Қаңтардағы ҰБТ-ға желтоқсанда өтініш қабылданады
Қантар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер 1 желтоқсаннан бастап қабылданады.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов 2019 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы туралы мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2019 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру форматы бұрынғыдай қалады. Сонымен қатар, оқуға түсушілерге көмек ретінде бірқатар жаңалықтар қарастырылған.
2019 жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет (қаңтар; наурыз; маусым-шілде; тамыз) өткізіледі. Бұл ретте білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін оқуға түсушілер маусым-шілде айларында өтетін ҰБТ-ға қатысуы қажет.
2019 жылғы 15-20 қаңтар аралығында өткізілетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер 2018 жылғы 1-15 желтоқсан аралығында қабылданатын болады. Осы тестілеуге орта мектептердің 11 (12) сынып оқушылары, сондай-ақ, ЖОО-ға бірінші академиялық оқу кезеңі аяқталғанға дейін қабылданған тұлғалар қатыса алады. ҰБТ-ны сәтті тапсырған 11 (12) сынып оқушылары ЖОО-ға ақылы негізде түсе алады.
Сондай-ақ, шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар тұлғаларды «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату нормасы енгізілуде.
2019 жылдан бастап білім гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Білім беру бағдарламаларының тобына бірнеше білім беру бағдарламалары кіреді. ЖОО-ға қабылдау кезінде оқуға түсушілер одан әрі оқу үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Министрлік ЖОО-ы жүзеге асыратын білім беру бағдарламаларының реестрін қалыптастыратын болады.