"Қазақфильм" Қасым хан туралы сериал түсірілімі үшін кастинг жариялады

Көпсериалы киножоба қазақтың ұлы хандарының бірі – Қасым ханның өмірі туралы баяндайды.
Жобаның көркемдік жетекшісі – "Жаужүрек Ертұрғыл" сериалын түсіріп жатқан түрік режиссері Метин Гюнай.
"Басты рөлдерге, қосалқы және эпизодтық рөлдерге 3 және 80 жас аралығындағы барлық қазақстандық (балалар, ер адамдар мен әйелдер) қатыса алады (ер азаматтардың бойы 180 сантиметрден кем болмауы тиіс). Басты талап – қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек", - делінген хабарламада.
Алматы қаласында кастинг жұмыстары 25 қаңтардан басталады. Мекенжайы: Алматы қ-сы, Әл-Фараби даңғ., 176, "Қазақфильм" киностудиясы, "ПЛК" ғимараты, 2-ші қабат, 252 кабинет. Жұмыс уақыты – күнделікті сағат 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін.
Сондай-ақ, kazakhfilmcast@gmail.com электрондық поштасына жақыннан бет бояусыз, көзілдіріксіз және линзасыз, бас киімсіз, өңделмеген фотосуреттерді (селфи емес), сондай-ақ тұла бойы көрінетін бір сурет және өзі туралы қысқаша ақпаратты (аты-жөні, жасы, бойы мен салмағы, білімі және кинодағы тәжірибесі туралы) жолдауға болады.
"Қазақфильм" киностудиясының өкілдері әйелдер қауымынан кастингке бет бояусыз және жасанды кірпіксіз келулерін сұрап, татуажы бар қыз-келіншектерді қабылдамайтындарын ескертті.