МЕРЕКЕ МЕН MAKE-UP
Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр елінде нағыз әйел затына тән ибаны байқаймыз. Бірақ ер мінезімен елден ерекшеленетін, батылдық жігер де, білек күші де, әйелдік болмыс та бір жанның бойынан табылатын қыз-келіншек кем де кем айтылады. Мереке Құдайбергенова, міне, осындай дер едік. Жаңақорғанның жалынды қызы, Түгіскеннің талантты спортшысы Мереке Құдайбергенованың мерейі көпке таныс. Жастайынан қой бағып, атқа мініп, ұлдармен жарысып өскен.
– Мен жаспын, қыздардай нәзіктігім де шамалылау, бала кезден қиындыққа, ауыр жұмысқа шыңдалғанмын. Жұмысымды ашық аспан астында, ойнап-күліп жүріп-ақ атқаратынмын. Ауыл балаларымен күреске жазылдым. Гүлжан Жұманова бапкерімнен осы спорттың қыр-сырын үйрендім. Спортшы болған соң өзге қыздар секілді майысып тұру қайда?! Жаттығудан келіп, ата-анама қолғабыс боламын. Негізі үйдің ішкі шаруасынан гөрі сырттағысын жақсы көремін. Жер үйдің тіршілігі бітпейді ғой балға ұрасың, жер қазасың. Ол маған үйреншікті нәрсе болып кетті, – дейді Мереке.
Уақыт өте Мереке ер жігіттердің жанында жүріп, автокөлік жүргізуді үйренеді. Көлік басқару тәжірибесін ресейлік тұлпардан бастапты. Шетелдің көліктері тәрізді автоматтандырылған жүйеде емес, механикаландыру жүйесіндегі көлікті бірден меңгеріп кету оңайға соқпады дейді. Бірақ осының арқасында кез келген көлікті еркін жүргізе беретін көрінеді. Ара-тұра ауыл мен Жаңақорғанның арасына қатынайды екен.
Мерекені көпшілік қыздардың жұмысына ортақтасады деп ойламады. Иә, табиғи жаратылысы ер мінезді болған соң make-up-ты қолға алады деп кім ойлаған. Қысқасы, қайсар қыз трендтегі кәсіпті ауылына әкеледі. Ауылдағы ағайын той-томалақ үшін аудан орталығына сандалмасын деп сән-салонын ашады. Спорттан қолы қалт етсе құрбысы Гүлнараның шеберлік сабағына қатысып, бет әрлеуді, кірпік жабыстыруды бір айдың ішінде меңгереді.
– Шыны керек, нәзік жандардың жұмысы ұнамайды. Бірақ осы кәсіпке көңіл ауып, үйренуге тура келді. Спорттан тыс хоббиім десем де болады. Оның үстіне ауылдың қыз-келіншектері алысқа барып, шығындалмаса екен дедім. Мықты мастер болмасам да "ай қабақ, алтын кірпік" етіп шығаруға тырысамын, – дейді Мереке Құдайбергенова.
Ерасыл Шәрібек