» » Мал баққанға бітеді

Мал баққанға бітеді

Farmer
   Өңіріміздегі жақсы дамыған саланың бірі – мал шаруашылығы. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінгі күні қарқынды жүруде. Осынау ата кәсіпті жалғастырып, маңдай терімен адал нан табатын жандар ауылдарда жетерлік. Қолындағы бірнеше жылқының күтімін жасап, көбейткеннің бірі қазалылық – Сұлтан Айтуғанұлы.
Ол – Қазалы ауданына қарасты Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғыны. Ауылындағы №91 орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітіріп, «Қазалы көлік-техникалық колледжіне» оқуға түседі. Одан «Тепловоз машинасының көмекшісі» мамандығын тәмамдап шығады. Алайда ол өз мамандығы бойынша жұмыс істеген жоқ. Оған себеп те жетеді. Әкесі Айтуған көзін ашқалы мал шаруашылығымен айналысқан. Өзі де ес білгелі барлық уақытын жайлау мен қыстауда өткізгенін айтады. Ауыл өміріне бір бүйірі бұрып тұратын жігіттің бұл кәсіппен айналысуына осының өзі жеткілікті еді. Талай адамның тіршілігіне арқау болған төрт түлік малдың бірі – жылқы малы екені белгілі. Бастапқыда әкесінің айтуымен бірнеше бие ұстайды. Кейін күнделікті пайдаланатын қымыз әдепкідей ауысып қалмайтын болған. Оған себеп – қымызды ауыл тұрғындарының сатып алу еді. Арада шамалы уақыт өткен соң ауыл адамдарының тарапынан сұраныс артады. Осылайша үйіне кішігірім табыс та түседі. Небәрі 3-4 ай көлемінде сапалы қымызымен ел арасында таныла бастайды. Тіпті ауыл адамдарынан естіген аудан тұрғындары хабарласып немесе өздері арнайы келіп қымызды молынан сатып алуды әдетке айналдырады. Сұлтан әуелгіде әр келушінің байланыс нөмірін алып қалып, аудан орталығына өзінің көлігімен тасымалдап, жеткізіп беріп отырған. Бұл да ауылға жолы түспейтін тұтынушыларға көп көмек еді. Пайдасы да соған сәйкес еселене берген. Табысты болуына бұл да өзіндік септігін тигізгенін айтады.
Міне, осы күннен бастап Сұлтан кәсіп ашу жайлы тоқтамға келеді. Сөйтіп Қызылорда қаласына келіп, Кәсіпкерлер палатасынан бір айлық оқу оқып, кәсіп ашады. Арнайы мамандардан бағыт-бағдар алған соң мемлекеттен тиісті көлемде қаржы алып, бес бие сатып алады. Алғашқы кезеңде бұл едәуір қиындық тудырады. Себебі – бес биені сауу, қымыз жасау адам күшін қажет еткендіктен біраз машақаты болған. Бірақ бірнеше айдан соң мемлекеттік грант ұтып, қымыз шайқайтын аппарат алады. Ал ол техника жұмысты айтарлықтай жеңілдеткен.
– Бір бие орта есеппен күніне 5 литр сүт береді. Қыс айларында литрін 600 теңге саудаласақ, жаз айларында 500 теңгеге бағалаймыз. Бұрын қымызды шайқау қол ұстайтын. Жаңа техника алып, бұл мәселе шешімін тапты. Негізі бұл кәсіпте сапа алдыңғы қатарға шығады. Өйткені қазір халық ағарғанға су қосып сататындарға жиі алданады. Менің ендігі ойым – биелердің санын арттырып, сапалы өнімді өзге де аудандарға саудалау болып отыр. Қолдан келсе, еліміздің түкпір-түкпіріне барып, өнімімді насихаттап қалармын, – дейді жас кәсіпкер.
Алғашында азды-көпті малмен айналысқан жас жігіт бұл күні осылайша бейнетінің зейнетін көріп, табысқа кенелуде. Бұрынғыдай емес қазір шаруашылығы біраз оңалып, ісі алға басқанын айтады. Ісмер жігіттің тыныс-тіршілігін көріп отырған ауыл адамдары да оған дән риза. «Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Еңбегі жанып, ісінен нәсіп тауып, кәсібін ұршықша иірген кәсіпкерге біз де сәттілік тіледік.
Ақтілек БІТІМБАЙ
30 қаңтар 2019 ж. 594 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031