ГАЗ БАЛОНЫ ЖАРЫЛЫП, 2 АДАМ АУРУХАНАҒА ТҮСТІ
23 ақпан күні сағат 16.25-те Қарауылтөбе ауылдық округіндегі тұрғын үйде газ балоны жарылып, құлаған қабырға астында адамдардың қалғаны туралы 112-бөліміне хабарлама түскен. Жедел жеткен құтқарушылар үйінді астынан 2 азаматшаны алып шыққан.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмылдыру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бакиров мәлімдеді.
"Құлаған қабырға астынан 1964 және 1979 жылы туылған 2 азаматша құтқарылды. Олардың бірі - жамбас сүйегінің жабық сынуы, бірі - І және ІІ дәрежелі күйік шалу диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Жарылыстың себебі 5 литрлік газ балонының редукторынан кеткен ақау деген болжам ғана айтылуда. Бүгінде іс облыстық төтенше жағдайлар департаментіне және қалалық полиция басқармасына жолданды", - деді Е.Бакиров.
Нақты болған оқиғаның себебі тергеу әрекеттері қорытындысынан кейін белгілі болмақ.