ЖАСТАР – БІЛІМДІ 10 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНДА
Vouchercloud» порталының бағалауы бойынша Қазақстан жастарға білім беру деңгейі бойынша 9-шы орыннан көрініп, Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финляндия сынды алпауыт елдерді басып озған. Рейтингті жасаушылар еліміздің барлық үміттерді ақтағанын жазып, Қазақстанның «жаңа интеллектуалды держава» бола алатынына сенім білдірген.
Бір қызығы, рейтингтің алғашқы бестігінде Азия елдері тұр. Бұл жағдай жаһандық интеллектуалды күштің үлкен өзгеріске ұшырайтынын дәлелдейді. Уақыт өте келе жаңа инновацияның бәрі Шығыстан ағылып, батыстың идеялары үстемдігін тоқтатады деп болжайды. Жастардың білім деңгейі бойынша елдердің рейтингі портал жүргізген зерттеудің бір бөлігі ғана. «Vouchercloud» сарапшылары әлемдегі ең ақылды 25 елдің тізімін жасау үшін біршама деректі пайдаланған. Жастардың білім деңгейінен басқа Нобель сыйлығының лауреаттары мен халықтың орташа IQ көрсеткіші ескерілген. Нәтижесінде АҚШ-тан бірнеше рет Нобель лауреаттары шыққанына қарамастан күн шығыстағы Жапония ең ақылды елдер рейтингінде бірінші орынды иеленген. Бұл елде тек Нобель сыйлығының 26 лауреаты шыққанмен, халықтың IQ деңгейі мен жастардың білім деңгейі өте жоғары. Екінші орын Швейцария, үшінші орынды – әлемдегі IQ деңгейінде екінші орындағы Қытай орналасқан.