Шебер қыз
Сонау жаугершілік заманда, одан бергі сұрапыл кезеңдерде ерлер ел қорғап, қан кешіп жүрген кезде нәзік жандар екі қолға бір күрек алып, ер адамның тірлігімен айналысты. "Әйелдің қырық жаны бар" деп тегіннен тегін айтылмаса керек. Ердің жұмысы демей, кесе көлденең шыққан қиыншылыққа мойынұсынбай жеңілді де, ауырды да қатар алып жүретін әйел жаратылысының жаны сірі. Егемен ел болғалы тыныс-тіршілігіміз жақсарып, бетіміз бері қарады. Осы тұста қазақ қыздары қандай да бір мәжбүрліктен емес, өз еркімен түрлі салада икеміне қарай тірлік жасай бастағанын айта кету керек. Соның бірі қазалылық – Гүлжан Кеулімжаева.
Ол шеберханасында ағаштан тұрмыстық заттар даярлап, көптің көңілінен шығып жүр. Оның үстіне қазір қолөнершілерге сұраныс артуда. Халық салт-дәстүрін жандандырып, үйінің төріне домбыра іліп, келген қонаққа ағаштан ойылып жасаған тостаған, ағаш қасық, астау секілді ұлттық нақыштағы ыдыстармен дәм ұсынады. Тіпті айтулы күндерде туысқандар мен тамыр-таныстарға сыйлап та жатады. Міне, осындай дүниені ол өз қолымен жасайды.
– Мектеп бітірген соң 2006 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Алайда елге келген соң тарих пәні мұғалімі деген дипломым бойынша жұмыс таппадым. Бірнеше жыл сауда жасап көрдім. Бұл ісімнен де ештеңе шықпады. Тағы біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалдым. Соңында әкемнің қолөнер бұйымдарын жасайтын жеке шеберханасына келдім. Ол өзіміздің шарбақтың ішінен ашылған. Сонда әкеме көмектесіп жүріп, сандық-кебеже, бесік тіпті үстел сияқты дүниелерді істеп көрдім. Содан қызығушылығым арта түсті. Осыдан 4 жыл бұрын жұмысымызды жеңілдету үшін түрлі станоктар алдық. Қазіргі таңда өзіміз жасаған дүниелерді сатып, жинаған тәжірибенің жемісін көріп отырмын, – дейді Гүлжан.
Бұны күні бүгінге дейін күн көріс қамы үшін жасаған. Алайда ол осылайша қолөнермен айналысып кетемін деп ойламаған еді. Арада біршама жыл өтіп, өз ісіне ынтасы ауып, түбегейлі айналысуға бел буады. Бастапқыда әкесі Ерболдан қажетті ағашты қайдан алу қажет, қандай ағаш алу керек деп жиі сұрағанмен қазір білікті ұстаға айналған. Барлығын өзі таңдайды. Әкесі жоқ болса, жұмыс тоқтап қалмақ емес. Қай нәрсенің де жасалу жолын бес саусақтай біледі. Қасында көмекші інісі Айбек бар. Жалпы, аудан орталығына ағаш түрлері аз келетіндіктен бұйымдарды көбіне қара ағаштан жасап шығарады екен. "Бір жағынан, қара ағаштың табиғи түсі өте әдемі, әрі қалаған формаға келе береді. Оның үстіне қоңыр түс басқаға қарағанда тартымды болып көрінеді", – дейді шебер қыз.
Ал, тұрмыстық бұйымдардың жасалу жолы өте ерекше. Ол көп заттарын дымқыл ағаштан жасап шығарады. Ағашты асқан сақтықпен, икемдеп отырып кептірмесе істің еш кетуі бек мүмкін. Себебі, онсыз заттың формасы бұзылып кетеді. Бұл – осындай ерекше ыждағаттылықты талап ететін еңбек. Дымқыл ағаштан бір күнде шағын 7-8 бұйым жасаса, әбден кепкен, қатты ағаштан кесе тостаған т.б. бірнеше бұйым жасай алады. Жалпы, тұрғындар тарапынан аяқ-табақтардан бөлек бесік, домбыра сияқты күнделікті қолданыстағы заттарға тапсырыс жиі түседі. Енді ол мемлекет тарапынан қолдау болса, несие алып, әкесі екеуінің шеберханасын кеңейтуді армандап жүр.
Міне, «қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» деген осы. Тірлігінен береке тапқан Гүлжан бұл күндері пайдасынан бөлек ұлттық дәстүрдің жаңарып, жандануына ерекше үлес қосуда. Осылайша ата кәсіпті дөңгелетіп табыс тапқан шеберге біз де табыс тіледік.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ