«Ұлы дала» шығармашылық байқауы жарияланды
«Нұр Отан» партиясы бас жүлдесі 1,5 миллион болатын «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Ондағы басымдықтарды жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясы да тікелей атсалысатын болады. Осы бағыттағы жобалардың бірі - жас ақын-жазушыларға арналған «Ұлы дала» шығармашылық байқауы. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Президент мақаласының мәні мен маңызына тоқталып өтті. Ол бұл мақаланың ұлт тарихын танудың жаңа кезеңін бастап бергенін және біздің әлемдік өркениет пен жаһандық дамуға қосқан үлесімізді дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейтінін айтты. Байқау өз шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілерді анықтауды көздеп отыр.Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады. Нәтижесінде «Проза», «Поэзия», «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценариі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығармалар» сияқты бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ. Әр аталымның жеңімпазына - 1,5 миллион, 2-орын иегерлеріне - 750 мың, ал 3-орын алған қатысушыларға 500 мың теңгеден беріледі. Байқаудың басқа да шарттары туралы ақпаратты партияның ресми сайтынан білуге болады.