«Өрлеу» жайлы білесіз бе?
Ақпанның басынан бері жұрт екі жайды анық білді: көп балалы отбасы – төрт балалы отбасы. Көп балалы ана – бес балалы ана. Алты балалысы – күміс алқаның иегері. Жеті балалысы– алтын алқаның иегері. Елдің тағы бір білгені 16000 теңге жәрдемақы – көп жұрт ойлағандай (оның ішінде өзіміз де бармыз) бала басына емес, алты бала үшін төленетін жәрдемақының жалпы құны.
Өткен жылдың соңына қарай осы жәрдемақы енді төленбейді екен, «Өрлеу» деген бағдарлама жасалыпты, сол арқылы көп балалы аналар кәсіппен айналысуға мүмкіндік алады деген әңгіменің шет жағасын естігенбіз. Бұл жайында анық білетін аналардың саны бірен-саран болып шықты. Шиелі ауданында тұратын алты балалы ана Гуля Әбжәлелқызы бұл жайында былай дейді: «Мен қазір 6 балама 10500 теңге аламын. Алдында 5 балама 10000 теңге алып жүргенбіз. Биыл 500 теңге қосылды. Күміс алқаға әлі құжат дайындап үлгергенім жоқ. Оған біраз ақша керек. Білетінім, күміс алқалы аналарға 16000 теңге беріледі екен. Өзім үйдемін. Күйеуім маусымдық жұмыс істейді. Құрылыс саласы болғасын, қыстыгүні жұмыссыз. Жазда Үкіметтің әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға арналған «Өрлеу» бағдарламасына құжат өткіздік. Бұл бағдарламаға қатысу үшін әйелі жұмыссыз болу керек, күйеуінің айлық табысы шекті мөлшерден асып кетпеу керек, мейлі 50 теңге болса да. Сосын үйдің, балалардың құжаттары болу керек. Бағдарлама бойынша айына 85 000 теңге алып отырмыз. Негізі бұл ақшаға мал ма сондай бір нәрсе сатып алу керек не болмаса кәсіп ашу керек. Бұның есебін тапсырамыз. Алты айдан соң тоқтайды бұл ақша, қайта құжат дайындау керек. Бірақ өзіңіз білесіз, бұл ақшаға мал сатып алу қиындау, күнделікті ішіп-жемнен ештеңе артылмайды».
Барлық жол Римге барып тіреледі дегендей, әңгіменің астары Астанамен астасып жатыр ғой. Әсіресе көп балалы отбасылардың үй мәселесі өзекті болып тұр. Үлкен қалаларда бұны шешу қиындай беретіні айтпаса да түсінікті. Осы орайда Астанада тұратын көп балалы ана Айгүл Әбілқасымова: «Мен 5 балама 11000 алам. Әрине мен баланы өзім үшін дүниеге әкелдім. Аллаға шүкір, отағасым бар. Менің айтайын дегенім, ең болмағанада көп балалы отбасылардың балаларына үйірмеге қатысуға 50 пайыз жеңілдік жасап берсе қандай жақсы болар еді. Мәселен, әлгі айтқан 11000 теңгені ұлымның жүзуіне төлеймін. Жарыстың киімдеріне де өз қалтамыздан төлейміз. Жеңілдік неге жасамасқа?! Мүмкін мен болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жатқан шығармын. Оқушылар сарайында бір бала 1 ғана үйірмеге тегін қатыса алады. Ол да әрине қандай үйірмені таңдағаныңа байланысты. Балаларым бір ғана емес 2-3 үйірмеге бірден қатысады, соның біреуіне ғана тегін. Тележүргізушілік мектебіне – 7000, биге – 10000, ағылшын – 14000, Мемлекеттік балабақша – 16800 теңге. Жолға баламның әрқайсысына 1500 теңге салам. Ұлым медресеге барады, ол тегін, мешітте оқытады. Жиырма жылдан бері пәтерде тұрамыз. 2014 жылдан бері үйдің кезегінде тұрмыз, 2007 жылдан бері жердің кезегіндеміз. Кезек жай жылжиды, моратоиядан кейін жер бермей қойды. 1998 жылдан бері Астанада тұрамын, балаларымның бәрін Астанада босандым. Мамандығым – саясаттанушы. Бірақ мамандығым бойынша ешқандай жер жұмысқа алмайды, бітіргеніңізге біраз жыл болған, жұмыс тәжірибеңіз жоқ деп. Амалсыздан түнгі 12.00-ге дейін кезекшілікпен жұмыс істеймін».
Көп балалы аналардың бір ұсынысы осындай.
Ж.САҒИДА