ӘЙЕЛДЕР АХУАЛЫ – МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА
Қазақстанда көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлемақы түрінде берілетін кешенді модель ойластырылған. Атап айтқанда, бір жасқа дейінгі баласы барлар, көпбалалылар, мүгедек баласы барлар, аз қамтылғандар мен асыраушысынан айырылып, баланы қамқорлығына алғандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мұндай төлемдер инфляция деңгейіне қарай индекстеліп отырады. Бала дүниеге келгенде бір реттік төламақы беріледі. Айталық, биыл бірінші, екінші, үшінші балаға берілетін жәрдемақы – 95 950 теңге, бала саны төрттен жоғары болған жағдайда 159 075 теңге болып бекітілді. Соңғы үш жылда аталған жәрдемақы мөлшері 38 пайызға көбейген. Былтыр жалпы алғанда 395 мың адамға 40,7 млрд теңге ақша көлемінде бөлінген екен. Сонымен бірге, елімізде бала бір жасқа жеткенше әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мәселен, анасы жұмыссыз болған жағдайда бала күтіміне 14 544 теңгеден 22 473 теңге аралығында ай сайын беріліп отырады. Мұндай жәрдемақыны 2018 жылы 125 мың адам алған. Жалпы сома – 30 млрд теңге. Соңғы үш жылда жәрдемақы мөлшері 19 пайызға артқан. Егер анасы жұмыс істейтін болса, оған әлеуметтік аударымдар түсіп тұрады. Мұндай жағдайда ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемақы алады деген сөз. Жүкті кезде, босанған соң төленетін қаражаттың көлемі оның соңғы бір жыл ішіндегі табысының мөлшеріне байланысты. Өткен жыл қорытындысына сәйкес, елімізде орта есеппен төлемақы көлемі 391 170 теңге болған екен. Бала бір жасқа толғанша берілетін төлемақы анасының соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде беріліп отырады. 2018 жылы орта есеппен алғанда аталған төлемақы мөлшері 32 361 теңгені құраған. Былтыр 400 мың ата-ана Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 165 млрд теңге алған. Бұдан бөлек, мемлекет әйелдерге міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялайды. Ол орташа айлық табысының 10 пайызына тең. Яғни, бала күтімімен үйде отырған сәтте де зейнетақы жинақтары үзіліп қалмау үшін осындай қадам жасалып отыр. Жалпы, жұмысбасты әйелдердің құқығы еңбек құқығымен қорғалған. Мысалы, жұмыста қысқарту жүргізіліп жатса немесе экономикалық себептерге байланысты еңбек шарты бұзылмайды. Соның ішінде жүктілік туралы анықтама көрсеткен әйелдер, үшке толмаған баласы барлар, 14 жасқа дейінгі баласын жалғыз бағып отырғандар, кәмелетке толмаған мүгедек баласы барлар жоғарыда айтқандай, заңмен қорғалады. Жеке кәсібін дөңгелетемін деген әйелдер үшін елімізде кәсіпкерлікті қолдайтын бірқатар бағдарламалар бар. Мысалы, 2018 жылы 3 033 әйел шағын несие алып, бизнес бастаған. Бұдан бөлек, 1 243 әйелге бизнес идеяларын іске асыру үшін 100 АЕК көлемінде грант берілген. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерін алған аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бір ерекшелігі, бұл зейнетке шыққаннан кейін де беріле береді. Әрі табыс көлеміне де қарамайды. Жәрдемақы мөлшері бүгінде – 16 160 теңге. Бұл да жыл сайын инфляцияға қарай өзгеріп отырады. Аталған жәрдемақыға жылда 45 млрд теңге бөлінеді. Отбасында төрт баладан жоғары болған жағдайда арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Өткен жылы 32,8 млрд теңге 271 мың отбасыға бөлінген. Сонымен бірге, бес және одан көп бала туып, 8 жасқа дейін өсірген аналар 53 жастан зейнетке шығады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға 16 жасқа дейін айына 41 578 теңге төленеді. 16-18 жасқа дейінгілерге берілетін жәрдемақы бірінші топтағыға – 57 021 теңге, екінші топтағыға – 47 220 теңге, үшінші топ мүгедектеріне 35 638 теңге болып бекітілген. Сондай-ақ осы төлемдерге қосымша мүгедек баланы бағып-қаққан адамға да жәрдемақы беріледі. Былтыр 80,6 мың адамға төленген. Осы жылы жәрдемақы 31 183 теңгені құрап отыр. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, Елбасы тапсырмасына сәйкес бірінші топ мүгедектеріне күтім жасауға да жәрдемақы енгізілді. Бала кезінен бастап кәмелетке толғанша баққандарға беріледі. Былтыр 11,5 мың адам алған. 2019 жылы жәрдемақы көлемі – 31 183 теңге. Сонымен бірге, жеке қажеттіліктеріне қарай техникалық көмекші, міндетті тазалық құралдарымен қамтамасыз етіледі. Әрі шипажайға емделуге де жолданып отырады. Асыраушысынан айырылған отбасылардың да жағдайы қарастырылған. Мемлекеттік бюджеттен 25 541 теңге мен 62 663 теңге аралығында бөлінеді. Отбасында бір ғана асыраушы болса, бала санына қарай беріледі. Мемлекеттік қызмет түрлерін алу жолы да оңтайландырылып келеді. Айталық, былтырдан бері 4 түрлі қызмет проактив режимде жұмыс істеп жатыр. Баланың дүниеге келгенін тіркеу, мектепке дейінгі мекемеге кезекке тұрғызу, сәби өмірге келгенде және бір жасқа дейінгі берілетін жәрдемақы тағайындау бір проактив қызметке біріктірілді. Соның арқасында мекемеге әйелдің жеке баруы міндетті емес. Жалпы алғанда, ана мен баланы әлеуметтік қорғау шеңберінде жасалып жатқан қадамдар елдің демографиялық ахуалына оң әсерін берді. Соңғы он жыл ішінде бала туу көрсеткіші 10 пайызға өсті. Салыстыру үшін алып қарасақ, 2008 жылы – 356,6 мың, былтыр 391 мың сәби дүниеге келген.
Айша ЕРСҰЛТАН