Рақмет

  «Әй, осыған менен көп жақсылық қылған адам жоқ. Бірақ бір рақметі жоқ адам екен өзі» не болмаса «біздің жұмыс ешқашан адамдар алғыс айтпайтын  (ауызекі тілде неблагодарный) жұмыс қой, біреудің бір ауыз теріс пікірі бүкіл жұмысты жуып-шайып кетеді», «не бопты қолынан кеп тұрғанда сөзімді жерге тастап, мен де оған рақмет айтам ғой ел қатарлы» деген сияқты өкпе-ренішке толы сөздерді күнделікті тұрмыс-тіршіліктен жиі естиміз. Әйтеуір анау бір әнде айтатындай «жетісіп жүрген ешкім жоқ».
Арзымайтын рақметке бола тонын отқа тастауға пейілді, пендешілікпен «өзіне көп ала беретін» адамдар болады өзі. Мейлі ғой, дегенмен өзінің айналасына жасаған ірілі-ұсақты жақсылығын әсте ұмыта алмайтын адамдарға жай алғыс та аздық етеді-ау. Сөйтіп құрғақ қасық ауыз жыртар деп, құр рақметке кім малдана қояр дейсің деп тағы қуыстанамыз ғой. «Ойды ой бұзады». Мүмкін өзімізді құтылғанша асығатын қарыздар санап, сосын оны «алғанды кім жек көрсін» деген сондай бір жаман ішкі ойымызбен өзімізді өзіміз ақтап алып, таза адамның өзін аларман қып қойдық па кім білсін? Менің өзіме соңғы күндері ашқан жаңалығым: шығыс ойшылдарының бірінде «кісінің жақсылығына жақсылық жасауға асығу – надандық» деген сөз бар екен. Осы сөз – тап қазіргі жалпыхалықтық сыбайлас жемқорлықтың, парақорлықтың дәл диагнозы. Айтушыға – respect! Бұл адамдар бір біріне бақай есеппен жақсылық жасамасын, яғни  есеппен рақмет-сыйлық бермесін – ішкі есеппен алыс-беріс болмасын дегенді меңзесе керек. Адамдар бір-біріне сеп болып жатса, бәрінің де Құдай тағала алдында есебі бар. Жүрекпен жасалған жақсылық ең алдымен жасаушының өзіне пайда. Шын жүректен айтқан алғыс – қымбат сыйлықпен пара пар. Рас о бастан «адамнан сұрағанның екі көзі шығар, Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығар».
Адамдар бір біріне алғыс айтатын күні біз де он мыңнан астам оқырманымызға ілтипат білдіргенді жөн көрдік. Сіздерді апта сайын таң қалдыра алмасақ та, пайдалы нәрсе айта алсақ – олжа. Бізді өз ойын қағазға түсіре алатын, жазуға талапты жас буын қуантады. Әрине Google-дан көшірген дайын дүниеге емес, шынайы жазбаға назар аударамыз. Осы орайда шығармашыл оқушының талабын ұштап, уақыт бөліп, газетке беруге бағыттайтын мұғалімдерге үлкен рақмет! Әсіресе Қызылорда қаласындағы №140 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімдері жақсы жұмыс істейді. Біз бұны өзімізге жолданған хаттарға қарап айтып отырмыз. Жоғары және орта оқу орындарынан да студенттер, аудан жастары жиі электронды хат жолдап тұрады. Бәріңізге рақмет! Жазып тұрыңыздар. Сіз бен біздің шынайы байланысымыз арқылы газеттің мазмұны кеңейеді, оқылымы артады. Жазу – сізге, басу – бізге серт болсын. Бар болғаныңыз үшін, жазылғаныңыз үшін рақмет сізге, оқырман!
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

28 ақпан 2019 ж. 1 581 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031