ОМЕГА-3

Тарихы
Омега-3 майының ағзаға ерекше пайдалы екенін ғалымдар эскимостардың жоғары деңгейдегі денсаулығын зерттеу нәтижесінде анықтаған. Осы халық өкілдерінің арасында ұзақ жасайтыны жиі кездескен. Себебі олар көбіне балық өнімін пайдаланған және жүрек, қан тамырлары ауруына өте сирек шалдыққан. Осы дерекке қызыққан ғалымдар 1970 жылы Гренландия инуиттерінің қанын зерттегенде омега-3-тен құралатын эйкозапентаенды (ЭПК) және докозакегсаенды (ДКГ) табиғи екі май қышқылы көп екенін байқайды.
2004 жылы АҚШ-тағы азық-түлік және дәрілерді бақылайтын басқарма «ЭПК мен ДКГ майын пайдалану жүрек ауруының дамуын тежейді» деп жариялады. Канада билігі де осыны құптап, омега-3 майының ми, көз, жүйке жүйесінің дамуына оң әсерін тигізетінін мәлімдеді.
Бала денсаулығы үшін
1950 жылы әлемде арнайы бағдарлама құрылған. Барлық балабақшада балық майы берілетін. Кейін бұл бағдарлама тоқтап, бірнеше ұрпақ маңызды майсыз өсті. Ата-анамыздың өзі Совет үкіметі кезінде аптаның бір күні барлық жерде балық берілетінін жиі айтады. Яғни бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қарастырылған.
Мәселен, Скандинавияда «ұлт интеллектін дамыту» деген арнайы бағдарлама бар. Оған сәйкес туылған нәресте 6 айдан 3 жасқа дейін күніне 900 мг омега-3 май қышқылын қабылдау керек. Бағдарламаның әр үйде іске асуын мемлекеттің өзі қадағалап отырады. Себебі мынадай формула бар: 30% – интеллект. Яғни адам миы, көзі, жүйке жүйесінің 30% омега-3-тен тұрады. Бұл өмірлік маңызды ағзалардың физикалық құрылымының 1/3-і.
Мектепте бала ештеңеге қызықпайды. Есте сақтау қабілеті төмен. Көзілдірік тағады. Шығармашылық белсенділік танытпайды. Егер сіз балаңыздың сары, жасыл емес, тек көк, қара қаламмен сурет салатынын байқасаңыз, мұның астарында ағзаға маңызды дәрумендер жетіспейтіні жатуы мүмкін. Себебі адамның психологиялық әл-ауқаты жақсы болу үшін, ең алдымен физикалық жағдайы реттелу қажет.
Америкада ғалымдар әртүрлі бұзақылық жасап, түрмеге түскен жасөспірімдердің ағзасын зерттеген. Сонда барлығының қанында глюкоза шамадан тыс, омега-3 май қышқылы төмен деңгейде екені байқалады.
Пайдасы
Омега-3 майы ағзаға қажет, бірақ өзі оны өндірмейді, тек тағамнан алады. Құрамында осы май қышқылы көп тағамдарды күнделікті пайдалану жүрек-қан тамырлары ауруының алдын-алып, буын, көз, тері жағдайын және шаштың өсуін жақсартады. Сонымен қоса адам бойындағы кальций мөлшерін реттеп, сүйекті қатайтады. Қан қысымы ауруын алдын-алуда, ішкі және сыртқы жаралардың тез жазылуына септігін тигізеді.
Қай азық-түлік құрамында көп кездеседі?
Біріншіден, теңіз балығы. Оның ішінде ақсерке, скумбрия, сардина, тунец т.б. Екіншіден, зығыр майы және күнжіт. Үшіншіден, грек жаңғағы. Бұл құрамында көп кездесетін өнімдер. Көп болмаса да, құрамында бар азық-түліктер: үрмебұршақ (фасоль), гүлді қырыққабат, асжапырағы (шпинат), брокколи және қауын.   
Капсуладағы Омега-3
Егер күнделікті өз мөлшерінде жоғарыда айтылған тағамдарды пайдаланатын болсақ, ағзада бұл майға деген қажеттілік туындамайды. Десе де аптасына екі-үш рет балық жеуге мүмкіндік болмаса ше? Осы ретте дәрігерлер капсуладағы Омега-3-ті ішуге кеңес береді. Ескеретін жайт, күніне қабылдайтын капсула құрамында Омега-3 мөлшері 500 мг-нан аспауы керек. Егер қорапта Омега-3 мөлшері туралы мүлде жазылмаса, ол капсуланы ішудің қажеті жоқ.
Ал азық-түлік түріне ауыстырсақ, ағза жасушаларының жақсы жұмысы үшін күніне төмендегінің біреуін қабылдау керек: 1 үлкен қасық зығыр дәнінің майы, 5-10 дана жаңғақ, 70 грамм қызыл балық, 90 грамм майшабақ тұқымдас балық немесе 120 грамм тунец. Айта кету керек, өсімдік тектес Омега-3 майын адам ағзасы жеңіл қабылдайды.
Әрине, мүмкіндік болса, мұздатылған балыққа қарағанда балғын түрін таңдаған абзал. Себебі балықты тұздап, қатырғанда құрамындағы Омега-3 майы 30%-ға, бір жыл сақтаса 50%-ға азаяды. Сондай-ақ фермада өсірілген балыққа қарағанда теңізде ауланғаны жақсы. Өйткені фермада балықтарға көбіне ұн мен комби жем береді. Ал балық құрамында Омега-3 майының көп болуына балықтың теңіз астындағы өсімдік пен жәндіктер арқылы азықтануы ықпал етеді. Дегенмен балықты өсімдік майы арқылы консервілеу оның құрамындағы омега майын толыққанды сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан аптасына 2-3 рет зәйтүн майына консервіленген сардин балығын жеу – апта бойына керек май қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Бұл «денсаулықты жақсартамын» деп дәріханадағы омега-3-ті алуға жүгіру емес, алдымен күнделікті пайдаланатын тағамдарға шолу жасау керегін білдіреді.
Әлемді дүр сілкіндірген жаңа дерек
Шығыс Англия университетінің жетекші зерттеушісі Ли Хупер бастаған топ Солтүстік Америка, Еуропа, Австралия, Азиядан 112 059 адамның қатысуымен 79 рандомизацияланған зерттеу жүргізді. Зерттеу бойынша Омега-3 капсуласын және плацебо (медицинада «бос капсула» деп атайды, яғни капсуланың емдік қасиеті болмаса да, адам соны ішсе, жазылатынына сенеді) қабылдаған екі топта жүрек ауруының туындау қаупін қарастырады. Нәтижесінде Омега-3 майын қабылдаған топ адамдарының жүрек жұмысына білінер-білінбес әсер еткені немесе мүлде әсер етпегені байқалған. Бұл жаңалық медицина өкілдерін таңғалдырса да, көбісі Омега-3-тің жалпы ағзаға пайдасын жоққа шығармайды.
Шеффилд университетінің кардиологы профессор Тим Чиконың сөзінше, жүрек-қан тамырларының ауруын алдын-алу үшін бір ғана өнімнің пайдасы мен зияны туралы айтуға болмайды. Себебі бұл ретте жан-жақты дәруменге толы мәзір маңызды.
Зияны
Барлық адамға омега-3-ті пайдалануға болмайды. Кей жағдайда оның салдарынан аллергия туындауы мүмкін. Сонымен қоса туберкулез, қалқанша безі ауруы бар, бүйректе және қуықта тас болса, өт жолы дертінде, бауыры ауыратын және қанағыш синдромына шалдыққандардың ауруы асқынып кетуі мүмкін. Сондай-ақ майдың қабылданатын күнделікті мөлшері қатаң қадағаланғаны маңызды.
Ақылды баланы дүниеге кім әкеледі?
Калифорниялық медицина университетінің ғалымдары Санта-Барбара және Питсбург университетінде түрлі тәжірибе жүргізген. Барлығының ортақ шешімі өте қызық: «Әйел интеллекті жоғары баланы дүниеге әкелу үшін дене пішімі тиісті типке сәйкес болуы керек». Яғни белі мен мықынының арасында айырмашылық неғұрлым көп болса, соғұрлым бала ақылды болады. Көбінің санасында «бала зердесі туылғаннан кейін ғана білінеді, оның мықынға не қатысы бар?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. 
Тәжірибе сыры – сан терісінің астындағы май жасұнығының (клетчатка) молекулалық құрылымында. Адам ағзасындағы омега-3 май қышқылының негізгі қоры осы жерде жинақталып, құрсақтағы бала миының дамуына ықпал етеді. Сондықтан жалпақ белді қыздар спортпен шұғылданып, оны кішірейтуге әрекет еткені жөн. Себебі белде жиналған май құрамында омега-6 май қышқылы көбейеді. Бұл омега-3-ке қарағанда ағзаға керісінше әсер етеді. Егер мөлшері шамадан асып кетсе, мидың дамуын тежейді.
Осылайша ер адамның көбіне не себепті құм сағаты іспеттес дене пішіні ұнайтыны белгілі болды. Бір жағынан эстетикалық әдемі болса, екіншіден, дені сау, әрі ақылды ұрпақты дүниеге әкеле алады.
Тексеріп көр
Егер сіз ағзаңыздағы Омега-3 майының деңгейі туралы білгіңіз келсе, «Индекс Омега-3» анализіне қан тапсырып көріңіз. Егер анализ нәтижесі >8% болса, онда ағзаңызда бұл май қышқылы жеткілікті. Дегенмен бұл анализ түрі арзандардың қатарында емес.
Қорыта келе, осы тақырыпты зерттеу барысында көптеген қазақ отбасыларымен сұқбаттастым. Көбі өзінің күнделікті ас мәзіріне мән бермейтінін байқадым. Тіпті омега-3 туралы мүлде естімеген. Яғни халықтың «дұрыс тамақтану» ұғымы туралы білетіні аз.
Шетел ғалымдарының тәжірибелері туралы оқығанымда, маңызды жайт таңғалдырды. Олар халық арасындағы жүрек-қан тамырлары ауруының деңгейін төмендетуді емес, «алдын-алуды» зерттеуде. Яғни олар «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегенді құр айтып қана қоймай, іспен дәлелдеуде. Өз денсаулығына деген жауапкершілігі жоғары деңгейде.
Бізде қашан өзгеріс болады? Мемлекеттік емханалардың төмен деңгейі, онда өткізілетін медициналық тексеріс қағазға мөр басумен шектелетіні, халықты күштеп апару қашан тиылады? Ақша жоқ, уақыт жоқ, ынта жоқ демей, қашан әр адам ең болмағанда таңғы жаттығу жасауды бастар екен? Бала тәрбиелеп отырған әрқайсысымыз келер ұрпақтың денсаулығына жауапты екенімізді қашан түсінер екенбіз?   
Әсел БЕГМАН
22 қараша 2018 ж. 1 468 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031