» » ДИАЛОГ: ГАЗ САПАСЫНЫҢ ТӨМЕНДЕГЕНІ РАС ПА?

ДИАЛОГ: ГАЗ САПАСЫНЫҢ ТӨМЕНДЕГЕНІ РАС ПА?

   – Ал баста. Қандай мәселе?
– Бүгінде көпшілік арасында газ сапасы төмендеп кетті деген пікір көбейді. Осы тақырыпты кеңінен зерттеп көрсек деп едім.
– Жақсы.
– 2009 жылы Құмкөл кен орнында...
– Тұра-тұр. Түсінікті болу үшін арыдан баста.
– Ондай болса мектептегі химия пәнін еске алайық. Табиғи газ – пайдалы қазбалар қатарына жатады. Ол жер қойнауларында жекелеген шоғырлар немесе мұнай-газ кен орындарының беткі бөлігінде арнайы қабат ретінде, сондай-ақ мұнайда, кей жағдайда суда ерітілген күйде де болады. Қалыпты жағдайда табиғи газ тек газ тәрізді күйде болады. Таза табиғи газдың иісі мен түсі болмайды. Табиғи газдың негізгі бөлігін метан (CH4) құрайды (92-ден 98 %-ға дейін). Сонымен қоса метанның гомологтары кіре алады (этан, пропан, бутан) және басқа да көмірсутек емес заттар да кездесіп жатады (сутек, күкіртсутек, көміртек диоксиді, азот, гелий).
– Түсінікті.
– Нысандарды жылыту үшін газ арзан, әрі тиімді. Десе де мұнай-газ өндірісі экологияны ластап жатқан саланың бірі. Себебі осыған дейін бізде ілеспе газды пайдаға асыру қолға алынбаған еді. Мұнай өндіру барысында оны жай өртейтін. Мәселен, АҚШ-та ілеспе газдың 97%-ын, ал Норвегияда 100%-ға дейін қолданады.
– Шетеліңді қой. Қазақстанға оралайық.
– Газды өртеу – ауаны ластап, адам денсаулығына орасан зиян келтірді. Құрамындағы қалдықтар аймағымызда жүйке жүйесі мен қатерлі ісік ауруларының шығуын жиілетті. Осыған байланысты 2009 жылы Құмкөл кен орнында өтпелі мұнай газын өңдеу зауытының ашылуы – республика үшін қуанышты жағдайдың бірі болды. Зауыт құрылысына акционерлер 13 млрд. теңге құйып, жұмыс барысында әлемнің 30 елінде қызмет етіп жатқан «Экстерран» компаниясының тәжірибесі мен біліміне жүгінді.
 – Енді картинаны толық елестету үшін бір элемент жетіспей тұр. Газды өңдеу және қолдану қалай жүзеге асады?
Темірбек Жамедұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті "Мұнай-газ инжиниринг" кафедрасының профессор міндетін атқарушы:
Газдың әлемдегі тұтыну көлемі мұнай көрсеткішіне жетіп қалды. Сондықтан жаңа кен орындарды қоса есептегенде табиғи газдың барланған есептік қоры – 3,3 триллион текше метрге, ал потенциалдық ресурстар – 6-8 трлн м3 теңелген. Бұл әлемдік қордың 1,7 пайызы. Газ өңдеу зауытының негізгі мақсаты – мұнай құрамындағы еріген табиғи газды салқындатып, оның құрамындағы ауыр СН-лерді конденсация арқылы бөліп алу. Осы орайда Ақшабұлақ кен орнын атап өткім келеді. Оның құрылымы 1987 жылы табылған болатын. Ақшабұлақ кен орнында газды бөліп алудың бірнеше нұсқалары бар:
Ақшабұлақ кен орнында тікелей газ турбиналық қондырғы құрылысын салу және электр энергиясын өндіру;
Құмкөл кен орнында электр энергиясын өндіру үшін газды апару;
Ақшабұлақ кен орнында газды дайындау объектісінің құрылысын салу, содан кейін құрғақ газды Қызылорда қаласындағы жылу орталығына жеткізу (ТЭЦ).
          Бірінші нұсқаны қарастырсақ, кәсіптің электр энергиясына деген сұранысы ілеспе газды өндіруден алынған электр тоғымен салыстырғанда аз екенін атап айтуға болады. Электр энергиясын тұтынушылардың қашықта орналасуына байланысты бұл нұсқаны бағалау тиімсіз.
          Екінші және үшінші нұсқа бір-біріне ұқсас. Айырмашылығы тек Құмкөлге дейін және Қызылордаға дейін тартылған құбырлардың қашықтығы.
«Оңтүстік Торғай ойпатындағы кен орындарының ілеспе газын бөліп алу, өндіру жобасына» сай мұнай кәсібінде ілеспе газды жинау және дайындау жүйесі Қызылорда облысының экономикасы саласында газды қолдануға мүмкіндік берді. Магистралды газ желісімен ілеспе газды жіберу үшін газ алыс қашықтыққа тасымалдауға дайындалуы қажет. (Қызылорда қаласына дейін 120 км). Ілеспе газды дайындау қондырғысы газды конденсаттан және ылғалдан құрғату қондырғысынан тұрады. Ілеспе газдың құрамында белгілі мөлшерде пропанның болуын ескере отырып, құрғату әдісі ретінде айырудың төменгі температурада салқындату (НТС) әдісі таңдап алынды.
– Айтылғандардан аймағымызға газдың келуі қажырлы еңбекті талап еткенін байқадық. Газ келді. Енді оның сапасына кім жауапты?
– Осы сұрақ бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалының директоры Т.Қызылбаевқа сауал қойып, ресми хат жолдадым: 1. Қазіргі уақытта тұрғындардың көбі газды қанша көтерсек те, үйіміз жылымайды, бастапқы жылдардағыдай емес, қазіргі газдың қуаты жоқ дегенді жиі айтады. Бұл туралы редакцияға арнайы хабарлама жіберушілер де бар.  Бұл жағдайға қандай факторлар әсер етуі мүмкін? 2. Ел ішінде «газға ауа, не өзге қоспа қосады екен» деген алып-қашпа әңгіме көп. Осы қаншалықты шындыққа жанасады? Халық тұтынатын газдың құрамы лабораториялық тұрғыда зерттеле ме? Халықаралық стандарт талаптарына қаншалықты сәйкес келеді?
Жауап дайын болу керек уақытта бірнеше рет телефон шалдым. Көтермеген соң іздеп бардым. Түске дейін жауап болады деп сендірді. Түсте хабарласқанымда хатшы қыз желі бос емес деп кейін хабарласуымды сұрады.
– Жауап бар ма, сонымен, жоқ па?
– Жоқ. Бірақ бұл туралы осы салада 15 жыл тәжірибесі бар маманнан сұрап көрдім.
Грегорий ВАСИЛЬЕВ, қазандықты орнату және жөндеумен айналысатын жеке кәсіпкер:
– Мәселе газ қуатында емес, халықтың өзінде. Бізде көбісі алған пешінің не қазандықтың қуатына, сапасына мән бермейді. Тіпті тиісті тексерістен өткізіп, оған уақыт та бөлмейді. Тек қыс келгенде өшіп қалса, дабыл қағады. Ол да көлік сияқты. Уақыт өте ескіреді. Ішін арнайы маманға көрсетіп, қыс келмей тұрып тексертіп алу маңызды. Оған қоса өңіріміз желді аймақ болғандықтан желдің күші де пеш жұмысына әсер етеді. Мәселен, соңғы жылда 8 мектеп салынса, соның жетеуінің басшылығы «мектеп жылымайды» дейді.  Барып тексергенде алған қазандықтың қуаты берілген көлем мен талапқа сәйкес келмейтіні анықталады. Сондықтан сапасы мен қуаты жоғары құрылғы қолданған жөн. Бірақ бұл қымбат. Өкінішке қарай халықтың барлығының әлеуметтік жағдайы ондайға мүмкіндік бермейді. 
– Газдың сапасы туралы мәселе неге дәл осы уақытта талқылануда?
– Қараңыз, бізде халық көбіне қазандықтың эконом кластағы моделін қолданады. Олардың жұмыс уақыты 7-12 жыл. Одан кейін оны ауыстыруға тура келеді.
– Сонда мәселеге пештің жарамдылық мерзімі себепкер болуы мүмкін бе?
– Мүмкін. Себебі газдың қуаты оның калориясына байланысты. Яғни бір метр кубте 7600 ккал-дан төмен болмау керек. Ал газға ауа қосу тиімсіз. Ол біріншіден қауіпті, екіншіден көптеген қаражатты талап етеді. Газ құрамындағы ауа деңгейі 1%-дан төмен болу керек. Егер оны әдейі, не абайсызда көбейтсе, «бум!». Яғни жарылады.
– Жарайды, ауаны ысырып қояйық. Басқа қоспалар туралы айтарың бар ма?
– Халық сенімсіздігінің өршуіне газ сапасының төмендегені емес, газ өндірушінің оның сапасын төмендете алуына жағдай жасалуы әсер етуі мүмкін. Бұл туралы аты-жөнін көрсетуіме қарсылық білдірген заңгер айтты. Таңғалғаным, осы газ саласына қатысты кімге сауал қойсам да (басшылық, қарапайым жұмысшы), бәрі делік басын ала қашады немесе аты-жөнін көрсетуіме қарсылық білдіреді.
– Маман не дейді сонымен?
– Ауадан гөрі газға азот қосқан жеңіл. Азот – инертті газ, қоспадағы басқа заттармен байланысқа түспейді. Оған қоса газ сапасын бақылағанда оның құрамындағы азот мөлшері заң тарапынан қадағаланбайды. Мәселен, Ресейде жас ғалымдар осы бағытта зерттеу жүргізген. Нәтижесінде  газ құрамындағы азот мөлшері 3%-ды көрсетеді. Ал Еуропада мұның алдын-алып үлгерген. Олар «газ құрамындағы азот мөлшері 0,5%-дан аспау керек» деп арнайы заңда көрсеткен.  
– Біз сонда газ сапасын үй жағдайында тексере алмаймыз ба?
– Мұндай құрылғы әлемде жоқ. Сондықтан тұтынушы үйіне келіп  тұрған газдың калориясын нақты көрсете алмайды. Осыдан кейін де оның қолы жіпсіз байлаулы. Себебі нақты дәлел жоқ. Ал дәлел болмаса, өндірушіге қандай да бір шағым айту негізсіз. Сондықтан осындай құрылғыны жарыққа шығару өзекті мәселенің бірі болып тұр. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде.
«Мекен-жайды ауыстырған жоқпыз. Үйді де үлкейткеніміз жоқ. Бірақ алдыңғы жылға қарағанда газды көп қолдандық. Ақшасы көп шықты. Жылуы да жоқ» дегендер қайтпек?
– ...
Материалды осылай аяқтамақпысың? Бір шешімін көрсет, журналистсің ғой!
– Газ сапасын тәуелсіз сарапшыға тексертіп, алған нәтижемен сотқа баруға болады. Егер жақсы қорғаушы, артық ақшаңыз болса.
P.S. 2040 жылға қарай әлемнің газға деген сұранысы 32%-ға артады. Табиғи газдың ауқымды қоры бар елдер үшін экономикалық олжа. Бұл бойынша Қазақстан әлемде 14 орында. Ресей, Түркменстан, Өзбекстан сынды көршілермен бәсекеге түсіп, дүниежүзілік экспорт аренасында ойып тұрып орын алуға болады. Бірақ теңіз де тамшыдан құралғандай, ел ішіндегі осындай мәселе шешімін таппайынша, басқа елдер алдында мақтану ертелеу секілді.
17 қаңтар 2019 ж. 932 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031