Мұнай өнімінің төмендеуіне қарамастан аймақ экономикасы даму үстінде
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Облыс әкімі өңір экономикасы үшін соңғы 6 жыл ішінде мұнай өндіру көлемінің 10-12%-ға қысқаруы маңызды мәселеге айналғанын атап өтті.
"Республика бойынша өнім көлемі азаюының 70%-дан астамы Қызылорда облысында орын алды. Осы уақыт ішінде жалпы алғанда біз 4,5 млн. тонна өнімді жоғалттық, ал, бұл дегеніміз - инвестиция, жұмыс орындары және бизнес. Тек ағымдағы жылдың өзінде болжам бойынша 600 мың тоннадан астам жетіспеушілік байқалды. Бірақ жүйелі шаралар нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 4 жылда бірінші рет ЖІӨ бойынша оң векторға - 100,8% шықтық. Мұнай мен бүгінгі таңда уран өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуіне қарамай, бұл жоспар биыл да орындалады", - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда өңдеуші өнеркәсіпте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге жуық, яғни 184%, жұмыспен қамтылғандар саны 55%-дан астам, еңбек өнімділігі 18%-ға, ал, жалпы қосылған құн 31%-ға өсті.
Аймақ басшысының айтуынша, өңір үшін негізгі міндет шикізаттық емес секторды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру болып табылады.
"Желтоқсан айында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан тампонажды цемент зауытын мерзімінен бұрын іске қосамыз. 26 қазанда "Шалқия" қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Осы жылы біз шыны зауытын да пайдалануға береміз деп шешкен едік, бірақ, өкінішке қарай, құрылтайшылар арасында туындаған мәселелерге байланысты зауыттың іске қосылу мерзімі 2019 жылға өзгертілді", - деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, 2019 жылы тұзды қайта өңдеу және кальцийленген сода өндіру зауыттарының құрылысы жоспарлануда.
Күріш шаруашылығы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің жетекші саласы болып қала береді. Су тапшылығы мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биылғы жылы күрішшілер 473 мың тонна (54,5 ц/га) өнім жинады.
"Экономикадағы оң үрдістер 2 жыл бойы жұмыссыздық деңгейін 4,8% шегінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Бұл бүгінде республика бойынша орта есеппен салыстырғанда біршама төмен. Осы жылдар ішінде экономикалық қиындықтарға қарамастан, біз қызметкерлерді кәсіпорындардан жаппай қысқартпауға ғана емес, соңғы 6 жылда 68 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға қол жеткіздік", - деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, 2018 жылдың басында аулаішілік тексерістің нәтижесінде, облыста 97 538 өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтар анықталса, 9 айдың ішінде олардың саны 62 мың адамға қысқарды, яғни бүгінгі таңда 36 мың адамды құрайды. Атап өтейік, шағын және орта бизнес саласында 14 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
"Осы санаттағы адамдармен жұмыс істеу үшін 2014 жылы біз ауылдық жерлердегі жұмыссыздардың да кредиттік ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ететін қолайлы кепілдік саясатымен Өңірлік инвестиция орталығын құрдық. Биыл аталмыш орталықтың жұмысын үйлестіруге облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге бөлінді. Оның шеңберінде 270 шағын бизнес субъектілерінің жобасы қаржыландырылды және 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар санын қысқартудың ең тиімді жолы – шағын және орта бизнесті дамыту ", - деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысы әкімдігінің, мәслихаттың, "Нұр Отан" партиясы филиалының, қоғамдық кеңестің және "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Өңірде кешенді "Жол картасы" әзірленді, оны іске асыруға ағымдағы жылы 32 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде 3 млрд. теңгеден астамы стартап жобаларға қарастырылған.
Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылда 11%-ға өсті (бұл республика бойынша ең үздік нәтиже болып табылады).
Сонымен қатар, өңірде сумен қамтамасыз ету және газбен жабдықтау мәселелері шешімін табуда. Қазіргі таңда аймақ халқының 95%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және 63%-ы табиғи газды тұтынады. Өткен жылы Қызылорда қаласын және 7 аудан орталығының 4-і газдандырылды. 2017 жылы Байқоңыр қаласына газ берілді. Биыл қалған үш аудан орталығына, атап айтқанда, Қармақшы, Сырдария және Жалағаш аудандарына газ жеткізілетін болады. Ал 2019 жылы елдімекендердегі газ желісінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен, 2020 жылға қарай тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейін 95%-ға жеткізу міндеті қойылып отыр.
Тағы бір басым бағыттардың бірі - өмір тіршілігінің барлық салаларын онлайн-қызметтермен қамтамасыз ету. Бүгінде өңірде түрлі салаларды цифрландыру мақсатында 37 жобаның тізбесі құрылды (қауіпсіздік, бизнес, АӨК, денсаулық сақтау, көлік және құрылыс, қалалық ТКШ және білім беру, мәдениет басқармасы бойынша). Цифрландыру процесін қарқынды дамыту үшін облыстық цифрлық технологиялар басқармасы құрылды.