» » ДОМБЫРАНЫ САПАСЫЗ ЖАСАСАҢ, ҚАСИЕТІҢ ҚАЛМАЙДЫ

ДОМБЫРАНЫ САПАСЫЗ ЖАСАСАҢ, ҚАСИЕТІҢ ҚАЛМАЙДЫ

Оспанхан Мұсаев, ағаш шебері:
Оспанхан Маханбетұлымен  «Қобыз үні» атты ұлттық көрмеде таныстым. Менің қуанғаным, көрмеде жүріп тамыры терең аспаптар – домбыра мен қобызды  дәріптеуші келе жатқан Оспанхан Мұсаев секілді алтын қол  жандардың молайып келе жатқаны еді. Ағаш шеберімен аз-кем тілдестік.
Аға, алдымен оқырманға түсінікті болу үшін өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?
Мен  Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылында 1975  жылы  дүниеге келдім, осында мектепте оқып, 1992 жылы бітіріп шықтым. Үш жыл қой бағып, даланың аңызағына төзіп, еңбекке шыңдалдым. 1995 жылы  Қызылорда мемлекеттік университетіне түсіп, жоғары білім алдым. 2000 жылдан бері өз ауылымдағы №161 «Ынтымақ» орта мектебінде технология пәнінің мұғалімі болып қызмет істеп келем. Алтын асықтай үш ұлды жұбайым Мейрамгүл екеуміз тәрбиелеп отырған жайымыз бар.
Әңгімеміздің желісін негізгі тақырыпқа бұрсақ.  Қазақтың өз аспабы, төл мұрасы домбыра жасауды қай кезден бастап қолға алдыңыз?
Дұрыс айтасың, домбыраны қазақсыз, қазақты домбырасыз елестету мүмкін емес. Домбыра жасауға деген құштарлық маған қанмен келген шығар. Олай дейтінім, атам Артай Мұсаұлы  елге белгілі ұста әрі саяткер кісі болған. Тазы жүгіртіп, құс салған. Ол кісінің қолынан шыққан ер-тұрман, түлкі, қасқыр терісінен илеп тіккен тымақ, ішіктері елдің есінде. Өз әкем Маханбет ер шауып, домбыра жасаумен елге белгілі болған кісі. Қанмен келген қасиет деп отырғаным осы.  Не нәрседе тегіне тартпай тұрмайды емес пе? Мен де осы шаңырақтағы ұсталық, шеберлік ауылынан алыс кетпедім. Үкіметтің бағдарламасымен қайтарымсыз несие алып, отбасылық бизнес құрдық. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Табысы көл-көсір болмағанмен, өз еңбегіміз ақталып жатыр. Ең жақсысы, қазір ұлттық аспапқа деген ұмтылыс жастар арасында көптеп байқалады. Соған қуанамын.
Бүгінде ұлттық аспапты жасаушы шеберлер азайып барады деген пікір жиі айтылады. Бұған не дейсіз?
Өзің көріп отырғандай, бүгінгі көрмені қарап, мен олай демес едім.  Себебі қазақ бар жерде, домбыра да, қобыз да бар. Оны жасаушылар да жетіп артылады. Үйретсең, домбыраны кез келген адам жасай алады. Бірақ екінің бірі домбыраны сөйлете алмайды. Алыс-жақын шетел көрмелеріне қатысып жүрмін, ұлт аспаптарын жасаушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Яғни, бәсеке бар. Бәсеке бар жерде сапа да арта түседі.
Ұлт аспаптарын жасауда барысында қандай ағаш түрін пайдаланады? Сапасы қалай болмақ.  Естуімше, кез келген ағаш түрі жарамайды.  Солай емес пе?
Домбыраны кез келген,  бірақ қатты ағаш түрінен жасауға болады. Ал үні оның бет тақтайына байланысты, оны шыршадан жасаймыз. Негізінен қара ағаш, өрік, жиде, жаңғақ сияқты ағаш түрлерін қолданып келемін. Бұдан өзге қарағайдан жасалған домбыра  үні ерекше, әуезді болады. Егер домыраны сапасыз жасасаң қадір-қасиетің қалмайды. Сондықтан өзіме де, шәкірттеріме  қатаң талап коямын. Сонда ғана сапалы дүние жарқырап көрінеді.
Шәкірт демекші, өкшеңізді басып келе жатқан ізбасарларыңыз бар шығар
Басында айтып өткенімдей, бұлбіздің атадан балаға беріліп келе жатқан отбасымыздағы ұсталық өнер. «Ұяда не көрсен, ұшқанда соны ілесің» демей ме, шүкір, ұлдарымның  қызығушылығы басым. Білген-көргенімді осыларға үйретіп жүрмін. Әрі бұл салада інім Бауыржан да көмектеседі. Ол да домбыра жасаудың қыр-сырын жетік меңгерген.
Ұлттық өнер, рухани құндылықтар жаңғырту жолында көптеген игі істер атқарылып жатыр. Ұлттық мұраны ұлықтау жолында сіздің пікіріңіз қандай?
Оның рас, атқарылған шара көп. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде,  әлемдік ЭКСПО-2017 көрмесінде әлем жұртшылығы алдында жасаған бұйымдарымыз жоғары бағаланды. Еліміздің түпкір-түпкірінде, өз облысымызда да ұлт мұрасын сақтау, насихаттау, дәріптеу шаралары жылда-жылға кең қанат жайып келеді. Тағы бір айта кететін жайт, ұлттық өнердің мұртын бұзбай ұрпаққа жеткізу үшін мемлекет тарапынан қамқорлық үзілмесе деген тілек бар. Өйткені домбыра мен қобыз – қазақпен  жасасып, қайғы-қуанышын бөлісіп келе жатқан аспап. Әр қазақ шаңырағының төрінде осы төл мұрамыз ілініп тұрса деп армандаймын.
Сұқбаттасқан: Ержан Бекмырзаұлы
21 наурыз 2018 ж. 1 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031