ЖАСТАРҒА ЖІГЕР БЕРЕДІ
«Болашақ» университетінде Елбасының жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талдап, оның маңызы мен мәнін жастарға түсіндіруге, насихаттауға арналған жиын өтті.
«Педагогика» факультетінің «Бастауышта оқыту, өнер және спорт» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шарада кафедра меңгерушісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сара Тайманова мақаланың басым бағыттары, негізгі идеясы туралы әңгімеледі.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы халықтың қызу қолдауына ие болуда. Аталған мақалада Елбасы уақыт талабына сай еліміздің саяси, мәдени, рухани өмірінің бағыт-бағдарын тағы да айқындап берді. Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, тарихымызды қайта түлетудің маңыздылығын көрсетті. Мақала екі бөлімнен тұрады. Біріншісі, «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталса, екіншісі, тарихи сананы жаңғырту. Елбасының ой-толғамдары біздерге жігер беріп, жарқын болашаққа жол сілтейді, – деді ол.
Жиында сонымен бірге, «Бастауышта оқыту, өнер және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Оспан Боқаев мақалада көрсетілген атқа міну мәдениеті туралы жастарға түсіндіріп берді.
– Елбасы мақалада атқа міну мәдениетінің негізі жылқыны қолға үйретуден басталғанын айта келіп, бес қаруын асынған сарбаздың, ту ұстаған жауынгердің бейнесі мен оның киім үлгісінің тарихына зер салады. Ұлттық сипатын ашып көрсетеді. Жалпы, жылқы біздің халқымыз тұрмысында ерекше орын алатын түліктің бірі. «Ат – ер қанаты» дейді дана халқымыз. Ол ұлттық спорт түрлерінің бірі ретінде орта және жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Оны насихаттауға мән берсек, жас буынның денсаулығы мықты, шымыр болып өсуіне оң ықпалын тигізер еді. Сондай-ақ, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге мүмкіндік берері сөзсіз, – деді О.Боқаев.
Басқосуда студенттер де мақалаға орай өз ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Ермұхаммед Сыражов, Рашид Қожабаев, Сымбат Құрманбаева, Әйгерім Захарадин және басқа да жастар сөз алып, Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттерге өз көзқарастарын білдірді.