ҰЛАНДАР АНТ БЕРДІ
Қызылорда облысы орталығында құрылған Ұлттық Ұлан сарбаздары қоғам тыныштығын сақтауға елеулі үлес қосуда. Оған дәлел – 150 ұлан 46 бағыт бойынша қала аумағын үздіксіз қадағалау нәтижесінде топтық төбелес пен шет аймақтағы қылмыс азайған. Тіпті бірнеше жауынгер тұтастай отбасын өрт құшағынан аман алып шығып, жоғары марапатқа ие болды. Бүгін ширақ қимылы мен әскери антқа адалдығы арқасында Ұлттық Ұлан қатары жаңа сарбаздармен толықты.
Отан алдындағы борышын Қызылорда облысындағы 55\47 әскери бөлімінде өтейтін 140 жауынгер Тағзым алаңында салтанатты түрде ант қабылдады. Мерзімді әскери қызметке Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Алматы облысының өрені шақырылды.
– Отан алдындағы борышымды өтеу – менің парызым, міндетім. Менің ғана емес өзін ер жігіт санайтын жігіттердің міндеті деп санаймын. Халыққа қалаулы, еліне елеулі азамат болып, әрқашан егемен ел мәртебесін көтеріп, мықты болу біздің парызымыз. Барлық жігіттерді әскерге шақырамын, – деді Ұлттық Ұлан сарбазы Азамат Мейіржанұлы.