ПРОФОРИЕНТАЦИЯ БІЗДЕ & ШЕТЕЛДЕ
Редакцияға тәжірибеден өту үшін үш қыз келген. Есімдерін ұмытып қалыппын (Әдейі жазбай отырғанымды білесіз ғой). Бірақ алғашқы танысу сәті мені қатты толғандырды.
– Қорқыт па?
– Иә (үшеуі бірге).
– Бұрын-соңды жазған материалдарың бар ма? Көрейін...
– Әлі жазбадық.
Қолымдағы келісім-шартқа қарасам, IV курс студенттері.
– Ең болмаса эссе, ойтолғау деген де жоқ па?
– Негізі біз филология факультетінің студенттеріміз.
– Түк түсінбедім. Ондай болса сендерді неге газетке жіберген?
– Біз де білмейміз. Сіз тапсырма берсеңіз, мақала жазып көрейік.
– Беруін берермін. Бірақ журналистиканың негізін оқымасаңдар, қалай жазасыңдар? Жақсы, үйретерміз. Дегенмен болашақта журналист болмайсыңдар ғой?! Сендердің миларыңды ашытып, өзімнің уақытымды құртып, қайтем?
Үшеуінде үн жоқ.
– Жақсы. Өздерің журналистикаға қызығасыңдар ма?
Ішіндегі бір қыз тележурналист болуды армандапты. Бірақ ата-анасының бағытымен мұғалім болуға бет бұрыпты. Қалған екеуі келешекте филология саласына барғысы келмейтінін айтты.
– Сонда не үшін түстіңдер? Әлде грантта оқисыңдар ма?
Күлгендеріне қарағанда ақылы бөлімде.
– Біз оқуға тапсырған уақытта қабылдау бөлімінде отырғандар келешекте мұғалім бола аласыңдар деген. Бірақ бізге оның әдістемесі тереңінен үйретілген жоқ. Қазір олардың айтуынша, магистратураны педагогика бойынша бітіргенде ғана мұғалім бола аламыз.
– Сонда бітіргенде немен айналысасыңдар?
Біреуі үнсіз екі иығын көтерді. Қалғаны осы туралы жиі ойланып жүргендей әсер қалдырды.
– Білмейміз. Архивте, көбіне құжаттарға қатысты салада жұмыс істеуге болады дейді.
– Дейді? Кім? Сонда өздерің не қалайтындарыңды білмейсіңдер ме?
Сұрағым жауапсыз қалды.
Айта кету керек, 3 апта ішінде үшеуі де намысқа тырысып, материал жазып шықты (әрине біраз өңдеуді қажет етті). Бірақ бәрібір олардың келешекке деген сенімсіздігі біраз мәселенің басын ашып берді. Соның ішінде негізгісі – жастар арасындағы профориентация. Яғни мамандық таңдау мәселесі.
Егер дастарқан басында мамандық таңдау туралы тақырып жиі қозғалса, сол үйде 11 сынып оқушысы бар екенін табу қиын емес. Міне, басты қателік қай жерде жатыр. Көбі баланың болашақта қай салаға баратынын ҰБТ-да пән таңдау керек уақыт жақындағанда ғана ойланады. Ал оған дейін ата-ана «балам не нәрсеге қызығады» деп көп бас ауыртпайды. Дәл қазір өзіңіз ойланыңызшы. Соңғы рет қашан баланы қасыңызға отырғызып, ең болмағанда, 15 минут уақыт бөлдіңіз? Оның арманы қандай? Қайда оқығысы келеді? Кім болғысы келеді? Соңғы рет қашан сұрадыңыз?
Негізі профориентация – мемлекеттік деңгейде жүргізілуі тиіс шара. Біздің елде әзірге жеке орталықтар ғана жұмыс істейді. Оның өзінде Алматы мен Астанада ғана. Бірақ өзге қалада, тіпті ауыл-аймақта болсаңыз да жас қазақстандық ғалымдардың арқасында мәселе шешімін тапты (егер болашағыңыз үшін 5000 теңге қисаңыз). Бірақ ол туралы кейінірек айтайын. Алдымен жағдайымыз қаншалықты мүшкіл екенін сезіну үшін шетелдегі профориентация қалай жолға қойылғанын қарастырайық. Шетелде мамандық таңдауға жәрдемдесетін 3 әдіс кеңінен таралған. Ол жақта біздегідей тест алумен шектелмейді.
- Тақырыптық орталықтар
- Ең танымалын 1955 жылы Уолт Дисней ашты. Ол Disneyland саябағында мультфильмдегі кейіпкерлерінің сиқырлы әлеміне жан бітірді. Кейін Disney компаниясы Epcot паркін ашты. Бұл парк үлкен қала іспеттес еді. Олар көңіл-көтеру (entertainment) орталығы мен білім аймағын (education) біріктіріп, edutainment бағытын ойлап тапты. Уақыт өте бұл жоба сәл өзгеріске ұшырап, енді тек қала емес мамандықтар қаласы Kidzania болып 1999 жылы Мексикада ашылды. Бүгінде әлем бойынша 25 қалада осындай құрылымдағы саябақ жұмыс істейді (ішінде біз жоқпыз).
- Kidzania – дүкен, зауыт, аурухана, корпорация мен университеттері бар қала. Онда бала кез келген мамандық бойынша жұмыс істеуге, ақша табуға, оны жаратуға, мансап құруға мүмкіндік алады (әрине ойын түрінде). Кішкентайымызда көрші қыздармен «сен дүкенші, мен сатып алушы боламын» деп ойнайтын едік ғой. Дәл сондай. Бірақ ауқымы өте кең.
- Тағылымдама
Түрі көп. Ақылы және ақысыз болып бөлінеді. Егер ағылшыншаңыз жеткілікті дәрежеде болса, көптеген ел тегін тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасап қойған. Ал оқушылар үшін бұл әдіс түрлі салада қамтылған. Мәселен, оқушы үшін шетелде тағылымдамадан өтуге танымал орындар мұражай, хайуанаттар бағы және БҰҰ жобалары.
- Еріктілер
Тағылымдамаға қарағанда еріктілер жұмысы әлеуметтік, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған және көбінде ақысыз түрде жүзеге асады.
Франция
Алдымен бұл елде профориентация бағыты бойынша маман даярлайтын оқу орындарына тоқталайық: Бордо қаласындағы психологиялық-әлеуметтік зерттеу институты, Париждегі еңбек және кәсіби бағдар беруді зерттеу институты, Лилль қаласындағы аймақтық профориентация институты, Адам биометриясын зерттейтін Марсельдік институт. Бір, екі, үш, төрт. Осы саланың қыр-сырын үйрететін 4 институт жұмыс істеп тұр. Ал бізде ше? Тұтас институтты сұрамаймыз. Факультет бар ма осы салада оқытатын?
Франциядағы алғашқы профориентациялық қызмет XX ғасырдың 20-сыншы жылдары «Оқушылар мен ересектерге кәсіби бағдар беру туралы заң» шыққан сәттен басталды. Оқушы мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, мұғалім ол туралы ақпарат жинайтын құжаттама (досье) ашады. Баланың қабілеті мен қандай мамандыққа қызығатыны туралы жазып отырады. Бұл ақпарат міндетті түрде ата-анасына таныстырылып, ары қарай ата-анамен де, баламен де профориентациялық орталық мамандары жұмыс істейді. Соңғы шешімді бала өзі қабылдайды. Себебі ол мамандық бойынша болашақта оның ата-анасы не мұғалімі емес, өзі жұмыс істейді.
Жапония
Бұл ел кәсіби бағдар беру Асия университетінің ректоры профессор Фукуяманың ойлап тапқан ғылыми әдісіне негізделген. Атауы – F-тест (Fukuyama). Ол келешек мамандық таңдауда үш фактордың маңызы зор дейді: өзіңді зерттеу, мамандықты зерттеу және кәсіби сынақ. Әр жылда 7-9 сынып оқушылары 16 түрлі салада бақ сынайды. Мәселен, ауыл шараушылығы, ғылым, педагогика, кәсіп т.б. Осылайша үш жыл ішінде әр бала 48 түрлі саланы ішінара зерттейді. Нәтижесінде оқушы алған тәжірибесін анықтайтын тест тапсырады. Сондай-ақ оларды бақылаған мұғалімдері де баға береді. Екі бағалау тестінің нәтижесі салыстырылып, баланың жеке бағалау индексі көрсетіледі. Осы индекске сәйкес ары қарай оқу бағдарламасы ұсынылады.
Финляндия
Егер бала тоғызыншы сынып бітіріп, әлі де өзінің қай салаға барғысы келетінін білмесе, мектеп тағы бір жыл уақыт береді. Осы жыл ішінде ол баламен кәсіби кеңесшілер жұмыс істейді. Бұл елде 7 сыныптан бастап профориентациялық курстар өтеді. Курс негізінде әр оқушы міндетті түрде 1-3 апта өзі қалаған салада жұмыс істеп көреді. 8 сыныпта мансап құру туралы сұрақтар, 9 сыныпта түрлі мекемелердің кадр қызметкерлерімен байланыс орнатылады. Жүйенің нәтижелі жұмысына білім министрлігі жауапты.
Қазақстан
Өкінішке қарай, кәсіби бағдар беру жұмысы мемлекеттік деңгейде көтерілген жоқ. Түлектердің дені диплом үшін, ағайын-туыстан ұят болмасын деп немесе ата-анасының қол жеткізе алмаған арманын жүзеге асыру үшін өзі өмірден не қалайтынын білмей, оқуға түсіп жатыр. Оқу орындары да әзірге сапалы маман даярлауға мүдделі емес. Ақылы бөлімде бала саны жеткілікті. Жыл сайын несие алып, ата-анасы оқу ақысын төлеп жатыр. Сосын әр жылда жоғарыда айтылған үш қыз секілді қай салада жұмыс істейтіндерін білмей, өзіне сенімсіз мыңдаған жас оқуды бітіріп жатыр. Оқытқан өзің, жұмысты да сен тауып бер деп ата-анасына қарап отыр немесе дипломды сандыққа салып, сатушы болып (оның өзінде табылса) жұмысқа тұрып жатыр. Бала күнгі арманы, мектеп кездегі қызығушылығы тіпті есінде де жоқ.
Десе де күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Бұл бағытта алға жылжу бар. «Профориентация, анализ және қажетті мамандықтарды болжаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі» деп аталатын жоба 2017 жылы қосылып, Әлемдік банктің «Нәтижелі инновацияларды ынталандыру» грантын жеңіп алды. Жоба авторы Асланбек Жакуповтың айтуынша, bagdar.kz сайты 5-8 және 9-10 сынып оқушыларына ғана емес, саласын өзгерткісі келетін ересектерге де арналған. Сайтқа кіріп, тіркелесіз. Сіз туралы ақпарат жинауына рұқсат бересіз. Сосын кәсіби бағдар беретін тест тапсырып, нәтижесіне қарай шешім қабылдайсыз. Маңыздысы, сіз туралы ақпарат базада сақталады. Алдағы уақытта сайт бос жұмыс орындары, сізді қызықтырған мамандықтар туралы ақпарат беріп отырады. Ғаламтор болса, тесттен кез келген уақытта өтуге болады. Құны – 5000 теңге. Ішінде бүкіл республиканың мектептері, ауданы, аймағы толық қамтылған. 2018 жылы тест қызметін 6000-ға жуық адам қолданған. Осы жылы жоба авторлары ұялы телефонға арналған бағдарлама ашуды көздепті.
Әлі де мектеп жасындағы баланың арман-мақсатымен, оның мүддесін өзінен жоғары қою тиіс ата-ана психологиясымен, елге қажет мамандықтар тізімімен, ол мамандықты оқыту сапасымен істелетін жұмыс көп. Әзірше осы бір сайтқа қанағат делік.
Әсел БЕГМАН