Отбасы – ұлттың тірегі
15 мамыр – халықаралық отбасы күні
Бұл мереке 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында бекітілген. Негізгі мақсаты – отбасындағы түрлі мәселеге қоғам назарын аудару. 1994 жылдан бері жыл сайын аталып өтеді. Дәл осындай төл мереке бізде де бар. 2013 жылы Президент Н.Назарбаевтың жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленген.
«Отан отбасынан басталады». Жетімі мен жесірі болмаған қоғам бақытты қашанда. Отбасы да берік. Тәуке ханның тұсында жетім болмаған, жесір қаңғымаған «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» сондай заман болған деседі. Қазір ше?
«Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп шеше болмас». Дәстүрлі қазақ отбасындағы әке мен шешенің орны қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әке балаға – сыншы болса, шеше қызына – үлгі. Мал табу – азаматтың міндеті болса, үйдің ұйытқысы болу – әйелдің парызы. Бірақ кешегі Совет өкіметі тұсында түрлі желеумен, жасанды ұранмен әйелдің теңдігі ту етілді. Қоғамдық қызметке тартылды. Жұмысқа жегілді. Сөйтіп, бала табу да, мал табу да әйелге жүктелді. Мал табу жолында алысқанмен алыса, жұлысқанмен жұлыса жүріп, көп әйел өзінің әу бастағы нәзіктігін, әлсіздігін жоғалтты. Еркекпен тең түсетін, кей жағдайда асып түсетін болды. Мал тауып, мансап қуамын деп жүріп, отбасынан алшақтап кетті. Бала тәрбиесі уысынан шығып қалды. Шеше емес, көше тәрбиелеген бала көбейді. Шаңырақ шайқалды. Ажырасу көбейді.
Белгілі саясаткер Амангелді Айталы Ақтөбеге барған сапарында: «Маған бір мектептің директоры: «Менің оқушыларымның 45 пайызының əкесі жоқ, ажырасқан отбасынан. Ол балалардың психологиясы əке-шешесі бар баланың отбасындай тұрақты емес. Менің мұғалімдерімнің дені – əйелдер. Оның 40 пайызы байынан айырылған. Анау да жынды əкесі жоқ, мынау да жынды байы жоқ. Сыныпта шарт-шұрт талас» деп айтты. Бұл – шындық» деген еді. Иә, ащы да болса, бүгінгі қоғамның ақиқаты осы.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды». Чех педагогы Ян Коменскийдің сөзі. Рас, балға ұстап, шеге қағу, отын жару, ат ерттеп міну, жүйрік жарату, құс баптау... секілді сырттың шаруасы ер азаматқа тән. Осыны көріп өскен бала әкеге қарап бой түзейді. Оның бойындағы өжеттілік, табандылық, жауапкершілік, мәрттік қасиеттері әке арқылы «жұғады». Ал ақ бесікке таяна отырып, сәбиіне арнаған арман-тілегін әлдиімен сіңірген ананың шексіз махаббаты мен мейірімін ешкім, ешнәрсе алмастыра алмайды. Әке беретін тәрбиені шеше, ал шеше беретін тәрбиені әке ешуақытта бермек емес. Бірінің орнын бірі толтыра алмайды. Бұл табиғаттың бұлжымас заңдылығы. Бүгінде сол заңдылық бұзылды. Отбасындағы тәрбиенің буыны босап кетті. Тәрбие сөзбен емес, іспен берілуі тиіс-ті. Бұл психологтардың пайымы. Мұны қазақ әу бастан-ақ «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп бір ауыз сөзбен жеткізген.
«Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік». Өткен ғасырдағы Әуезовтің өсиеті. Елге, жерге, ұлтқа деген сүйіспеншілік, алдымен осы отбасында қалыптасады. Бірлік пен берекенің, ерлік пен өрліктің те тамыр алар түп қазығы осында. Олай болса, отбасы – ұлттың тірегі, мемлекеттің діңгегі. Діңгек мықты болса – мемлекет мығым.
Құралай РАХЫМБАЙ