ОТАНДЫҚ КӨЛІК ХАЛЫҚҚА ҰНАСА, ӨНДІРІС ДАМИДЫ
Өткен жылы мемлекеттік органдар үшін 20,68 миллиард теңгеге 3315 қызметтік көлік сатып алыныпты. Оның 3216-сы, яғни 97 пайызы отандық өндірістерде құрастырылған көліктер болса, қалғаны – шетелдік «тұлпарлар». Бұл мемлекеттік органдарда отандық зауыттарда құрастырылған автокөліктерді пайдалану туралы талайдан айтылып жүрген сөздің іске аса бастағанының айғағы. Былтыр еліміздің машина құрастыру саласында 30 мың автокөлік шығарылған. Бұрнағы жылмен салыстырғанда 78,8 пайызға артық. Тағы бір айта кетерлік жайт, өткен жылы нарықта сатып алынған әрбір жаңа көліктің екіншісі елімізде құрастырылған. Отандық автоөндірісті дамыту үшін тек шенеуніктердің машина сатып алғаны жеткіліксіз. Себебі, олар күнде машина ауыстыра бермейді. Көлік күнделікті сатып алатын азық-түлік емес. Жаңалап қойсам, бір көлікті 10-15 жыл мініп, пайдаланам деген жоспармен алады. Отандық машинаны халық жаппай сатып ала бастаса ғана мақтануымыз керек. Өз көліктерімізді бүкіл бұқара сатып алуға бет бұрып және ол халыққа ұнайтын болса, сонда отандық автоөндіріс қарқын алады. Осы саланы дамыту үшін, біріншіден, халықтың тұрмысы машина сатып алатындай жақсы болуы керек. Екінші, отандық автокөліктің сапасы шетелдікінен кем болмай, тіпті асып түсуі тиіс. Үшінші, отандық машиналардың бағасы шетелдікінен әлдеқайда төмен болуы керек. Сонда ғана отандық машина жасау саласын дамыта аламыз. Егер шетелдік машинаның сапасы жоғары, бағасы төмен болса, әрине таңдау соған түседі. Соңғы 25 жылда адамдар шетелдік көліктерге үйреніп қалды. Сондықтан санаулы шенеунік сатып алғаннан мемлекет те, отандық өндіріс те дамымайды, ал жаппай халық сатып алып, халықтың тұрмысы жақсарса, экономика көтеріледі, мемлекет дамиды. «7 – 20 – 25» автонесие бағдарламасын енгізудің қаншалықты нәтиже беретінін де уақыт көрсетеді.