8 баланың анасы: "Алтын алқа тұрмақ ай сайынғы жәрдемақыны алып көрмедім"
Кәмелеттік жасқа толмаған жеті баласы бар отбасы Алматы облысының Іле ауданына қарасты Жомарт ауылындағы 2 бөлмелі "времянкада" өмір сүріп жатыр. Бесіктегі үш айлық бөбегін тербетіп отырған Алмахан сегіз баланың анасы болса да, "Алтын алқа" алмаған.
Жеті қыз, бір ұлды өмірге әкелген 36 жастағы ана жөргекақы, жәрдемақы деген көмекті деп алып көрмеген. Туыстарының ескі екі ауызды үйінде күнелтіп жатқан жас ананың балалары да еш жерде тіркелмеген.
"Ешқандай жәрдемақы алмаймын. Себебі, азаматтығың жоқ деді. Бірақ балаларымның бәрі Қазақстан азаматтығын, туу туралы куәлігін алды. Өзіміздің үйіміз жоқ. Сол күйеуім құрылысшы болып істейді, бірде бар, бірде жоқ. Көп бала болған соң табыс жетпейді",- деді жеті баланың анасы Алмахан Қуанышалиева.
Алмахан Қарақалпақстаннан 18 жасында келсе де, алаяқтардың алдауына түсіп, құжаттарынан айырылып қалған. Содан бері қанша есікті тоздырса да, азаматтыққа ақыры қолы жетпепті.
Отағасы Жандос жалдамалы жұмыс істейді.
"Үлкенімнің алды 11 сынып, ең кішісі ұл- үш айлық. Төртеуі мектепке барады. Әкімдікке барып едім, құрылысшы екенсің, өзіңе ШҚ ашып ал деді. Мен кәсіпкер немесе қоластымда адамдарым, не табысым жоқ. Бұл не қылған мазағы",-деді 7 баланың әкесі Жандос Оразалиев.
Ал Ашыбұлақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бекмырза Имамабек жағдайы жоқ көп балалы отбасының өмірінен хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, тек ол үй ғана емес, "Жомарт" бау-бақша саяжай серіктестігінде тұратын бес мыңнан астам халықтың 30% тіркеу жоқ.
Себебі, көбінің баспаналарына құжат берілмеген. Сондықтан, халық тіркеусіз күн көріп жатыр. Алдағы уақытта арнайы комиссия шығып, істің шешу жолдарын қарастырмақ.