» » Жастар жылы: жаңа міндет, жаңа мүмкіндік

Жастар жылы: жаңа міндет, жаңа мүмкіндік

   Астанада өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатын қызылордалық студент жастар тікелей бейне көрсетілім арқылы тамашалады. Бір мезетте Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі 1500-ге жуық жастың назары салтанатты шараға ауды.
Жиында Елбасы «ақыл жастан, асыл тастан шығатынын» еске салып, биыл дарынды, талантты барлық жасқа жол ашу керектігін міндеттеді.
 – Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалағанын барлығыңыз білесіздер. Мысалы Фейсбукті Марк Цукерберг 19 жасында ойлап тапты. Майкрасофты Билл Гейтс 20 жасында, Aplle компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрды. Ал жаңа біздің елде 13 жасында ҚБТУ-дың 2-курсын оқып жатқан баланы тамашаладыңыздар. Талант деген де бар, оны жасыруға болмайды. Бірақ Эйнштейн айтқандай, таланттың 90 пайызы еңбек, – деді шара барысында Елбасы.
Мемлекет басшысы жиында Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін бөлінетін грант қаражат көлемін екі есеге арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, жастар жылында университеттің жоғарғы курсында оқитын 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулуды міндеттеді.
Қорқыт ата атындағы университетте де, тірлігі мығым, еті тірі, ебі мол жастар көп. Өткен жылы 25 бизнес стартап жоба жүзеге асса, биыл оны 2 есеге арттырып 50 жобаға арнайы орын беру көзделген. Бұл туралы Bisiness-START инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов айтып берді.
 – Елбасы Жастар жылын жариялау арқылы бізге үлкен сенім артатынын аңғартты. Қолдау мен мүмкіндіктердің көбеюі үлкен жобаларға тәуекел етуге жол ашады. Былтыр оқу орнымызда Bisiness-START орталығы іске қосылып, 25 жоба жүзеге асты. 80-нен аса студент алғашқы табысын тапты. Аймақта алғаш рет өткен «Zhas prodject» жобасында 22 жоба жеңімпаз атанып, университет студенттері 22 миллион теңге қайтарымсыз грант қаржысын иеленіп, жұмыс бастады. Ал биылғы жоспар – бизнес жобаларды қолдау шараларын облыс бойынша жүргізу, –  деді ол.
Университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шет елде білім алушыларға қолдау бар. Өткен жылы 20 жас осы мүмкіндікке ие болса, биыл бұл санды екі есеге арттыру жоспарланған. Мұндай мүмкіндікті құр жібермеген жастың бірі – Ағжан Карбозова. Қазан мемлекеттік аграрлық университетінде магистратура оқыған 25-тегі бойжеткен қазір Қорқыт ата атындағы оқу орнында оқытушы.
 – Оқу орнының қолдауымен шет елде білім алған магистранттар мен аспиранттар қазір университетте жас ғалым ретінде жұмысын бастады. Жоспарлы түрде жас ғалымдар кеңесі болып тұрады. Бұл жыл әсіресе жас ғалымдар үшін трамплин болады деген ойдамын. Қазіргі уақытта облыстағы туризмді дамыту, аймақтағы туризм орталықтарының артықшылықтары мен мүмкіндіктері деген тақырыпта ізденудемін, –  деді Ағжан Карбозова.
Жаңалыққа құштар, жақсылыққа сенгіш, тәуекел еткіш, арманы алғаусыз жастардың басты қаруы – өзіне деген сенімі. Ал биылғы жыл сол сенімді нығайтатындай. Себебі, Елбасының өзі, «біз болашағымыз үшін алаңдамаймыз. Сіздер Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына шығара аласыздар» деп күш-жігер бере сөйледі, жастарды қолдау мақсатында атқарушы билік өкілдеріне жаңа міндеттер жүктеді. Мұнан артық не керек?! Ендеше, жастар жылы жарқын жетістіктер жылы болғай!
Айдана ЖҰМАДИНОВА
23 қаңтар 2019 ж. 946 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031