Полиция департаментінің бастығы халыққа есеп берді
Халықпен өзара іс-қимыл жасасуды және полиция қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бүгін қалалық мәслихат залында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Мұхитов Қайрат Болатұлы облыс тұрғындарына есеп берді.
Кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы, облыс әкімінің орынбасары Сүлейменов Серік Жүсіпұлы, мемлекеттік мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, Консультативтік – Кеңесші орган мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Ардагерлер Кеңесі, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыс және қала тұрғындары қатысты.
Жиынды Полиция департаментінің бастығы Мұхитов Қайрат Болатұлы ашып, осы жылғы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Онда облыс көлемінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға төмендеп, қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігі сөз етілді.
Тұрғындармен кездесу барысында Қайрат Болатұлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылдың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында полиция қызметіне қатысты көтерілген мәселелерге де тоқталды.
Департамент бастығы полиция жұмысын жаңғырту, жаңа сатыға көтеру, азаматтардың құқығын қорғайтын тәртіп сақшысының имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, полиция қызметіне сандық технологияларды енгізу жұмыстары жөнінде айта келіп, тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға тартты.
Полиция Департаменті бастығының баяндамасынан кейін, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Дәулет Беркімбаев облыс орталығы көлемінде атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Қайрат Болатұлы кездесуге келген азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін тыңдап, толыққанды жауаптар беріп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатын жеткізді.
Департамент бастығы облыс тұрғындарының барлық уәждерін ескеріп, полиция қызметіне жұмыс барысын жетілдіруге қатысты тұрғындардың ұсыныстары бойынша және барлық көтерілген мәселелер мен өтініштердің бақылауға алынатындығы айтылды.
Еркін сұхбаттасу алаңында облыс тұрғындары тікелей департамент бастығына өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Тұрғындар тарапынан учаскелік полиция инспекторларының қызметінен бастап әлеуметтік мәселелерге дейінгі түрлі сипаттағы сұрақтар қойылды. Мәселен, әкімшілік полиция, көші-қон қызметі, белгілі бір қылмыстық істердің тергелуі, қоғамдық тәртіп және жол қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдау сұрақтары да қамтылды. Кездесуге келген қала тұрғындары өз кезегінде жүктелген міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысын бағалай келе, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты халыққа жеткізу жұмыстары жалғасын табатынына сенім білдірді. Кей тұрғындар қоғамдық орындардағы, көшелердегі, жолдардағы қамтамасыз етілген қауіпсіздік үшін өз алғыстарын да білдіріп жатты.
Жиын соңында облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы полиция қызметі халықтың сенімі арқылы өлшенетінін, заңды, тәртіпті сыйлау арқылы құқық бұзушылықтың алдын алудың, қоғамдық тәртіпті күшейтудің, қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға қол жеткізетінімізді айта келе, белсенді азаматтық позицияны ұстанатын қала тұрғындарына алғысын білдірді.
Айта кетерлік жайт, есептік кездесу өтер алдында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы хабарландыру жарияланып, облыс және қала тұрғындары өз сауалдарын электрондық пошта, әлеуметтік желілер және ресми веб-сайт арқылы жолдауларына мүмкіндік алды.