ОРАЛУ
Жақында теледидардан "Қаракет" бағдарламасын тамашаладым. Бейсен Құранбек жүргізген "Жаңа жыл, жаңа үміттер" бағдарламасы өзгелерден ерекше болды. 23 жыл дегенде баласымен табысқан кейуананың өмірін көрсетті.
Гүлнәр Тәжібаева – көп балалы ана. Он бір баланы тәрбиелеп, өсірген. Тұңғыш ұлы Қалыбек 1990 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу мақсатында әскерге кетеді. Өзге елдің қызына ғашық болады. Осылайша украин қызын ертіп елге келеді. Келіннің мамасы сырқаттанып, тез арада Украинаға бару керек болады. Барып келген соң, күйеуімен баласын алып қайта кетеді. Сол кеткеннен мол кетеді. Қанша уақыт іздейді, таба алмайды. Баласы екі-үш жылда бір әр түрлі номермен хабарласып, жағдайының жақсы екенін айтады. Ана жүрегі алабұртып, баласын іздейді. Күн-түн ұйықтамай, сағынады, сарғаяды. 3 рет "Жди меня" бағдарламасына, "Бармысы4 бауырымға" береді. Одан да нәтиже шықпайды. Бауырларының да бармаған жері6 баспаған тауы қалмайды. Ұлымен кездесуді арман еткен әке өмірден озады. Екінші ұлы мен қызы ауыр дерттен қайтыс болады. Ана "Қаракет" бағдарламасына бір жыл бойы хабарласты, нәтиже шықты. Ұлы табылып, елге оралды. Оған бағдарлама ұжымы, жүргізуші Бейсен Құранбектің көп көмегі тиеді.
– Қазақтың осындай жігіттері үшін намыстанамын. Мен айттым, бармаймын, көрсетпеймін, қаңғып жүре берсін дедім. Бірақ амалсыздан ананың көз жасы, баласын көрсінші, арманына жетсінші деген шешімге келдім. Ботасын іздеген бозінгеннің зары бар ғой, ананың жан-айқайы солай елестеді. Барып көрейік, қаракет етейік деген оймен ұжым Украинаға жол тартты. Қалыбектің Украина азаматтығын алғанын білдік. Сол себепті құжаттарын реттеу қиын болды. Ана тілегін, әке аманатын, бауыры Нұрлыбектің арманын орындадық, – дейді жүргізуші Бейсен Құранбек.
Студияға келген Қалыбектің інісі Жәнібек қайтыс болған ағасының әйелі Гүлнармен бас қосқан екен. Көздің қарашығындай үш ұлды жібергісі келмей, жақындарының тілеуімен әмеңгерлік жолмен үйленген екен. Бір бағдарлама арқылы қазақтың ұмыт болған дәстүрі жанданады. Өмірі көрмеген, танымаған қайын ағасына студияда сәлем салды. Бұл да қазақтың сәлем салу дәстүрін насихаттағандай.
– Балам хабарласып, келіншегімен айырылысып кеткенін айтты. Жағдайым нашар деді. Жылап тұрғанын даусынан аңғардым. Ауылға барған соң барлығын түсіндіріп айтамын деді. Арманым осы ұлымды көріп, оны құшағыма алу болатын. "Қаракет" бағдарламасы арқылы арманым орындалды. Ұлыммен қауышып, мауқымды бастым дейді, – батыр ана.
"Үйіме қайтқым келеді, бәрін сағындым" деген Қалыбекті үйіне қайтарды. Ол ұшақтан түскенде елге деген сағынышын білдірді. Отанды өзіңмен бірге ала кетуге болмайды. Тек Отанға деген сағынышты ғана алып кете аласың. "Туған жерім менің" деп аппақ қарды алақанына алып, бетіне басты. Туған жердің қары да ыстық болатынын түсіндік және туған жердің қасиетін осындай оқиғалар арқылы білеміз.
Мөлдір САБЫРЖАН