Бүгінгі заманның шынайы әзілдері
Ауылда Қызылбас деген кісі бар. Сол күндердің күні ауылдағы бір үйдің есігін қағып тұр екен.
– Сарайыңның кілтін берші.
– Не қыласың оны?
– Тракторымды алайын деп едім, – депті.
Сөйтсе тракторымен соғып, сарайға кіріп кетіпті. Не керек, ауылдың адамдары әлгі сарайдың қабырғасын өріп жатып:
– Ойпырмай, қайта пешке соқпағаныңды айт, әйтпесе бұл кезде соны істеп отыратын едік. Қайта жармен тоқтапсың, – десе:
– Көзім бар емес па енді, – деген екен.
****
Қызылбас ауылда ананы-мынаны құртып, әбден жексұрын болыпты. Сөйтіп құлағым тынышталсын деп біраз уақытқа қойлы ауылға кетіп қалыпты. Бір аптадан соң ауылдан бір жігіт келеді. Екеуі біраз қауқылдасып, ауылдың жай-күйін сұрасыпты. Біраз жаңалықты тізбектеп болып, ауылдан келген жігіт:
– Пәленшенің кемпірі о дүниеге аттанды, – дейді.
– Менен көріп жатқан жоқ па?
****
Бір оқыс жағдай болып, Қызылбастың нағашысының екі аяғын кесіп тастапты. Үйіне көңілін сұрап барады.
– Тәуекел. Ештеңе қылмайды, Алланың басқа салғаны ғой.
– Ненің тәуекелін айтып отырсың, мешел боп қалдым.
– Қайта жақсы ғой, шуаштан құтылған жоқсың ба?
****
Бірде Қызылбас жақын досымен қатты ренжісіп, бірін-бірі көрместей болып кетіпті. Әлгі досы былай деп смс хабарлама жіберіпті:
– Көрмегенім сен болсын, Телефоныңнан нөмірімді өшір.
– Бұл кім екен?, – деп жауап жазыпты Қызылбас қырт.
****
Қызылбастың көшеде мас болып жатқанын көрген жас жігіттер қағытқысы келіп:
– Аға, тұрсаңызшы, таң атты, – десе,
– Аа, сенің орныңа жатып алдым ба, – деп былай аунапты.
****
Қызылбастың көлік айдауды енді үйреніп жүрген кезі екен. Бір бұрылыстан өте бергенде көшеде тұрған көлікке жолаушы отыратын жақпен соғады. Қасында отырған ағасы:
– Әй, көзіңе қарамайсың ба, –дейді.
– Мен неге қараймын, қайта сіз қарамайсыз ба, мен жақ па не соққан? – деген екен.
****
Көрші ауылда Шықбермес Шығайбай секілді Жоламан деген адам бар. Қатарлары біздің ауылда тұрады. Бір күні әлгі үйге Қызылбас жолы түсіп барып қайтыпты. Бір жиында достары:
– Сен Жоламанның үйінде қонақ болып қайтыпсың ғой. Не жаңалық болып жатыр екен, – дейді.
– Жаңалығын білмедім. Тарақандары аштан өліп жатыр екен, – деп жиналғандарды күлкіге қарық қылыпты.Ақтілек БІТІМБАЙ