Ерекше сыйлық

2018 жылдың желтоқсан айының 24-жұлдызында «Ерекше» дизайнерлік-эксклюзивті модельдегі өнім жасауды үйрету орталығында айтулы кеш өтті. Кеш барысында орталықтың белсенді жастарымен арнайы практикалық сабақ өтілді. Практикалық сабақтың кіріспесі жалпы «кәсіп» ұғымына түсініктеме берумен басталып, кәсіпті дамыту жолдары, ерекше сұранысқа ие болу тәсілдері, жаңашылдыққа бет бұру сынды ауқымды тақырыптарды қамтыды.
Кештің екінші бөлімінде арнайы ойын ұйымдастырылып, жастарға ұлы тұлғалар мен олардың қанатты сөздері жазылған парақшалар үлестірілді. Сабақты қорытындылай келе, студенттер сублимацияға арналған құрылғылардың көмегімен өздеріне тиесілі парақшалардағы бейне мен жазуды ақ футболкаларда басып шығарып, теориялық білімдерін практикада жүзеге асырды. Кеш соңында алынған өнімдер жастарға алғашқы Жаңа жылдық сыйлық ретінде таратылды.
Түрлі кәсіп түрлерін үйреніп, меңгеруге мүмкіндік берген «ЖасПроджект» жобасына жастардың алғысы шексіз!