ШАХМАТ – БИЗНЕС
Динара Садуақасова, шахматтан халықаралық дәрежедегі гроссмейстер:
Динара Садуақасова – шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы, жабық Азия ойындарының жеңімпазы, студенттер арасында Еуропа чемпионы, Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, әйелдер арасында халықаралық дәрежедегі гроссмейстер.
– Динара, Сыр еліне қош келдіңіз! Қызылордадан қандай әсер алдыңыз?
– Рақмет. Қызылордаға алғаш рет келіп тұрмын. Қатты ұнады. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қабылдауында болып, керемет әсер алдым. Нағыз спорт жанашыры екен. Сонымен қатар ҚМУ-дың студенттер сарайында бір мезеттік шахмат ойынын ұйымдастырғанда балалардың шахматқа қызығушылығын, көздерінің жанып тұрғанын байқадым. Бұл – мен үшін қуанарлық жайт.
– Әлемдік танымал шахматшылар латштық Михаил Таль, Каспаров, Карпов секілді шын шеберлер "Бенони" тәсілін жиі қолданады. Сіздің ойнау тәсіліңіз қандай?
– Бенони шахматтағы ең өткір қорғаныстың бірі және өте күрделі тактикалық ойынға апарып тірейді. Бенонидың шебері – өзіңіз айтқан Михаил Таль. Бұл әдісті кей ойындарда қолданамын. Онан бөлек рагозин, алехин қорғаныстарын да тактикамнан жиі байқауға болады.
– Динара Садуақасованың шахмат академиясы Астана, Атырау сынды қалаларда ашылады. Мұндай академия Қызылордада ашылуы мүмкін бе?
– Әрине, ашу ойда бар. Егер халықтан ұсыныс болып, әкімдік қолдап жатса академия Сыр елінде де ашылады. Дегенмен жаңа орталықтар жұмысын толыққанды бастаған жоқ. 22 желтоқсанда Елордада академияның ресми ашылуын ұйымдастырамыз. Ал Атырауда келер жылдың басында лентасын қиямыз. Осы екі орталық жолға қойылса, филиалдарын неге көбейтпеске? Тағы бір ескеретін жайт, біздің академия әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тегін оқытады.
– Хәкім Омаров мектебінде шахматтың қыр-сырын үйреніпсіз. Осы мектептің өзгелерден ерекшелігі неде?
– Өзге мектептің тәлімін көрмегесін артық-кемшілігін айта алмаймын. Дегенмен елдегі шахмат мектептерінің барлығы жақсы. Өйткені кез келген мектеп елдегі шахматтың дамуына үлес қосады. Омаров мектебіне қалай келді деген сұрақ туындауы мүмкін. Осыдан он алты жыл бұрын анам әпкемді, ағамды және мені аталмыш шахмат клубына алып барды. Біздің алғашқы бапкеріміз Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ольга Черепанова болатын. Марқұм жақсы кісі еді. Біз одан жақсы тәлім-тәрбие алдық. Ағам Арсен мен әпкем Айнұрдың шахматтан спорт шеберіне үміткер деген атағы бар.
– Бүгінде екі кітаптың авторысыз. Екеуінің айырмашылығы қандай?
– Алғашқысы «Шахматтағы алғашқы қадам» («Первые шаги в шахматах») атаумен жарық көрді. Бұл кітапта шахмат әлеміне қалай келгенім, жетістікке жету үшін қандай қадамдарға барғаным баяндалады. Ал екіншісі "Шахмат ойнап үйренейік". Кітапта шахмат алфавиті бар. Шахмат, тарих, ережелер, тактика, тапсырмалар, эфирлерді шешу, тапсырмаларға жауаптар, ойын барысында мінез-құлық ережелерін білу – мұның бәрін оқулықтан табуға болады. Жалпы Қазақстанда халықаралық шахмат техникасын әлемдік чемпионаттар мен халықаралық турнирлерді пайдалана отырып көрсететін қазақ тілінде оқулықтар жоқ. Кітап жазу маған оңайға соқпады. Өйткені отандық тілде мұндай кітап жоқ еді. Қазақ тілінде көптеген шахмат терминдері жоқ. Сондықтан мен осы кітапты құрған кезде филологтарға кеңес бердім. Бұл басылымды мектептерде және әртүрлі білім беру орталықтарына таратуды жоспарлап отырмын. Теориялық кітаптар – шахматтың бизнес-күрес үлгісінің бірі.
– Егер сізге кез келген шахматшымен ойнауға мүмкіндік берілсе, кіммен кездесер едіңіз?
– Егер көзі тірі болса, кеңес заманындағы ең озық шахматшылардың бірі Михаиль Тальмен ойнаушы едім. Ол көпшіліктің жадында ерекше ойындары мен қызықты әдістерімен есте қалды. Фишермен бір партиядан бас тартпас едім. Қазір есімі дүркіреп тұрған әлем чемпионы норвегиялық Магнус Карлсенмен ойнасам, тартысты ойын болатынына сенімдімін. Менің арманым – ерлер арасында элитаның құрамына ілігу. Ол үшін, ең алдымен, мен ерлер арасында гроссмейстер атану керекпін. Ақырын жүріп, анық басып, діттеген арманыма ұмтылып жатырмын.
– Идеалыңыз Гари Каспаров екен. Атақты шахматшыдан не үйрендіңіз?
– Бір қызығы, спортта кумирім жоқ екен. Дегенмен сіз дұрыс айттыңыз, Гари Каспаровтың ойынына таңданамын. Оның күші мен әмбебаптығы мені таңқалдырады.
– Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында шахматтан үздік құрама деп айта аласыз ба? Елімізде ер-азаматтардан гөрі қыздардың осы спорт түрінде жақсы нәтиже көрсетуінің сыры неде?
– Біздің елімізде шахмат енді-енді аяқтан тұрып келеді. Соның өзінде жақсы нәтиже бар. Жасөспірімдер арасында шахматтан әлем біріншілігінде алтынды алдық. Дүниежүзілік шахмат олимпиадаларында да лайықты ойнап жүрміз. 2014 жылы біздің әйелдер құрамасы алтыншы орынды иеленді. Әр өңірде жылдан жылға шахмат орталықтары ашылып, шахмат мектеп бағдарламасына пән болып енгізіліп жатыр. Ал ер-азаматтарға келетін болсақ, барлығы – уақыттың еншісінде. Біздің жігіттеріміз де Азия ойындарының блиц партиясында қола медальді қанжығасына байлады.
– Көркем гимнастика мен биді тастайтындай шахмат несімен баурап алды?
– Шахмат – құпиясы мол, өте тартымды, тұңғиық әлем. Оның бар құпиясын игеру екінің біріне бұйыра бермеген. Бір жүрістен кейін екінші жүрісті ұтымды ұйымдастыру жолында өзіңмен өзің іштей арпалысып, зердеңде қарсылысыңа қарымта қайтару үшін бір сәтте бірнеше жүрістің ыңғайын байқап көресің. Бұл – енді ғажап процесс. Сол сәтте айналаңда болып жатқан әрекеттің ешқайсысы да елең еткізбейді, бейнебір оның бәрі сенен басқа, өзге жерде өтіп жатқандай. Өзіңмен өзің, бар сана мен зейінің тек алдыңдағы шаршы тақтадағы фигураларда болады. Көз алдыңнан түрлі комбинациялар өтеді. Ыңғайлы жүрісті тауып, ол жемісін берген кезде кез келген спортшы бастан өткерер керемет сезім бойды кернеп, бақыт бесігінде тербелгеніңді сезіну – ерекше шабыт сыйлар, бейнебір бір сәтке көкте қалықтап бара жатқандай, бүкіл жан дүниеңізде байқалар ғажап әсер адамға керемет рухани күш сыйлауымен құнды. Сөз жоқ, мұндай көңіл-күй келесі бір жеңістерге жігерлендіріп, алға ұмтылдырады, келесі бір биіктерді бағындыруға жетелейтіні рас. Шахматтың осындай құбылысы өзге спорттан бас тартқызды.
– 4 тілде еркін сөйлейді екенсіз. Бұлардың қатары көбейе ме?
– Шетел жазушыларының шығармасымен көбірек танысу үшін тіл үйрендім. Бүгінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен бөлек, корей тілінде еркін сөйлеймін. Француз және араб тілдерін үйрену үстіндемін. Корей тілін үйренудегі басты себеп, аталған елді ерекше құрметтеймін. Олардың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары қатты ұнайды. Ал француз тілі – әдемі естілетін әрі нәзік тіл. Оны меңгеру арқылы мен сол елдің жазушыларының еңбегін аудармасыз оқығым келеді.
– Шахматтан тыс қандай шаруамен айналысасыз?
– Спортшылардың барлығы да шаршайды. Мұндай кездерде ең бастысы, өзіңе жайлы атмосфера жасаған жөн. Мысалы, мен Астанада болсам, қаланы аралағанды жақсы көремін, таза ауада серуендеймін. Жақсы көретін музыкаларды тыңдап, кітап оқимын. Бұлар стресті жойып, шахматтың режиміне қайта қосылуыма септігін тигізеді.
– Сіздіңше, Қазақстан шахмат жөнінен әлемде нешінші орында тұр?
– Өзім жайлы айтсам, әлем бойынша әйелдер арасындағы Франциядағы «Корсик Мастерс» ашық турнирінің рейтингінде 11-інші орында тұрмын. Менің де нәтижем арқылы Қазақстанның шахматтағы деңгейін біледі. Әлем бізді мықты қарсылас ретінде таниды.
– Шахматты үйренгісі келетіндердің алғашқы қадамы қандай болуы керек?
– Шыдамдылық. Шахматпен тағдырын байланыстырамын деген жан төзімді болмаса, бәрі бекерге айналуы ықтимал. Мұнда басты жолдасың – сабырлылық. Шахмат – байсалды әрі байыптылықты, сабырлылықты қажет ететін спорт түрі. Асықпай, тек көз алдыңдағы шахмат тастарынан басқа ешнәрсені де елең етпей, бар санаң тақтада отырғанда ойыңды бөлу – сәтсіз шешім.
– БҰҰ-дағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) елшісі екенсіз. Балалардың құқын қорғау бойынша Қазақстанда қандай іске араластыңыз? Мысал келтірсеңіз?
– 2017 жылдың қараша айында БҰҰ-дағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) елшісі болдым. Мен үшін елші болу жұмыс емес. Бұл — жаныма жақын, айналысқым келген дүнием. Менің девизім мен ЮНИСЕФ-тің ережелері ұқсас. Біз бәрін балалар үшін жасаймыз. Ең бастысы балалар бақытты, дені сау және қауіпсіз қоғамда өмір сүру керек. Осы жылдың ақпан айында отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау кампаниясы іске қосылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кездесу ұйымдастырып, лидерлердің шешімі бойынша спикер болдым. Болашақта өзге қалаларда өткізу жоспарда бар. Қазір әр түрлі шахмат турнирлерін өткізіп жатырмыз.
Әңгімелескен:
Ерасыл ШӘРІБЕК