ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ПЫСЫҚТАЛУДА
Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Г.Исимбаеваның қатысуымен фракция жанындағы Әлеуметтік кеңестің және Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысы өтті. Оған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамалық негіздері» тақырыбы арқау болды. Жиын жұмысына Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің, мектептердің педагогикалық ұжымдары және ата-аналар қоғамдастығының өкілдері қатысты. Негізгі баяндамашы, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева заң жобасының бастапқы нұсқасы қоғамдық талқылаудан кейін түзетілгенін мәлім етті. Заң жобасының қазіргі нұсқасы ары қарай пысықталуда екен. Сондай-ақ отырыста фракция жанындағы Әлеуметтік кеңестің мүшесі Ә.Бектұрғанов қосымша баяндама жасады. Бүгінде мұғалімнің мәртебесі «Білім беру туралы» заңымен және БҒМ-ның бірқатар бұйрықтарымен ғана реттеледі. Сондықтан ұстаз статусын бекітіп, беделін арттыратын жеке заң қабылдау туралы Елбасы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдауды ұсынды. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс. Қатысушылар назарына ұсынылған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында мектептердегі ұстаздарға жыл сайын 56 күнтізбелік күнге созылатын ақылы еңбек демалысын беру, жылда бір рет сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу, «Үздік педагог» атағын иеленушіге – 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2 млн 525 000 теңге) көлемінде, ал «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленушіге – жұмсау бағытын Үкімет айқындайтын, 2000 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік грант төлеу қарастырылған. Отырыста белгілі болғанындай, соңғы жылдары мектеп түлектері арасында педагогикалық мамандықтарға деген сұраныс төмендепті. Оның үстіне 2018 жылы педагогикалық мамандық бойынша білім беру грантына қол жеткізген мектеп түлектерінің орташа көрсеткіші 78-84 балды құраған. БҒМ вице-министрі бұл кәсіптің тартымды болмауының бір себебі ретінде жалақысының төмендігін атады. Бұған қоса, педагогтер өздерінің тікелей міндеттемелерінен бөлек, мұғалімдерге қатысты емес функцияларды да атқаруға мәжбүр.
Айхан ШӘРІП