АУЫЛДА ДА ЖАСТАР ЖҮР, ЖҰМЫС ІЗДЕП ШАРҚ ҰРҒАН
Қазір ауылға бара қалсаңыз, бұрынғы 200-300 үйдің орнына 40-50 шақты түтінді ғана көресіз. Кейбір елдімекенде 12 жылдық мектептер не сегіз жылдық, не болмаса бастауыш білім беру ошағына айналған. Дегенмен ол жерде де тіршілік толастамасы анық. Ол үшін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі керек. Өйткені ел болашағы – ауылда! Кеңес одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған жылдары жекешелендіру жүргізіліп, мемлекеттің қарамағындағы зауыт, фабрика, кеңшарлар жекеге өте бастады. Халық саны көп болған біздің ауыл да осындай уақытты бастан өткізді. Басқа ұлт өкілдері тарихи отандарына көшіп кетті. Мемлекет меншігіндегі қара малды кеңшар директоры жүк көліктеріне тиеп, қалаға жөнелтті. Уәжі – жарыққа қарыз екенбіз. Ал қырық жыл табан аудармай механизатор болып ауылда еңбек еткен әкеме пай ретінде төрт-бес мал (оның біреуі – соқыр бұзау) бергені де есімде. Басқалар да осындай кепті киді. Бұны неге айтып отырмын? Сол кеңшарлар таратылып, мал таран-таражға түсіп, мыңдаған техника темір-терсекке айналып, Қытай асқан соң, жұмыссыздық белең ала бастады. Бір қап ұнға бір қойды айырбастаған күндер де болды. Жастардың бәрі нәпақасын табамын деп қалаға шұбырды. Тек кенже баласымен кемпір-шалдар қалды. Кей ауылдық мектептерде 300-400 бала оқыса, қазір жүзге де жетпейді. Ауылда көшіп кеткен тұрғындардың үйлері бір сиырға айырбасталса, кейбір үйлер сатып алушысын таппай, бұзыла бастады… Дегенмен қазір ауылдардың екінші тынысы ашыла бастады. Ауылды көркейту үшін бағдарламалар түзіліп, мемлекеттен мал басын көбейту үшін несиелер беріліп те жатыр. Алдағы уақытта қаладан ауылға ағылу үдерісі басталса, таң қалмаймыз. Ауылды айтқанда, тағы бір мәселе туындайды. Ол – кадр жетіспеушілігі. Білікті мамандардың тапшылығынан «Дипломмен – ауылға» деп оқу орындарына түскен студенттерге гранттар бөліп, сол жыртықты жамағысы келген Үкімет жастарды аймақтарға тоғытқысы келді. Кейбір жастар сол жобамен толық таныспай, қол қойып алып, ертеңіне ауылға бармай, бюджеттен бөлінген қаржыны қалтасынан жауып әуре болып жүрсе, бұл уақытта ауылда жүздеген бала жұмыс таба алмай шарқ ұруда. Кейбірі вахталық әдіспен 15 күн үйде, 15 күн түзде бала-шаға асырау қамымен жұмыс істейді. Оның өзі табылып жатса деңіз… Ресми дерекке сүйенсек, жергілікті атқарушы органдар бағдарлама бойынша 2018 жылға арналған бюджеттік несиелерге 19 миллиард теңгеден астам қаржы сұраған екен. Іс жүзінде 13,7 миллиард теңге бөлінген. Сондықтан да ауылдық жерлерде кейінгі кезде жыл сайын 6 мыңдай жас маман жұмысқа орналасқанымен, олардың тең жартысына жуығына мемлекеттік қолдау болмай қалған. Биыл бағдарламаға 3 786 маман ғана енгізілген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің жыл басындағы мәліметі бойынша, ауылдық жерлерде 580 дәрігер жетіспейді. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігі республика бойынша қазір 4 952 мұғалімнің тапшы екенін есепке алған. Сонымен бірге, баспанаға жете алмай жүргендер де жетерлік. Осыдан кейін ауылға барып жұмыс істеуге құлшынған жастың жігеріне құм құйылары хақ. Бұндай мәселені оңтайлы шешіп отырған ауылдар бар. Олар – жекешелендіру кезінде шаруашылық мүлкін, малын талан-таражға салмай, ұжым құрып сақтап қалғандар. Өз қаражатымен жастарды оқытып, жоғары білімді маман қылып шығарады. Үй беріп, жағдайын жасайды. Осындай қамқорлықты көрген жастар сол жерде тұрақтап қалады. Ал неге сол ұжымдардан үлгі алмасқа?! Демек, қазір ауылда тұратын жастарды оқытып, солардың ығына қарай бағдарлама жасаған маңызды. Мысалы, неге бұрынғы аудан орталықтарындағы СПТУ-ды қайта жаңғыртпасқа?! Ал ол оқу орнында сол ауылда өскен балаларды тиімді бағдарламамен оқытса, олар білімін жетілдіріп, қуана-қуана өскен ортасына оралатынына, сол туған жері үшін аянбай еңбек етеріне сенім мол. Ауылда өскен баланың арасынан мұғалім, агроном, дәрігер, мал дәрігері шықпайды деп көріңіз… Миллиардтарды жөнімен жұмсау керек қой!
Әдебиет Белгібайұлы