» » Жастар жылындағы логотип қанша миллионға жасалды?

Жастар жылындағы логотип қанша миллионға жасалды?

     «Тұтас бір жылды мемлекет деңгейінде саған арнап жатқанын білу – ерекше сезім береді екен. Оған қоса оны барынша сәтті, пайдалы, табысты өткізуге итермелейді. Себебі жан жақтан жастарға қолдау көрсетіліп жатқандықтан, мүмкіндікке немқұрайлы қарау үлкен қате секілді» деп ішкі ойтолғауымен бөліскен бір студенттің сөзі есіме түсіп отыр. Елбасының жастар мәселесіне ерекше ден қойып, 2019 жылды жастарға арнауы кез келген өреннің бойына шабыт сыйлайтыны сөзсіз.

    Оған қоса кеше айтулы жылдың логотипі әзірленді. Бұл да жауапкершілігі мол іс. Мұны, әсіресе, дизайнерлер қауымы жақсы түсінеді. Себебі графикалық пішіндер арқылы адамға тың ойды жеткізе білу оңай шаруа емес. Әзірге оның авторы мен еңбекақысы туралы мәлімет жарияланған жоқ. Десе де логотип авторлары мақсатына жете алды ма? Бұл туралы өзге дизайнерлердің пікірін білсек.
     
     Алдымен логотип авторларының айтпағына тоқталсақ. Онда тырналардың тізбегі көрсетілген. Үлкен құстарға үлкен қашықтықты еңсеруге осы тәсіл жәрдемдеседі екен. Ұшу барысында әрбір құстың қанатының соңында әуе кептелісі пайда болады, осының арқасында құстар жинақыланып, бірлескен қимылдың арқасында қосымша көтерілу күшіне ие болады. Бірлесе ұшудың негізгі ережесі – нәтижелі еңбекті қамтамасыз ететін топтағы сенімді, әрі адал қарым-қатынас.  Ал тырналардың өзі бақыт пен сәттілікті бейнелейді. Авторлар логотиптің түсіне ерекше көңіл бөлген. Сары түс – позитивті энергетиканы, мерекені, күннің нұрын, ашық көк – шығармашылық әлеует пен достық қарым-қатынасты білдіреді. Көк түс – рухани тазалық мен кемелдікті, қызғылт-сары түс – тұрақтылықты білдіреді.
     
     Ерлан РАЙЫМБЕКҰЛЫ, «Жаңақорған тынысы» газетінің дизайнері:
     – Логотипті алғаш көргенде бірінші назарыма түстер палитрасы түсті. Әсіресе көк түс пен сарының үйлесімділігі жақсы таңдалған. Көктің де көптеген нұсқасын алуға болады. Бірақ бұл логотиптегі көк қанық та, ашық та емес. Яғни адамды жалықтырмайды да, үрей де туғызбайды. Бір сөзбен айтқанда, ортасы. Бұл сәтті шыққан. Сондай-ақ авторлар соңғы жылдың тренді минимализм үлгісін ұстанған. Бұл қарапайым болса да, аз элементтермен адамның назарын аударту. Бұл логотиптің тез есте қалуына ықпал етеді. Жалпы дизайнда тік бұрышты элементтер (үшбұрыш, төртбұрыш) тұрақтылықты, нақтылықты білдіреді. Себебі нық тұрған дүние адамға сенімділік береді. Бірақ оның түсін сұр не қара қылсаң, жағдай күрт нашарлайды. Сондықтан мұндай элементтерді қолданғанда, ең бастысы, түстер дұрыс таңдалғаны абзал.
     
       Нұрсұлтан СЕРІКБАЙҰЛЫ, «Шебер принт» жарнама компаниясының дизайнері:
   – Логотип жақсы әзірленген. «Жастар» сөзінде қолданылған шрифт классикалық үлгіден тыс болғандықтан жастарға сай еркіндікті, шығармашылықта көрсетіп тұр. Десе де «Ж» әрпі алыстан қарағанда қазақтың «ә» әрпіне ұқсап кеткен. Бұл шетелдік қонақтар үшін түсініксіз болатын секілді. Ал үшбұрыштарда көк түстің алдымен қанық, одан кейін біртіндеп ақшылдануы визуалды тұрғыда сабырлылық ұялатады. Бұл тәсілді жастар сөзінде де қолданған. Бұл көрерменнің көзі қанық түске ақырындап үйрену үшін жасалған. Ал ортасындағы сары түс керісінше ақшылдан қаныққа өзгеріп тұр. Бұл үшеуінің арасында баланс орнату үшін керек. Жастар жылы болғандықтан жасыл түсті де қосуға болар еді. Бірақ бекітілген дүние болғандықтан мұны айту негізсіз.
     
     Мадиярхан КЕНЖАЛЫҰЛЫ, «Сыр бойы» газетінің дизайнері:
    – Бұл логотиптен әдемілікті көріп тұрмын. Бұл таңдалған шрифт әсерінен деп ойлаймын. Оған қоса оның латынша берілуі де ықпал етіп тұр. Мына үшбұрыштардың кішіден үлкенге қарай тізіле орналасқан формасы жастарға кез келген іст төменгі баспалдақтан бастау керегін айтып тұрғандай. Үшбұрышты миымыз визуалды түрде ғылым, күш, дін, заңмен байланыстырады. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қарап отырсаңыз, барлығына ортақ дүние – табандылық. Ғылыми жаңалықты әлемге жариялау үшін де денсаулығыңды шыңдау, денеңдегі бұлшықетті қатайту үшін де әртүрлі нәпсіге берілмеу, бір нәрсеге сену үшін де ақ пен қараны ажыратып, заңмен дәлелдеу – мұның барлығында ең бірінші табандылық керек. Авторлардың логотипте ұшбұрышты таңдауының себебі осында деп ойлаймын.

Әсел БЕГМАН


23 қаңтар 2019 ж. 38 785 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031