Емханадан емханаға жүгіру
Бұрын-сонды желілік маркетингке адам тіркегенді естідік. Оған таныс болсын, туыс болсын төлқұжаты арқылы кез келген уақытта тіркей алады. Ол енді адам жинау үшін жасалады. Бүгінде емханалар адамды осылайша жинайды екен.
– Маған төлқұжатыңды жіберші...
– Жайша?
– Емханаға тіркеп, кейін шығарып жіберемін.
– Түсінбедім...
– Үйіңдегілердің де құжатын бере салшы, оларды да тіркейін...
Бұл осыдан үш жыл бұрын танысымның айтқан өтініші. Ол кезде мән бермедім, бірақ ешқандай құжат жібергенім жоқ.
Емханада әрлі-берлі сандалып жүргеніме бір аптадан асты. Емханаға бара қалсаңыз, осылай болатыны белгілі ғой. Алайда "тіркеуде жоқ" болып шығуды күтпегенмін. Қалалық №6 емханада қаралып жүргеніме биыл – 28 жыл. Соңғы екі жылда баруға қажеттілік туындамаған. Жақында денсаулығым сыр беріп, дәрігерге жүгіндім. Алдымен ауылдағы аймақтық дәрігерге жіберді. Сосын қайтара қалаға, қайтып ауылға... Мәнін кейін түсіндім. Сөйтсем №2 қалалық емханада тіркеуде тұрған болып шықтым. Аталмыш емханаға көрінбек түгілі табалдырығын аттаған емеспін. Сонда бұл қалай болғаны...
Емханаға тіркелу қалай жүргізіледі. Заң бойынша кез келген адам өзінің қалаған емханасына тіркелуге құқылы. Ол үшін өтініш толтыру керек. Аты-жөні, ЖСН номері бәрі болу керек. Сондай-ақ міндетті түрде қол қойылуы тиіс. Егер өтініш толтырмасаңыз, қол қоймасаңыз, ешкім сізді сырттан тіркеп жібере алмайды-мыс. Бұл туралы №6 қалалық емхананың қызметкерлері түсіндірді. Айтуынша, емхана ауыстыру адамның рұқсатымен ғана жүзеге асады.
Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Жұмысқа қабылданар кезде №86 анықтамасын алу үшін №3 емханаға бардым. Қызметкерлері базадан қарап, тіркеуде жоқ екенімді айтты. Анықтай келе "Достар мед" клиникасында тіркеуде тұрғанымды білдім. "Менің рұқсатымсыз бұл қалай болды" деген сауал туындады. Уақыт тығыз болғандықтан, амалсыздан "Достар мед" клиникасына бардым. Ол жақта флюрографияға түсіретін аппарат жоқ екен. Ол үшін облыстық кеңес беру орталығына жіберді. Ақылы түрде түсуіме тура келді.
Бұл біз білетін бір ғана адам. Емханада тіркеуде жоқ екенін кеш білген адамдар көп екен. Менімен бірге емханада кезекте тұрған келіншек те өзін сырттай тіркеп жібергенін кеш білген.
Қазақстанда азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру енгізілген. Жұмыс берушілер қызметкерлерінің жалақысының 1,5%-ын қазынаға аударады, сөйтіп ол елдегі медициналық қызметтерді тегін пайдалана алады. Бұл заңды 2017 жылы Жансейіт Түймебаев халыққа түсіндірді. Ол халықтан "есепке тіркеліп, салық төлеп жатырсыз ба" деп сұрады және "әлеуметтік сақтандыруға есепке тұрмаса, ешқандай емхана қабылдамайтынын, ешкім емдемейтінін атап өтті. Бір кісі өзін қарапайым жұмысшымын деп таныстырды. Сондай-ақ "бізді бұрыннан да ешкім емдемейді" деп жауап берді. Бұл бейнежазба әлеуметтік желіге жүктеліп, халық түрлі пікір білдірді. Сонда біз де "ешкім емдемейдінің" кебін киіп жүруіміз керек пе? Емханаға адам ауырған кезде барады. Сырқаттанып тұрған адамның ана есіктен мына есікке баруға мүлдем зауқы соқпайды. Оның үстіне кезек күтіп, көп уақытыңызды жоғалтарыңыз анық.
Емханаға қайтара тіркелу үшін бөлім меңгерушісі, аумақтық дәрігер, аумақтық аяжанға бару керек екен. Сондай-ақ электронды кілттің паролі керек. Егер ол болмаса ат терлетіп ЦОН-ға баруға тура келеді. Сосын емханаға қайтара тіркелесіз. Бір маршрут парағынан өтудің өзі қиынға соғады. Маршрут парағынан өтіп, дәрігерге қараламын дегенше ауруымыздан сауығып кететін түріміз бар...
Мөлдір САБЫРЖАН