ҚАЙЫРМАЛАР

                                                                                              Redaktor bagany
  Қыр қазағы, Сыр қазағы, қала қазағы, дала қазағы оған бертінде шала қазақ қосылды. Енді қазір жаңа жылды тойлайтын және тойламайтын қазақтар болып бөлініп жүрміз. Мейрам атаусыз қалар, жоқшысы болайын деген ойым жоқ. Әншейін әңгіме арасындағы бір гәп қой, ол да дұрыс шығар, шымкенттіктер қыста үйленіп алып, көктемде (дәлірек айтқанда, жағдайы келгенде) тойын жасап жатады ғой. Бұл да соған ұқсайды. Кіретін жаңа жылға жол ашық, күнтізбеңді жаңалай бер, тойымыз көктемде – 21 наурызда. Бұл да – ұстаным.
         ***
      «Шынымды айтсам, жаңа жылды тойламаймын дейтіндерді түсінбеймін, – дейді келінім. – Өтірік айтатын сияқты. Қалай сонда? Сол күні кешкісін бір шай ішілетін шығар». Мен күлем де қоямын. Кешкі шай мен арнайы дастарқан жасаудың жөні екі бөлек қой. Балалық шағым есіме түседі. Кешкі ас ішеміз. Әдеттегідей күндегі уақытымызда ұйықтаймыз. Түк емес. Таңертең 1 қаңтар боп тұрады. 31-і күні сағат 12.00-де ұйықтап жатқаны үшін жыл бойы қалғып жүретін әке-шеше қайда-а-а, жыл он екі ай тынымсыз тіршіліктен бел жазбайды. Мейрампаздықты жаны сүймейтін менің ата-анам сияқты адамдар әсілі көп қой.
         ***
         Адамдардың пікірі алты сайын өзгеріп тұрады дейді әлеуметтанушылар. Әдетте қандай да бір ұсыныспен кісінің алдына барар болсаңыз, ол оны сол уақытта қабылдамаса, алты айдан соң тағы бір қайыра есіне салуға болады екен. Келісуі бек мүмкін. Рас, уақыт өте көзқарас өзгереді. Адам санасының әміршісі тұрмыс-тіршілік түзету қақысын құр жібермейді. Егер осыдан бес-он жыл бұрын тіпті Достоевскийдің өзі тіріліп кеп: «бәрі өзгереді: басқа адамдар жақыныңа, жақының жатыңа, сүйіктілер таныстарға айналады» десе, сенбес едім.
***
         Coaching Шыңғыспен бірлесіп журналист болғысы келетін қаланың 8-11 сынып оқушылары арасында өткізген шеберлік дәрісімізді де желтоқсанның ортасына қарай қорытындыладық. Оқушылардың арасында тым-тәуір жазатындары да бар. E-mail поштамызға хаттар әлі де келеді. Осы ретте газетпен байланыс жасауда студенттерден Дамир Амангелдінің, оқушылардан Данна Кимнің, оқырмандардан Гүлдана Жұмадинованың есімін ерекше атауға болады. Жасыратыны жоқ, оқушылардың көбі теледидарда жұмыс істегісі келеді. Атақты бір артистің айтқаны бар еді: «қазіргі жастар өнерді емес, өнердегі өзін жақсы көреді» деп. Сол айтқандай, жазу өнерін емес, тележәшіктегі өзін жақсы көретін жандар да бар. Олар үшін көрерменге не айтып тұрғаны маңызды емес, экранға шықса болды. Біздің Ерасыл мен Әсел оқушыларға осыны ұғындыруға тырысты. Қалғанын уақыт көрсетер.
Айтпақшы, биылғы басты жаңалық – «Сыр медиа» академиясы ашылды. Мұнда журналист болғысы келетіндермен қатар облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының барлық тілшілері Астана мен Алматыдан арнайы шақырылатын қазақ журналистикасының майталман мамандарының шеберлік дәрісіне қатысып, тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін шыңдай алады. Толық ақпаратты «Сыр медиа» порталынан оқи аласыздар.
         ***
Журналшы қауымның жұмысы жазудан ғана тұрмайды ғой. Көктем мен күздің соңына қарай газетке жазылуға шақыратын және соған мүдделі тарап ретінде белсенділік таныту да – біздің жұмысымыз. «Әй, қазір газет оқымайды ғой ешкім. Телефонда тұрған жоқ па барлық жаңалық» дейді бір таксист өзіме таңдана қарап. «Әлде сіздің телефоныңыз заманауи емес пе деп қойсаңызшы енді маған. Өйткені жай телефонға жаңалық келмейді ғой» деймін қағытып, қарсы алдына іліп қойған «Nokia» 1280 – жайфонына қарап. Қарқылдап күледі. Неге күлгенін қайдам. Ал мен «ешкім газет оқымайды ғой» дегенде оның өзінің газет оқымайтынын меңзегеніне күлем. 
Теледидар пайда болғанда енді ешкім радио тыңдамайды (радио теледидардан бұрын пайда болған) деп даурыққан жұрт интернет кітапты керексіз етті деген күннің өзінде әлемде кітап бизнесі тоқтаған емес. Әрине белгілі бір деңгейде баяулатуы мүмкін. Егер алдағы елу жылда қазіргі телефонға телмірген жиырмадағы қыз бен жігіттің жасы жетпіске келетінін бағамдасақ, алдағы уақытта газеттің мобильді қосымшасын пайдаланғаны үшін ақы төлейтін де уақыттың ауылы емес.
Қандай да бір жақсылық үшін алғыс білдірген адамға Алланың берер нығметі толастамайды деген тәмсілмен, осы орайда, «Ақмешіт жастары» газетіне жазылдыру жұмыстарына атсалысқан облыс көлеміндегі барша оқырмандарымызға, әр мекеменің газетке жазылу жұмысына жауапты мамандарына, әсіресе оқу орындарының кітапханашы қыз-келіншектеріне зор ризашылығымызды білдіреміз. Еңбектеріңіз лайым жемісті болсын. «Ақмешіт жастары» газетін таңдағандарыңыз үшін рақмет!
         Жаңа жылдарыңызбен, құрметті оқырман! Әрбіріңіз үшін жақсы жаңалыққа толы, табысты жыл болсын деп тілейміз.
        Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
        
        
27 желтоқсан 2018 ж. 585 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031