АЛТЫН ҚАҚПА
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жанынан ашылған «Сөз шебері» шешендік өнер клубы мүшелері арасында «Алтын қақпа» зияткерлік-танымдық сайысы өтті.
Зияткерлік ойын болашақ шешендерді көнерген сөз, мақал-мәтел мен тұрақты сөз тіркесін қолдана отырып, олардың сөздік қорын молайту мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушы 20 оқушы төрт топқа бөлініп, түрлі тапсырма орындады. Тас қақпа ашылуы үшін тұрақты сөз тіркесінің мәнін табу, күміс қақпа кезеңінде спикерге қажетті құралдар жасырылған суреттерден мозайка құрастыру және алтын қақпа ашылуы үшін «Білім, ғылым, оқу» тақырыбын қамтитын мақал-мәтел жинақтау керек болды. Нәтижесінде үздік болып шыққан 7 және 9 сынып оқушыларынан құралған ІІ топ сайыстың жеңімпазы атанып, арнайы дипломдармен марапатталды.
Сайыс соңында «Алтын сандық» тапсырмасы арқылы оқушылар ұмыт болып бара жатқан ойындардың бірі «Тобық тығу» дәстүрінен мағлұмат алды.