» » 2019 – креативті және мобильді адамдар жылы

2019 – креативті және мобильді адамдар жылы

   Биыл – Жастар жылы. Өсемін, өнемін деген әрбір жастың талап, тілегі ескерілетін жыл. Бұл жылда жастардың рухани әлемін байытып, қоғамдағы келбетін аша түсуге, ілгері буынның толысқан тәжірибесін кейінгі толқынмен ұштастыруға жағдай жасалу керек. Әсіресе әлем ғылыми-техникалық жетістіктердің екпінімен жедел өзгеріп, бәсекелестіктің бәсі жүріп тұрған уақытта бізге жас буынның белсенділігі өте қажет. Осы мақсатта Үкімет деңгейінде атаулы жыл аясында жас буынның қандай мәселелері қолға алынуы керегі жөнінде кешенді жоспарлар қабылданып, бастаманы жүзеге асыру үшін Жол картасы түзілгенінен де хабардармыз. Мәселен, жоғары білім алуға жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қоса тағы 20 мың грант бөлу Үкіметке тапсырылды. Сондай-ақ 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орындық жатақхана салынады. Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасында жастардың барлық санаттарын қолдау шараларының толық кешені қамтылады. Оның ішінде білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспанамен қамту, жастар арасында кəсіпкерлікті дамыту, қаржы сауаттылығын жетілдіру, құқықтық мəдениетті дамыту, дарынды жастарды қолдау сынды бас-аяғы 11 бағытта жұмыс жүргізіліп, 70-тен астам шара өткізіледі. Осы тұста жастардың да өз пікірі бар. Сонымен жастар арасында қандай мәселелер маңызды? Жастар жылы қоғамда нендей өзгеріс болмақ? Осы сауалдардың жауабын анықтау үшін аймақтағы түрлі салада көшбасшылық етіп жүрген жастардың пікірін талқыға салдық.
Әділ ИБРАХИМ, Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
– Жастар жылында елімізде шешімін таппай келе жатқан мәселелер шешілсе деймін. Мәселен, жастармен жұмыс жасайтын мамандардың
танылуына жағдай жасалу керек. Мысалы, мұғалім, дәрігер, заңгердің немен айналысатынын барлығы біледі. Ал жастармен жұмыс істейтін маманның барын көпшілік біле бермейді. Олар нақты қандай іспен айналысу қажет деген сұрақ туындайды. Осы мәселе жүйеге келсе. Сондай-ақ, барлық сала өкілінің біліктілігін аттыруға бағытталған орталықтар көп. Ал мемлекеттік жастар саясатының әскері, яғни жастар мамандарының біліктілігін арттыратын орталық мүлде жоқ. Сондықтан жастармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Тұрғындар тарапынан біздің жұмысымызға көңілі толмайтындар көп. Сіздер немен айналысасыздар? Барлық жасты неге қамтымайсыздар деген сияқты. Ойлап қарасаңыз, мысалы бір ауданда 80 мың адам бар. Оның 21 мыңы жастар. Сол 21 мың адаммен жұмыс істейтін 7 маман қосымша ауылдағы жастар ісі жөніндегі мамандар бар. Бірақ олар да қосымша жүктемемен жүргендері көп. Сондықтан қанша жұмыс істелгенімен көзге көрінбейді. Осы тұста маман тапшылығын шешу де маңызды және бір реттік шараларды үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырса, жастар басқармасы мен жастар орталықтары жастар арасындағы аxуалға зерттеу жұмысын жүзеге асырса деймін.
 Ботагөз ӘМІР, студент:
– Биыл ғылым қуып, ерінбей еңбек ететін жастардың жылы. Бұл жылда «Жастар жылы» аясында деп қойып, сағаттап баяндама оқитын жиналыстар мен флешмоб-форуммен өткізудің қажеті жоқ. Жастар мұндай жиналыстан мезі болған. Одан да маңызды әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлінсе. Мысалы, жоғары деңгейде жұмыссыздықпен күресудің нақты жолы қарастырылса деймін. Яғни нақты іс пен тың идеяларды жүзеге асыратын жалынды жастардың еңбегі еленуі қажет.

Сәбит Ибадулла, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, PhD докторы:
– “Ертеңін ойламаған ел азады” дейді халық даналығы. Барын бағалап отыратын, ұрпағына үмітке сай білім беріп, тәрбиелейтін ел озады. Осы орайда, мемлекетіміздің интеллектуалды қорын құру жолындағы игілікті бастамаға Мемлекет басшысының өзі тікелей ұйытқы болды. Елдің адами капиталы тек білім арқылы ғана көрінетіні сөзсіз. Ал білімде серпіліс болмаса – инновациялық дамуда серпіліс болмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан жастар білімді, білікті, заман талабына төтеп беретіндей және еліміздің экономикасын арттыруға инновациялық дамуының тегершігі болуға тиіс. Бұған біздің жастарымызға барлық мүмкіндік жасалған. Жастар жылында енді біздің жастарымыз мұның барлығын құр сөзбен емес, іспен дәлелдейді деп сенемін. Аймақ басшысы қолдауымен сол жақ жағалауда жастарға арналған «Жастар орталығы» ғимараты бой көтерді. Жалпы бұл ғимаратта Жастар орталығынан бөлек ІТ парк болады. Жастар жылы деп конференциялар мен жиналыстарды көбейтпей, мейлінше жаңа еркін форматта, қысқа курстар, жарыстар мен конкурстар ұйымдастырып, стартап жобаларға қолдау көрсетіп, мықты мамандармен meet-up ұйымдастырып, жаңа көзқараспен жастарды жаңа бастамаларды бастауға шақыру керек. Өңіріміздің игілігі, еліміздің дамуы үшін жастар жаппай еңбек етуі қажет. Қазіргі заманауи жаңа технологиялар дамыған уақытта осындай маңызы зор мақсат қойып, елдің өркендеуін, дамуын күшейту жұмыстары – кемел болашақтың кепілі болары сөзсіз.
Бақытгүл Талғатқызы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унисверситетінің студнті:
– Жастар жылында жастардың идеясына басымдық беру қажет. Әсіресе, кәсіппен айналысқысы келетіндерге салық, әлеуметтік жеңілдіктер жасалса. Мысалы, шағын және орта кәсібі барларды салықтан босатып, оның орнына олар жұмыс орнын ашып, жастарды еңбекке шақырса жақсы емес пе?! Барлық технологиялық жаңалықтар АҚШ-та болып жатыр. Google, Facebook, Amazon немесе «Тесла» сияқты алпауыт компаниялардың барлығы сол елден шықты. Қытай, Ресейден шыққан жоқ. Неге? Себебі АҚШ-та ашық бәсекелестік жол бар. Бізде осы жылда мықты идеясы бар жастар арасында жобаларын дамытуда бәсекелестік орта қалыптастыру қажет. Баспана, жұмыс керек деген жастан гөрі тың идеясы, жобасы барларға қолдау көрсету маңызды. Жастар түсіну қажет, бірінші мемлекетке ой инвестициясын құйып, сосын баспана, жұмыс сұрағаны орынды болар еді.
Жандос ОРАЗМАХАНОВ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру
орталығының жетекшісі:
– Алдымен «жас» деген сөздің дефенициясына тоқталсақ. Университет студенттермен жұмыс жасап жатқаныма 1,5 жылдан асты, соңғы 4 айдан бері сабақ берудемін. Бір байқағаным, жастар деп жүрген студенттердің кейбірі үлкен кісілерше ойлайды. Алға талпыну мен ізденістен ада. Ал кейбір ұстаздарымыз өздерінің 60-тағы, 70-тегі жастарына қарамай жаңаша ойлап, заманауи концепциямен жұмыс жасап, жаңа технологияны қолданады. Яғни, Жолдаудағы «жас» деген ұғым ол адамның физиологиялық жасын емес, жаңа формациямен ойлана алатын, соны қызметінде қолдана алатын адамдарды меңзейді деп санаймын. Бұдан шығатын қорытынды «Жастар жылы» бұл – санамыз бен миымыздың жасаруы, креативті ойлана алатын, дамыған қоғамға икемделе алатын, адаптивті және мобилді адамдардың жылы. Бәсекеге қабілетті болу үшін, жастар жаңа формацияда ойланып, озық технологиямен заманауи трендтерді қолданудан қашпауы қажет. 2018-2020 жыл «кәсіпкерлікті қолдау жылы» екенін ескерсек, биыл «Жас кәсіпкерлер» жылы деп атауға болады. Қорқыт ата университетіндегі бизнес-инкубаторды басқарып, жұмысын жүргізіп отырғаныма 2 жылға жуықтады. Биыл облысымыздың әр ауданынан бизнес-инкубаторлар ашу жоспарлануда. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – республикадағы шағын бизнестің дамуына жастардың да үлесін қосу. 2019 жыл – біздің жыл!
Талғат Тілес, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы


– Өткен жыл «Нұр Отан»партиясы және «Жас Отан» Жастар қанаты үшін табысты өтті. Жыл бойына ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның бір сыпырасына тоқталып өтейін, «English for jastar» жобасы аясында 350-ге жуық оқушы ағылшын тілін тегін үйренсе, «Білім орталығы» жобасы бойынша барлық аудандағы кітапханалар жаңғыртылып жастар бас қосатын, уақытын тиімді өткізетін білім орталығына айналды. «Сәтті қадам» жобасы арқылы 8-11 сынып оқушыларын кәсіпорын, цех, зауыт жұмысымен таныстырып, сала мамандарымен сұхбат ұйымдастырдық. Мамандық таңдауда көзбен көріп, көңілге түйгеннің пайдалы болатыны белгілі ғой. Ал жастар жылына орай облыстық «Жас Отан» ЖҚ тың бастамаларды жоспарға енгізуде. Республика бойынша «Жастар жылындағы жетістігің» атты ауқымды акция бастадық. Шарада әрбір жас биыл бағындырған белесін, жеңісін әлеуметтік желіге «#JJJ2019» белгісімен жариялап отыру қажет. Жыл соңында акция қорытындыланып, жеңімпаз жастар туралы арнайы жинақ және бейнеролик шығарылады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмысшы топ құруды жоспарлап отырмыз. Мұнан өзге, жастар мәселесін талқылау үшін форум, вайнерлер байқауын, жас тарихшылар конференциясын өткізбекшіміз. Ал атқа міну мәдениетін жалғастыру, дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында наурыз мерекесі секілді үлкен көлемдегі «Ұлы дала елі» атты жастар фестивалін ұйымдастыру ойда бар.
Сабыржан Кеңшілік, «Сана» зияткер жастар мектебі» қоғамдық қорының президенті:
– Бүгінгі жастарда көп дүниеге сұраныс бар. Басым бөлігінің көзі ашық, өзіндік талғамы, таңдауы қалыптасқан. Бірақ сұраныс екі түрлі бағытта: бірқатары инновацияға, шетелде білім алуға бет алған. Кейбірі керісінше мәдениетке жат дүниелерге бейімделуде. Алайда жастарда сұраныс болуының өзі жетістік. Бізге, керісінше, жастар қызығатын дүние таппай қалудан қорқу қажет. Шетелдік топтарға қызыға ма, әлеуметтік желіні жиі қолдана ма, мейлі. Бастысы, оларда талғам бар. Демек оларды дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беруге болады. Сондай-ақ қазір жастардың көбі жақсы өмірді қалайды, сын айта алады. Бұл да дамудың белгісі. Себебі, бірдеңені дұрыстайтын, дамытатын адамдар алдымен сын айтуды үйрену керек. Жалпы Үкімет тарапынан жастарға қолдау жан-жақты. Өткен жылы мемлекетте кәсіпкерлерге көп мүмкіндік берілді. Салық жүйесінде, сотта да, тіпті қарапайым тексеру кезінде де мемлекет кәсіпкерге жақ болды. Биыл жастарға мүмкіндік беріліп, жастар көбірек ізденуі керек. Сондай-ақ бұл жылы оқу орындарындағы тәжірибе алмасу мәселесіне қатаң қадағалау болса. Білім алу кезінде өндірістік тәжірибе алмасуға бармаған, жұмыстың қиындығын көрмеген, түсінбеген түлектер көпке дейін мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайды. Біліміне сенімсіз адам өзіне де, болашағына да сенімсіздік танытатыны белгілі. Сондықтан оқу орындарында бұл механизм күшейтіліп, қатаң қадағаланса деймін.
Ержан ЕРГЕШҰЛЫ, қала тұрғыны:
– 2019 жылды Жастар жылы деп бекітті. Құптарлық бастама. Дегенмен Жастар жылын желеу етпей, нақты қандай іспен айналысу керегін Елбасы көрсетіп бермесе, тағы жиналыстың айналасынан әрі аспауымыз мүмкін. Ал айтар ұсынысым, қоғамда оның ішінде жастар арасында өзекті саналатын баспана мәселесін шешу қажет. Төмен пайызбен немесе бастапқы жарнасыз несие берілсе екен. Баспанасы бар әрбір жастың үлгілі отбасы, білікті маман ретінде танылуына септігі тиері сөзсіз. Жастарды баспанамен қамту арқылы ажырасудың, жұмыссыздықтың алдын алар едік.
P.S. Абайдың сөзімен айтқанда, «Жастықтың оты жалындаған, талаптың аты арындаған» буынды қолдауға арналған жылда жастар өз ойын талқыға салып, өзекті мәселелерді саралады. Бағыт-бағдарын айқындады. Ендігі кезек сөзден іске көшу. Төрт миллион жасы бар елдің құмда тайғанауға хақы жоқ. Бөлінген қаржы мен мүмкіндіктің көмегімен кем-кетікті түзеп, жыртықты бүтіндеп алған абзал.
Пікірлерді топтастырған  Айгүл ӘЛІШЕРОВА
29 қаңтар 2019 ж. 1 026 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031