Ильинге қатысты тың дерек

Көптен күткен саңлағымыз әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин бұл сайысқа қатыспайтыны белгілі болды. Көпті сағындырған саңлақтың сайысқа түспеуінің себебі қандай?
– Мен әлем чемпионатында өнер көрсетпейтінімді халқыма қалай айтсам екен деп көп ойландым. Тәуекелге бел буып, халқымнан кешірім сұраймын. Мен әлем чемпионатында өнер көрсетпеймін, себебі омыртқа жарақатын алғанмын. Оның үстіне, бұл өте ауыр жарақат. Шынымды айтсам, менің одан арғы спорттағы болашағым белгісіз. Мен Ашхабадқа жаттықтырушы ретінде барамын. Нижат Рахимовты тұғырға шығарғым келеді. Өйткені біз онымен бір жыл бойы бірге жұмыс істедік. Мен жаттықтырушыларға, командамызға көмектесемін. Бір сөзбен айтқанда, әлем чемпионатында жаттықтырушы ретінде бақ сынаймын, – деді Илья Ильин
Сонымен Ашхабадта өтетін бәсекеде Қазақстанның намысын мына спортшылар қорғайды: Ерлер – Арли Чонтей (55 кило), Фархад Харки (67 кило), Нижат Рахимов (73 кило), Айдар Қазов (81 кило), Денис Уланов (89 кило), Рүстем Сыбай (96 кило), Александр Зайчиков пен Ибрагим Берсанов (109 кило) және Елдос Сайлау (+109 кило). Әйелдер – Зүлфия Чиншанло (55 кило), Сәуле Сәдуақасова (59 кило), Әсем Садықова мен Карина Горичева (64 кило), Надежда Лихачева мен Екатерина Столяренко (71 кило), Екатерина Быкова (76 кило), Раушан Мешітханова (87 кило) және Айзада Муптилда мен Александра Аборнева (+87 кило).