ДЕНСАУЛЫҚҚА КЕЛГЕНДЕ – КЕДЕЙМІЗ
Сіз қашан медициналық тексеруден өттіңіз? Мектептің, жоғарғы оқу орнының, жұмыс істеп жатқан мекеменің талабымен емес, денсаулығыңызға жанашырлық танытып, өз еркіңізбен медициналық тексеруден өттіңіз бе? Әлде «жаманшылық шақырып, дәрігерге себепсіз барғаны несі» деген қазақтың қанына сіңген пайдасыз қағиданың жетегінде жүрсіз бе? Бұл қағиданы негізсіз деуге ғылыми зерттелген тұжырым негіз бола алады. Адам ағзасындағы кез келген дерттің бары неғұрлым ерте анықталса, науқасты емдеп жазу мүмкіндігі 90 пайыз.
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, мемлекет азаматы әр бес жыл сайын терапевтің, электрокардиограмма, биохимиялық зерттеу, холестерин мен триглицеридтің деңгейін, қандағы қанттың құрамын анықтайтын тексерістен өтуі міндетті. Барлық көрсетілген зерттеулер қан айналым жүйесіндегі ауруларды табу мақсатында жүргізіледі. Себебі дәрігерлердің айтуынша, еліміздегі өлім көрсеткіші бойынша ең жоғарғы дерттің бірі – қан қысымының көтерілуі. Сондай-ақ, әйелдер маммография, яғни сүт безінің рентгені, кеңейтілген кольпоскопия (жатыр мойнын зерттеу) және гинеколог дәрігерге көрінуі керек. Өйткені әйелдер арасында бұл аурулар жас шамасына қарамастан, өлім қаупі бойынша бірінші орында тұр.
Жоғарыда айтылған кодексте: «Скринингтік медициналық тексерулерді өту міндетті, өйткені бұл іс-шаралардың мемлекеттік маңызы бар, әрі мемлекет есебінен қаржыландырылады» делінген. Бұл медициналық мекемеге жүгінгендерге үлкен қолдау. Дегенмен, халықты медициналық тексерістен өтуге міндеттемес бұрын, сол тексерудің өту деңгейіне назар аударған жөн. Себебі барлығына тиімді нақты жүйе болмағандықтан, емханадағы күнделікті көрініс – ұзын-сонар кезек, шаршаған дәрігер, сапасыз жұмыс, дәрігердің біліктілігіне сенімсіздік танытқан халық.
Халық арасында «емханада қан алу кезінде түрлі жұқпалы ауруға шалдығады» деген қорқыныш қалыптасқан. Ол негізсіз де емес. Сондықтан көбі ақылы, әрі жеке емханадан тексерілгенді жөн көреді. Мұның өзі мемлекеттік емхана жұмысының деңгейін айқындайды. Ал қаражаты жетпейтіндер күні бойы ауырса да амалсыз кезекте отырады, оқушы мен студенттің шуынан шаршаған дәрігердің қас- қабағына қарайды.
Жыл сайын мектеп оқушылары, студенттер медициналық тексеруден өтеді. «Өтеді» деген жай сөз ғана. Себебі емханаға келген жастар қауіпті дерттің алдын-алу шарасы туралы мағлұмат алып, дәрігерге көріну үшін емес, бір жапырақ қағазға «өтті» деген мөр басу үшін келгендей. Бұл көрініске дәрігер де үйренген. Алдында тұрған бір топтың әрқайсысына көңіл бөліп, денсаулығын тексерудің орнына, парақтарды жинап алып, мөрін басып береді. Егер сол топтың ішінде біреу қауіпті дертке шалдықса кім кінәлі? Өз денсаулығына салғырт қараған адам ба, әлде өз жұмысын сапасыз істеген дәрігер ме? Мәселенің түйіні осы екі буынның жауапкершілігі артқан кезде ғана шешілмек.
Медицинасы әлемді мойындатқан елдерде мемлекеттік емхана ұғымы мүлде жоқ. Емхананың барлығы жеке кәсіпкерлер еншісінде. Мамандарды жұмысқа қабылдаған кезде де, алдымен біліміне, біліктілігіне, тәжірибесіне назар аударады. Әрбір науқасқа сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Себебі жеке кәсібінің абыройын арттырып, беделін биіктету үшін кез келген мекеме нәтижелі жұмыс істеуге талпынады. Бәлкім елімізде енді дамыған мемлекеттік-жеке әріптестік бизнес жоспарына емхананы да енгізген дұрыс болар? Онсызда халықтың көбі ақылы емханада емделеді. Осы ұсыныс қолға алынса, білікті дәрігердің көмегімен дертінен айыққан науқасқа да, жалақысы жоғарылаған дәрігерге де, кәсібін жүргізген кәсіпкерге де, салығы көбейген мемлекетке де тиімді болар еді.
Әсел БЕГМАН