Оралда әкіммен кездесуде жанжал шығарған азамат терезеден секіріп кетті

Қала басшылығының қатысуымен өткен іс-шарада күдікті азамат орнынан тұрып, жанындағы адамдарды жұлқылап, боғауыз сөздер айтқаны белгілі болды.
Орал қаласының тұрғыны үшінші қабатта орналасқан қызметтік кабинетте хаттама толтырылып жатқан кезде кенет терезені ашып, секіріп кеткен. Салдарынан ол жарақат алды. Осыдан кейін қалалық ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері ұсақ бұзақылық жасағандар бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (12 625 теңге немесе 33 доллар) айыппұл төлеуі немесе он күнге дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін екенін еске салды.
Ер адам бұрын Орал стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істегені анықталды. Екі жыл бұрын қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және Мемлекеттік қызметшілердің этика кодексінің талаптарын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған.