірді жіберіп қалғанда бас сүйегі шытынаған. Таяқтан басы істемей қалды ма, білмеймін, әйтеуір бір сөзге тоқтау, ақылмен іс қылу дегенді білмейтін, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан көк долы әйел еді. Өзі таяқ жеген соң, баласының күндіз-түні жүз граммдатып жүретіні де, мені нақақтан нақақ ұратыны да оған ешқашан әсер еткен емес. Шыбын шаққан құрлы көрмейтін, жарықтық. Рас, күйеуіме дауыс көтермек түгіл, тіке қарап сөйлеген емеспін. Не себепті ұратынын білмеймін де, сұрасам, өзің түсініп ал дейді. Мысалы, былай ғой, шкафтың үсті шаң боп қалды делік, мені желкелеп алады да, маңдайыммен шкафтың үстін бір ұрады да, кетеді өз бөлмесіне. Жан-жағыңа қарайсың, «шкафтың шаңын қалай көрмей қалғанмын, бағана ғана үй тазалап едім ғой» деп көзіңнің жасын сүрте жүріп, қолыңа сулы шүберекті аласың. Күнде-күнде осылай жалғаса берді. «Бүгін не мін тағады екен» деген үрейлі ой құшағында сол босағада сегіз жылым өтіпті... Әлі есімде перзентханадан шығып келген күні түнгі сағат екіде (қыстыгүні!) табанымнан таусылып, қаланың ашық дүкені бар ма деп  арақ іздегенім есіме түссе, әлі күнге өне бойым дір етеді... Мені өлімші етіп сабаған күні кішкентай қыздарым «кетейікші деп далаға қашып, мен соларды бірдеңеге ұрынып қала ма деп сыртқа қоса шықпағанымда, кім біледі, әлі де сол үйде жүретін шығармын...».
Сегіз жыл. Үй болып кету үшін жеті жыл сынақ мерзімінен өту керек дегенді естіп едім, мерзімінен артық сыналған бұл келіншекке реніш жоқ екен ендеше. Шынымды айтсам, әрі қарай тыңдауға дәтіп жетпеді. Құлағым шыңылдап, ХХІ ғасырда да дәл осындай болады екен-ау деп қайталай бергенім есімде. Ал, біз жастар неге ажырасады деп жиі айтамыз.
                                                                                              Ж.САҒИДА
02 тамыз 2018 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031